Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдан Қазақстанға көшкен қандасымыз шекарада 59 мың долларынан айырылды

Қытайдан Қазақстанға көшіп келе жатқан қандасымыз шекарада 59 мың долларға жуық ақшасынан айрылды.

20170309173051

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

55 жастағы жалғызбасты әйелдің осыншама қаражатын шекарашылар мен кеденшілер алып қойыпты. Айтуларынша, жалғызбасты ана экономикалық контрабандамен айналысқан. Ал, жиған-терген ақшасынан айрылған Гүлжан Мәуітхан болса, бізге заңды дұрыстап түсіндірмеді, тіпті қысым көрсетті деп отыр.

Кеденшілердің алдында жауап беріп тұрған Гүлжан Мәуітхан Қытайдағы үй-жайын сатып, Қазақстанға қоныс аудармақ болған екен. Алайда, жоспары шекарада күл-талқан болыпты. 1 адам 10 мың долларға дейін декларациясыз алып өте алады деген заңға сүйеніп, бар ақшаны 7 адам бөліп алған.

“Бауырым, бала-шағамменен 7 адам келе жатқан жолымызда бесеуіміздің қалтамыздағы 59 мың 900 долларын тонап, балаларымның жылағанына қарамастан шырылдатып тінтіп, бәрімізді тінтіп, қалтамыздан сыпырып бір-ақ алып алды”, – дейді қандасымыз Гүлжан Мәуітхан.

Бір кісінің 10 мың долларға дейін емін-еркін шекарадан алып өтуіне болатынын шекарашылар да мойындап отыр. Алайда, мәселенің бәрі – Гүлжан Мәуітханның бар ақша өзіне тиесілі екенін мойындауында. Жалғызілікті әйелге көмектескен балалары мен бауырлары қаржының кімдікі екенін айтпасымызға қоймады дейді.

“Паспортыңа қара таңба басамыз өтпейтін қылып, Қытайға шығарып жібереміз. Бала-шағаң осы жақта қалады” деп қысым көрсетті. Сонымен сөйтіп айтып бердік. Осы кісінің ақшасы деп”, – Мәуітханның інісі Мұқият Мәуітханұлы.

“Штрафын төлейсіз, тағы баж ақысын төлейсіз, бұл ақша бүтіндей өзіңізге қайтады” деп сол бойынша қағаз жаздыртып алды. Біз қарсылық көрсеткеніміз жоқ, – дейді Гүлжан Мәуітхан.

Қалай десек те, белгіленген көлемнен артық сомада қаражат алып өтпек болғаны үшін қылмыстық кодекстің “экономикалық контрабанда” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тәркілеу жұмыстарын жүргізген Шығыс Қазақстан облысының кеденшілері барлық шара заң аясында жүргізілді дейді.

“Кеденшілер және өзге де қадағалаушы орган мамандары тарапынан ешқандай да қысым болмады. Тергеу барысы бейнекамераға жазылды. Ақшасы тәркіленген азаматшаның қалауы бойынша өндіріс процесі мемлекеттік тілде жүргізілді”, – ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылау басқармасының жетекшісі Руслан Нұрлыбеков.

“Атажұртқа ораламын деп келгенде қылмысты болдым” деп ашынған ана, адал ақшамды қайтармай тоқтамаймын дейді. Қазір, заңды делінген 10 мың доллары ғана өзіне беріліпті. Қалған 49 мыңның не болары әзірге белгісіз. Гүлжан Мәуітхан бұл іс бойынша сот отырысын екідай сезіммен күтіп жүр.

Жіберіп алмаңыз:

Алматыда есірткімен ұсталған жігіт полицейлердің өзін жауапқа тартқызбақ

Петропавлда арақпен ұсталған әріптесін қолдау үшін хирургтер жаппай жұмыстан кетпек

Мәскеуде жұмбақ жағдайға қаза тапқандар Маңғыстау облысының тұрғындары болып шықты

Талқылау