Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада қайтыс болған кісінің жанынан жұбайын жерлеуге орын қалдыратын болған

Сыр өңірінде бұл үрдістің пайда болып, кең етек жайғанына 5-6 жылдың көлемі болды. Жалған дүниеде дәм-тұзы таусылған кісіні жерлеген жерінің жанынан жұбайына да орын алып қалу дәстүрі жүзеге асуда. Соған сәйкес, қызылордалықтардың арасында өзі тірі болса да, мәңгілік орны қай аумақта болатынын білетін жандар көптеп кездеседі. Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі солардың бірін әңгімеге тартқан еді.

«Күздің соңғы күні 35 жыл отасқан азаматымнан айырды. Аяқ астынан болған бұл қаза бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кеткені рас. Күйеуімнің құтты орны өзінің әкесінің жанынан табылды. Намазын шығарып жатқанда ұлым қасыма келіп, жарымның жанынан маған орын алып қалуға рұқсатымды сұрады. Әрине, бұл дүниеде мәңгілік ешкім жоқ. Бәріміздің баратын жеріміз белгілі ғой. Мен бұл сұраққа іштей дайын болдым. Өзімнің тілегім еді. Сол себепті де келісімімді бердім», – дейді қала тұрғыны Света Жаханқызы.

Дегенмен, тұрғындар арасында бұл үрдісті құптамайтын жандар да бар. Кейбіреулері тіпті бұл дәстүрді жаман ырымға балап, тірі адамның көмілетін жерін білгені дұрыс емес дейтіндер кездеседі.

«Менің енем ұзақ ауырып, дүниеден өтті. Ол кісі жер қойнауына тапсырып жатқанымызда, атамыз өзіне жанынан орын алып қалуды бұйырды. Алайда, бұл орын атама емес, өзімнің ұлыма бұйырды. Өз қолымызбен қайғыны шақырып алғандай болдық. 18-ге енді толып, мектепті «Алтын белгімен» бітірген балам суға кетті. Сол себепті бұл дәстүрді ұстанған дұрыс емес деп санаймын. Бұл жағдайдан кейін тірі адамның жерленетін жерін алдын – ала дайындамайтын болдық», – дейді Жанар Алиева.

Бұл тақырып турасында дін қызметкерлері де өз пікірлерін білдірген болатын.

«Негізінен қайтыс болған кісінің жерленетін жерінің жанынан жақынына орын алып қалу жиі болып тұратын жағдай. Көбіне марқұмдардың туыстары өздері өтініш білдіріп жатады. Біз еш қарсылық білдірмейміз. Бастысы, жақынының өзінің келісімі болуы қажет. Сондай – ақ, ол кісі бейіттің басына жиі бара бермегені дұрыс», – дейді қызылордалық имамдардың бірі.

Бейіттің басын күзетіп жүретін шырақшы қазір екінің бірі осылай жасайтынын айтады.

«Жер іздеп келген кісілерден жанына орын алып қаласыздар ма деп сұраймыз. Олар өзара ақылдасып, жер алып қалып жатады. Онда тұрған еш әбестік жоқ меніңше. Барлығымыз ерте ме кеш пе топыраққа көмілетініміз рас. Көп жағдайда жарынының жанына жерленген кісілер о дүниеле жолығады деп жатады ғой. Халықтың көбісі осыдүниеге сенеді», – дейді Шарақшы Асан Шырдаулетов.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981

Жіберіп алмаңыз:

Өмірқұл Айниязов өз тойында ойына келгенін жасады (видео)

Ішімдік ішіп жарысқан қазақ қыздары жұрттың ашуын келтірді (видео)

Ақтөбеде көрпе тысы мен перделерге дейін жеп қоятын науқас балалар бар

Дәрігерлер пойыз астына түскен сәбидің екі аяғын денесіне қайта қосып берді

Талқылау