Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада сығырайған шаммен сабақ оқуға мәжбүр болған балалардың көру қабілеті нашарлаған

Қызылордада тұтастай екі көшенің тұрғындары 20 жылдан бері сығырайған жарықпен күн көріп келеді. Осының салдарынан мектеп жасындағы балалардың көздері сыр бере бастаған.

Қызылордада сығырайған шаммен сабақ оқуға мәжбүр болған балалардың көру қабілеті нашарлаған

Электр кернеуінің әлсіздігінен тұрмыстық техникалар да күйіп жатқан көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қызылордалықтар электр жарығын таратушы мамандардың уәдесіне сенуден қалғандарын айтып налиды. Себебі “трансформатор қойып, ескі бағаналарды ауыстырамыз” деген шенділердің соңғы уәдесіне 6 ай өткенімен еш жұмыс атқарылмапты.

«Біздің жарығымыздың сиқы осы. Балалар сабақ оқи алмайды. Сабақ оқып жатқандарында фонарь ұстап тұрамыз. Обал балдарға», – дейді тұрғын.

Қаладағы Ахметов пен Жангельдин көшелерінің тұрғындары осылайша сығырайған жарыққа телміруде. Ал, кешкісін мектептен келген балалары ойыншыққа жүгірмей, балауыз шамға таласуды әдетке айналдырған.

«Свет нашар, сабақ оқи алмаймыз. Түнде көзіміз ауырады. Сабақты зорға деп оқимыз» – дейді 2-сынып оқушысы Дамир Дәуітбай.

Электр кернеуінің әлсіздігінен тұрғындардың тұрмыстық техникасы да күйіп жатқан көрінеді. Мұздатқыш пен теледидарларды несиеге алудан шаршаған жұрт тоқты реттеуге тұрақтандырғыштар да көмек бермейтінін айтады.

«Холодильник пен компьютерді ұстап тұратын стабилизатордың екеуі де күйіп кетті, екі холодильник күйіп кетті. Новый холодильнигімнің өзіне 27 мыңға бір жыл болмай жатып моторын ауыстырдым. Кешке қарай сағат бестен кейін ия компьютер қоса алмаймыз, ия телевизор қоса алмаймыз. Үтік те қосылмайды» – дейді қала тұрғыны Гүлюаршын Әбдімомынова.

Ал, электр жарығын таратушылар барлығы қаражатқа келіп тірелетін айтады. Биыл біршама көшелердің электр сымдарын жаңғыртамыз деген мамандар нақты қай көше тұрғындарына бұл бақыт бұйыратынын атай алмады.

«Биыл осы модернизация жүріп жатыр әуе желілерін жаңыртуға байланысты. Аясында көшелердің бірсыпырасын ауыстырамыз, жаңғыртамыз. Сосын содан шыққан материалдарымызды әрі қарай самострой бар жерлерді, әлсіз жерлерді біз жоспарлап отырмыз жұмыс жүргізуге» – дейді қалалық электр тарату тораптары компаниясының бөлімше басшысы Ғалым Ибраев.

Бүгінде екі көшенің бойындағы электр бағаналары сын көтермейді. Тозығы жеткен бөренелер жел тұрса шайқалып, тұрғындарды сары уайымға батырады екен.

«Бұл столбыны құрғанымызға 35 жыл болды. Осы қазір құлайын деп тұр. Енді біреу болмаса біреуге жазым бола ма деп уайымдап жүрміз. Қалалық светке арыз бергенмін, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Не істеуге болады сонда? Или біреу өлу керек па осы жерде? Сол ғана қалды одан басқа ешнарсе жоқ» – дейді қала тұрғыны Мейрамкүл Искакова.

Жұрт бұл мәселе шешімін таппай келе жатқанына жиырма жыл болғанын айтады. Электр жарығын тарату мекемесінің табалдырығын тоздырып шаршаған қызылордалықтар әкім-қаралардан да көмек сұрапты.

«Осы биыл ақша бөлінеді. Осы маңайға көп мөлшерде горсетьке ақша бөлінеді. Содан қарастырамыз, осы көшенің басынан үлкен подстанция ма орнату керек шығар соны қарастырамыз деген. Одан кейін электриктердің машинасын жіберіп тексертірген. Осы жерге подстанцияға қоямыз деп кеткен. Бірақ уәде орындалмай отыр» – дейді қала тұрғыны Алмагүл Дәлдаханова.

Арыз жазудан шаршаған жұрт әсіресе қыстың күні қиын болатынын айтады. Жиырма бірінші ғасырда балауыз шаммен отырған тұрғындар тоқты бір ретке келтірсе деген үмітте.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау