Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қымыздың қандай пайдасы бар?

Сауса – сусын, жесе – тамақ, мінсе – көлік болған жылқы малының адам өмірі үшін пайдасы орасан. Ғылыми зерттеулер бойынша, жылқының қара етінің қоректік қасиеті өзге малдардың етіне қарағанда 24-25 пайызға көп болады екен. Сондықтан да ол қорытуға жеңіл, әрі тез сіңеді. Қазіргі кезде жылқы етінен жасалған қазы-қарта, жал-жаяны білмейтін адам кемде-кем. Дәл сол секілді жылқының етімен қоса сүтінің де үлкен сұранысқа ие екені мәлім.

Қымыздың сіз білмейтін сырлары

Бұл туралы asylarna.kz хабарлайды.

Биология ғылымдарының докторы, профессор З. С. Сейітов былай дейді: «Бұл сусын көптеген халықтарға ерте кезден-ақ белгілі. Оның түп тамыры – сонау скифтерге дейін барады. Грек тарихшысы Геродот скифтердің бие сүтінен сусын ашытатынын айта келіп, олардың сүт консервілеу құпиясын мұқият сақтайтынын, ол құпияны ешкімге айтпайтынын жазған».

Ал француз саяхатшысы Вильгельм Рубринаста 1253 жылы қазіргі Татарстан территориясына саяхат жасап, қымыз ішкен. Қымызды ашыту жолдарын, дәмін, адам ағзасына, оның ішінде несеп бөлуге әсер ететінін байқаған. Қымыз жайлы көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігін бақылаған С.Т. Ақсақов та, тіпті, орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин де жақсы лебіз білідірген. Ал сіз белгілі орыс жазушылары Л.Н. Толстой Самара қаласында, ал А.П. Чехов Андреевск санаторийінде қымызбен емделгенін білесіз бе? Иә, қымыз – қашаннан дәтке қуат, тәнге шипа. Біз бүгін сол қымыздың адам ағзасына тигізетін пайдалары туралы сөз қозғап көрмекпіз.

1. Қымыз – туберкулез ауруына таптырмайтын ем. Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Бие сүтінде “ С” витамині мол. Сондықтан оның емдік қасиеттері, әсіресе, туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары. Сондықтан да туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылған екен. Оны ұйымдастырушы В. Толстиков деген дәрігер: “Қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіреді, оның тәнін жаңғыртады” – деп жазған.

2. Биенің сүті берекелі болады Қазақтың “Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас” дейтін сөзі бар. Сиыр суық түсе бере ерте суалып кетсе, биелерді 7-8 ай бойы саууға болады. Бие басынан күніне орта есеппен 10-12 литр сүт сауылады екен, тіпті, кейбір биелер 15-17 литрге дейін сүт береді. Егер жылқының жайылымы мен суаты сапалы болып, күтімі келіссе, бие сауудың биеге де, құлынға да ешқандай зияны жоқ.

3. Қымыз – төрт түлік малыңызға да пайдалы ас. Себебі, оны бұзаулар мен құлындар диспепсия ауруына шалдыққанда, құлындардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, бұзаулар мен құлындар қан бөлетін гастроэнтеритті ауруға шалдыққанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, балапандарға А және В витаминдері жетіспегенде, сол сияқты іріңдегенде, күйгенде, сиырлар, биелер мен қойларда кездесетін іріңді вагинит және эндометрит ауруларына, сиырлар мен биелердің іріңді желінсау ауруына және т.б. қолдануға болады.

4. Қымыз ішу арқылы жүйке ауруларын емдеуге болады. Қымыз ағзаға жан-жақты әсер етеді. Ол ас қорыту органдарының , жүрек-қан тамырлары аппаратының, жүйке жүйесі мен басқа органдардың қызметін жақсартады. Қымыздың әсері бүкіл ағзаны өзгертеді. Физиологиялық және биохимиялық процестер күшейіп, зат алмасу қалпына келеді.

5. Қымыз тәбетті ашады. Қымыздың құрамында сүт қышқылы бар. Соған орай ол тағамның құрамындағы белоктардың, майлардың, әр түрлі қанттардың жақсы қорытылуына ықпал жасайды. Ал құрамындағы көмір қышқылы аздығына қарамастан ас қорыту бездеріне әсер етіп, қарын сөлінің бөлініп шығуын тездетеді. Қымыз ішкенде тәбеттің ашылатыны сондықтан. Бие құлындағаннан кейін алғашқы 2-3 күндей сүт бездері уыз бөліп шығарады, ал сол уыздың құрамында белок пен витаминдер 2-3 еседей көп.

6. Қымыздың құрамында белок көп. Сүттегі ең бағалы зат – белок. Бие сүтінде 1,8 – 2,2 % белок болады. Сүтте белоктың үш түрі де – казеин, альбумин және глобулин кездеседі.

7. Бие сүтінің майы ағзаға жақсы сіңеді. Бие сүтінде шамамен 1,3 – 2,0% май бар, бұл сиыр сүтіндегіден 2 еседен астам кем. Жүргізілген зерттеулерде, сиыр сүтіндегі май түйіршіктеріне қарағанда, бие сүтіндегі май түйіршіктері кішілеу келетіндігі анықталған. Сол себепті де ол ағзаға жақсы сіңеді. П.Ю. Берлиннің деректерінде туберкулез бактериясының сары майда өсіп-көбейетіндігі, ал бие сүтінің майы керісінше, оның өсуін тежейтіндігі айтылады.

8. Қымыз – бірнеше дәрумендердің жиынтығы. Бие сүтінде 6,7% лактоза бар. Сонымен қатар қанттан басқа, қалпына келмейтін көмірсулар бар. Әсіресе, ол А және С витаминдеріне бай. Сонымен қатар В тобындағы витаминдер, Д, Е, F витаминдері болады. В тобына жататын барлық витаминдер организмнің қалыпты тіршілік етуі үшін қажет. Мәселен, адам тағамында В1 витамині жоқ болса, онда ол бери-бери ауруына шалдығады. Бұл ауруға шалдыққан адамның жүйкесі зақымданады, параличке айналады. В12 витамині жеткіліксіз болса, жілік майында қан құрау бұзылып, қан аздық пайда болады.

9. Қымызда адам ағзасына пайдалы минералдық заттар өте көп. Қымызда мынандай минералдық заттар бар: кальций тотығы – 48%, магний тотығы – 3,4%, фосфордың бес тотығы – 21,3%, хлор – 7,5%. Қан құрауда маңызды рөл атқаратын кобальт пен мыс сияқты элементтер сиыр сүтінен гөрі бие сүтінде едәуір көп: кобальт онда 1,5 есе, ал мыс 3,2 есе артық.. Бір литр қымызда 1,60 мг мыс болады.

10. Бие сүтінің пайдасы ана сүтіне жуықтау. Құрамындағы микроэлементтерінің мөлшері жөнінен бие сүті ана сүтіне жуықтау, бұл жөнінде Донецк медицина институтының ғылыми қызметкері Е.П.Гребникованың деректері дәлел бола алады. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов та ана сүтіндегі дәрумендер мен микроэлементтер қымыздың құрамында да болатынын айтқан. Қазақ халқының бір ғасырлық тарихын басынан өткізген Жамбыл Жабаев атамыз: …Үйірілген сары алтындай сары қымыз, Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз. Елімнің баяғыдай сүйген асы, Шығаршы тағы нең бар кәрі қымыз, – деп жырлаған екен. Иә, бұл – қымыздың біз осы уақытқа дейін зерттеп, енді ғана дәлелдеп жатқан пайдалары. Алла Тағала Құранда: «Сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер әрі Аллаға шүкір етіңдер», – деген. («Бақара» сүресі, 172-аят) Ендеше, бізге, қазақ халқына дәл осындай пайдалы, әрі адал асты нәсіп еткен Аллаға сансыз көп шүкіршілік айтамыз!

 

Талқылау