Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір секундта есептей алатын қызылордалық «калькулятор» бала қабілетімен таңғалдырды (видео)

Қызылорда облысы Жалағаш кентінде Шәріпхан Бекетов есімді «калькулятор» бала тұрады. Оның ерекше жылдамдықпен күрделі математикалық есептерді шығаратын қабілеті қайран қалдырады.

 20170515224514

Абакус тәсілі арқылы арифметиканың төрт амалын жете меңгерген Шәріпхан №31 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы. Оның менталды арифметиканы арнайы үйреніп жүргеніне не бәрі 3 жыл ғана болды. Соған қарамастан жетістіктері көп, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Мәселен, өткен жылы Алматы қаласындағы «ISMA-KAZAKHSTAN» менталды арифметика мектебінің ұйымдастыруымен өткен ІІ Республикалық Олимпиаданың Junior 4 деңгейі бойынша І орынды жеңіп алған. Шәріпхан сол мақсатына жетіп, жуырда ғана Алматы қаласында өткен «ISMA-KAZAKHSTAN» І Халықаралық Олимпиадасының 5-ші деңгейінде бақ сынап, «Гран При» иегері атанды. БАӘ, Ресей, Болгария, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан секілді 6 мемлекеттен қатысқан ойлылар бәсекесінде 956 қатысушының ішінен дара шыққан Шәріпхан Бақытжанұлы осы жылдың желтоқсан айында ОАР-дың (Оңтүстік Африка Республикасы) Иоханнесбург қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды.

«Менің мақсатым – менталды арифметиканың 10 деңгейінен де алдыңғы қатардан көрініп, Халықаралық Олимпиадаларда жүлде алып, еліміздің мерейін асыру. Қазір менталды арифметиканың алтыншы деңгейін тәмамдадым. Өскенде архитектор болғым келеді. Астана сияқты қалалардың сәулетін жасаймын», – дейді зерек бала.

Қазірде Шәріпхан Қызылорда қаласындағы «JUNIOR CLUB» арнайы менталды арифеметика мектебінен қосымша білім алады. Ол жақтағы жетекшісі Ирина Ногай Шәріпханның жетістігімен мақтанады және озық ойлы шәкіртінің алдағы әлемдік бәсекеде де топ жаратынына кәміл сенеді. Ал әкесі Бақытжан Сәдуақасов баласының болашағынан зор үміт күтеді.

“Балам санаулы секундтың ішінде екі таңбалы, үш таңбалы, төрт таңбалы сандарды ойша қосып, көбейтіп, бөле алады. Ойын баласы ғой, дегенмен мұғалімдерінің тапсырмаларын, есептерін шығаруға келгенде табандылық танытып жүр», – дейді Шәріпханның әкесі.

Былайша айтқанда, Шәріпхан кәдімгі калькулятордың қызметін атқарады. Оған көз жеткізу үшін біз үш таңбалы бірнеше санды үстемелетіп қосып-азайттырғанбыз. Зерек бала қанша шатастыруға тырыссақ та мүлт кетпеді.

Тағы да оқыңыз:

Құмалақшы әже автомат ойынын ойнап өз қасиетін сынап көрді (видео)

Баланы сүндеттеудің медицинадағы пайдасы қандай?

Ақтөбенің бас имамы әкімдіктің шенеуніктеріне пара алудың күнә екенін түсіндірді

Талқылау