Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада балабақша күзетшісі хиджаб киген келіншекті «Алтын күзді» тойлауға кіргізбей қойған

Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылындағы «Раушан» балабақшасында тағы да жанжал. Бұл жолы бөбекжай күзетшісі балабақшада өтетін мерекелік шараны тамашалауға келген келіншекті ішке кіргізбей қойған.

Хиджаб киіп келген әйелді сақшы «террорист» деп ойлап қалыпты. Келеңсіз жағдайға қалған Қызылорда қаласының тұрғыны Айман Махамбетова Stan.kz сайты редакциясының тілшісіне әңгімелеп берді.

«Менің інім мен сіңлім осы балабақшаға барады. «Алтын күз» мерекесін тамашалауға келген болатынмын. Бұл шараға отбасымызбен дайындалған едік. Алайда, мені ішке кіргізбей қойды.

Тіпті, балабақша ауласынан қуды. Есігін ішінен кілттеп алған соң, басқа ата-аналар терезе қағып әуре болды. Бұл білім ұясында әжетхана мәселесі өте күрделі. Сол себепті де соны түсірмек болған едім. Осы сәтте күзетші маған тап берді. Құлағым естімейді, мүгедекпін дегеніме қарамады. Қолын сермеп, итерді», – дейді Айман Маханбетова.

Екі ортада балалардың қуанышына куә болып, видеоға түсіруге келген келіншек далада қалыпты. Орын алған жайт туралы жауапты мамандарды ескерткеннен кейін ғана Айманды ішке кіргізген. Балғындардың мерекесін тамашалауға мүмкіндік берген.

«Мен науқас адаммын. Құлағым мүлдем естімейді жол апатынан кейін. Шара аяқталғаннан кейін сол жердегі тәрбиешілер мен ата-аналар маған жабыла бастады. Осыдан біршама уақыт бұрын бір балақайдың күн суығында далада түбекте отырғанын суретке түсіріп,  көпшілікке көрсеткен болатынмын.

Сол жағдайға маған ренжігендерін айтып, жерден алып, жерге сала бастады. Күзетші сәл болмағанда мені ұрып жығар еді. Оған қой деп айтып жатқан ешкім болмады», – деп шағымданады жас келіншек.

Айманның айтуынша, балабақша күзетшісі мен басшылығы оны «террорист» деп ойлап қалыпты. «Мен ұялы телефоныма түсіргеннен кейін, мені журналист деп ойлап қалыпты. Оның үстіне үстімде хиджаб, басымда орамал.  Кейбіреулері «террорист» деп қалдық деп ақталады. Ішке телефонмен кіруге болмайды дейді. Бұл қай заңда жазылған? Бұл бұйрық балабақша қызметкерлеріне арналғанын айтып түсіндіре алмадым» – дейді Айман.

Өкінішке орай, балабақша әкімшілігімен байланысу мүмкіндігі болмады. Бөбекжай меңшерушісінің ұялы телефонына бірнеше мәрте хабарласқанымызбен, тілдесе алмадық. Ал, облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі балабақшалар жергілікті әкімдіктің теңгерімінде екенін айтты. Қосымша ресми мәліметтер берілетін болса, міндетті түрде хабарлайтын боламыз.

Оқи отырыңыз:

Көзілдірік пен водолазка киген Баян Есентаева той қонақтарын таңғалдырды

Мүгедек балалардың көңілін көтерген Ернар Айдар елдің батасын алды (видео)

Мейрамбек Бесбаев жазушы Қали Сәрсенбайдың хатына жауап берді

Ләйлә Сұлтанқызы: Таяқ жеп өстік, баласын ұрып жатқан отбасының ішкі мәселесіне ешкімнің араласпағаны дұрыс

 

 

 

Талқылау