Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қыдырәлі мен Қарақаттың ұлы қандай жоғары оқу орнына түспекші?

Астаның ең ақылды жастарының қатарына кіретін, елімізде алғаш рет IQ Kazakhstan атты зияткерлік коэффиценті  жоғары адамдарға арналған ұйымның негізін қалаған Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның ұлы Бекболат биыл 11 жылдық оқуын аяқтап, жаңа белестерді бағындыруды жоспарлап отыр. Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында болашақ жоспарларымен бөлісіп, неліктен ата-анасы секілді өнер жолын таңдамағандығын айтып, ұйымның қандай бағытта жұмыс істейтініне тоқталып өтті.

Қыдырәлі мен Қарақаттың ұлы қандай жоғары оқу орнына түспекші?

– Бекболат, мектепті бітіргеннен кейін, ендігі кезекте қандай жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отырсыз?
–  Лев Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетіне, туризм факультетіне тапсырсам деймін. Болашақта шетелде білім алуыма осы жоғары оқу орынның үлкен көмегі тиетініне сенімдімін.

– Туризм факультетіне түсу туралы шешімді өзіңіз қабылдадыңыз ба әлде ата-анаңыз кеңес берді ме?
– Өзім қабылдадым. Жалпы, ата-анам мен мектеп бітіргенімше, тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, менің сабақ үлгерімімді бақылап отырды, бірақ мамандық таңдауға келгенде өзімнің жүрегіме жақын саланы таңдауыма кедергі келтірмеді.

– Кейбір жанұяларда балалары ата-аналарының ізін жалғап, анасы немесе әкесі жұмыс істейтін мамандықты таңдап жатады. Жалпы, өнер саласында жұмыс істесем, әнші болсам деген арман болды ма?
– Өнер адамдарының отбасында тәрбие алып, әртістердің қалай өмір сүретінін көргеннен кейін, бұл салада жұмыс істегім келмейтінін бірден түсіндім. Отбасымызда екі әншінің болғаны жеткілікті деп ойлаймын. Бала күнімде мен ата-анамның шығармашылық кештерінде ән айтып, өнерімді көрсететінмін. Дегенмен қаншама жерден ата-анам өнер адамдары болғанымен, жақындарым мені өнерге тартқанымен, ән мен биге қарағанда спортпен айналысқанды көбірек ұнататынмын. Бастауыш, орта сыныптарда сабақтан қашып, спортзалда доп ойнайтынмын. Кейін есейе келе қызығушылықтарым да өзгергеннен кейін, білімге қызығушылық таныта бастадым.

Қыдырәлі мен Қарақаттың ұлы қандай жоғары оқу орнына түспекші?

– IQ Kazakhstan ұйымының бас координаторы ретінде қандай қызмет атқарасыз? Жалпы, ұйымның бір орында тұрмай алға жылжуы үшін қандай амалдар атқарып жүргенініңізбен бөліссеңіз.

– Ең басында досым Алтынбек екеуіміз IQ Kazakhstan емес, ірі халықаралық зияткерлік коэффиценті жоғары, ақылды адамдарға арналған Mensa ұйымы секілді елімізде Mensa Kazakshtan ұйымын ашуды жоспарлағанбыз. Бірақ олармен келіссөз жүргізбей, ұйымымыздың атын Mensa Kazakhstan деп қоя алмайтын болған соң, оны уақытша IQ Kazakhstan деп атауды шештік. Жақын арада халықаралық  ұйымның Ұлыбританиядағы штаб-пәтеріне барып, келіссөздер жүргізіп, оның ресми өкілдігін алып қайтпақшымыз. Сонымен қатар, АҚШ-та орналасқан  ең мықты жұмыс істейтін өкілдігінен тәжірибе жинауды жоспарлап отырмыз. Өзім осының барлығын ҰБТ-ны жақсы тақсырып болғаннан соң, жүзеге асырамын деп ойлап жүргенмін. Бүгін ҰБТ-ны тапсырдым, арқамнан ауыр жүк түскендей, ендігі кезекте ұйыммен жұмысымды бастауға дайынмын. Қазақстанның аумағында, бірнеше қалаларда жиналыс өткізіп, қызығушылық танытқан қауымға ұйымның қандай бағытта жұмыс істейтінін, мақсатын түсіндіріп беремін. Шымкент, Алматы, Астана қалаларында шілде айының 20, 22, 24 күндері ұйымға қосылғысы келетін үміткерлер, зияткерлік көрсеткіші жоғары адамдарға арналған тестті тапсырып, өз бақтарын сынайды.

– Тестілеуге қанша жастағы адамдар қатыса алады?
10 жастағы балалардан бастап ересек адамдардың барлығы тестті тапсыра алады. Бар болғаны әлеуметтік желідегі парақшамызда көрсетілген сілтемеден өтіп, құжатты толтырып, шілденің 12-не дейін тіркелулері керек.

Қыдырәлі мен Қарақаттың ұлы қандай жоғары оқу орнына түспекші?

– Елімізде осындай ұйымды ашу туралы ой қайдан келді?
– Жақында Оңтүстік Қазақстанда бастауыш сынып оқушысын зорлады деген жаңалықтан кейін, жалпы осы зомбылықтың түрі Қазақстанның кейбір ауылдарында қалыпты жағдайға айналып бара жатқандығын естіп, еліміздің санасы құлдырап бара жатқандығын түсіндім. Адамдар адамгершілікке тән қасиеттерінен айырылып бара жатыр. Шетелде білімге үлкен ден қойлады, халықаралық Mensa ұйымының тұжырымдамасы Англия, Америка сынды дамыған 50 мемлекетте жұмыс істейді. Ал біздің еліміз де мұндай ұйым атымен жоқ. Сондықтан елімізде осындай мәселелерді оңтайлы шеше білетін саналы адамдарды бір топқа біріктіру мақсатында Mensa сынды ұйымды ашқым келді.
Қазіргі күні халықаралық Mensa  ұйымына Қазақстаннан тек Димаш Әділет мүше. Бірақ болашақта оған қосылатын қазақстандықтардың саны артады деп үміттенемін.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Әзірге ұйымға байланысты алдыма қойған барлық мақсаттарыма жетіп, Қазақстанның көркеюіне, қоғамның білімге деген қызығушылығы артуына өз үлесімді қоссам деймін.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау