Қытайдан келген қазақ қызы шымкенттіктердің орысша сөйлейтініне реніш білдірді
Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде оқитын Жаңагүл Бағдатхан Қытайдан келген қазақ қыз. Оқуға биыл ғана түскен ол, көптеген достар тауып үлгерген.
Бұл туралы “Замана” басылымы хабарлайды.
“Алғашында бұл жаққа үйрене алмай қиналдым, Қытайда тамақтың көбі ащы дәмді болып келеді ғой, сондықтан негізінен тамаққа онша үйрене алмай жүрмін. Ал бұл жақтың адамдары ашық-жарқын мінезді екен. Осы бір-екі айдың ішінде ғана өзіме біраз достар тауып үлгердім”, – дейді ол.
Жаңагүл мектепте қытай және қазақ тілдерінде оқыпты. Кейін Шыңжаң университетінде оқыған. Қазір ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуда. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы”, Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан”, Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” романдарын оқып тауысқан дарынды қыз, Шымкенттің ұнамайтын тұстарын да жасырмай айтты.
“Мұндағылардың көбі өзі таза қазақ бола тұра орыс тілін араластырып сөйлейді екен, Осы жағы маған біртүрлі көрінеді. Ал Қытайда жергілікті халық тек өз тілдерінде сөйлейді. Оларға басқа тілде сөйлесең мүлдем жауап қайтармайды. Қазағы көп аумақта тұрып тілді шұбарлап сөйлейтіні жөн емес екен. Бұлай кете берсе тілімізден не қалады? Басқалардың сөздерін қосып шұбар-ала бір нәрсе жасап алсақ ана тілімізді жоғалтамыз ғой. Меніңше, көп тіл білген дұрыс, бірақ оны сол шет елге барғанда ғана қолданса жетпей ме”, – деді Жаңагүл.
Ол болашақта қазақ қаламгерлерінің еңбектерін шет тілдеріне аударуды армандайды.