Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол біздің қызымыздай еді": Бишімбаевтың ата-анасы Нүкенованың өліміне қатысты алғаш рет пікір білдірді

Әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев пен анасы Альмира Нұрлыбекова ұлының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың не екенін білмей өскенін айтты. Сотталушының ата-анасы ресейлік блогер Наталья Грэйске берген сұхбатында баласының қандай қамқор екенін және онымен мақтанатынын жеткізді. 

Фото: Видеодан скрин

Қуандық Бишімбаевтың анасы ұлын жауыз көретін адамдардан бөлек өзін, отбасын қолдайтын жақсы жандардың барын айтты.

“Бұл – үлкен трагедия. Мен Салтанаттың ата-анасын өте жақсы түсінемін. Біздің отбасыда да қайғырып отыр. Баламыз қамауда отыр. Әлеуметтік желіде негативті материалдар өте көп. Десе де, жақсы адамдар да жоқ емес. Жағалау жатқан өтіп бара жатқанда менің жаныма 40 жас шамасындағы әйел келді. Мен бастапқыда “тағы да жағымсыз дүниелер еститін болдым” деп ойлаған едім. Бірақ керісінше, “Апай, сіз Қуандық Бишімбаевтың анасы екенсіз. Мықты болыңыз. Біз сізді түсінеміз және қолдаймыз” деп демеу берді. Сол кезде жеңілдеп қалдым. Адамдардың бәрі бірдей зұлым, қатігез емес екен. Түсінігі мол азаматтар да бар екен. Бұл – үлкен қайғы. Мұны ешкімнің басына бермесін. Бірақ мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін”, – деп ескертті Альмира Нұрлыбекова.

Ол Қуандық Бишімбаевтың жақсы қасиеттерін жіпке тізгендей баяндады.

“Мен ұлымды өте қатты жақсы көремін, біз онымен мақтанамыз. Әрқашан оған сүйсіне қарайтынбыз. Бірақ осылай болып қалды. Әкесі екеуіміз бұл жағдайдың қалай, не үшін болғанын түсіне алмай далмыз. Ол қатігез адам емес еді. Бала кезде де, жастық шағында да, жұмыс істеп жүрген кезінде де жауапты, әділ адам болды. Біз үшін ол – өте жақсы бала. Ол әрқашан бізге қамқор болды. Осыдан үш жыл бұрын әкесі қатты ауырып қалды. Ол дәрігерлерді тауып, әкесін емдетіп, жазды. Әрқашан бізге алаңдап отырады. Ол Астанада болғанда да біздің жасымыз келгенін, оның қамқорлығына зәру екенімізді айтып, бәріміздің бір жерде тұруымызға жағдай жасады. Ол біздің өзінің жанында, көз алдында болғанын қалады”, – дейді экс-министрдің анасы.



Осы тұста Қуандықтың әкесі де ұлының әрекетін түсіне алмай келетінін айтты. Айтуынша, Қуандық Бишімбаев отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрмеген.

“Иә, ол кінәлі. Ол өз жасаған ісіне сәйкес жазасын алуға міндетті. Біз үшін бұл – үлкен қасірет. Өйткені Салтанат – біздің отбасының бір мүшесі. Ол біздің қызымыздай еді. Олар бір-бірін жақсы көрді, бақытты болуды қалады. Бірақ бұл қайғылы жағдай біздің ақылымызға сыймайды. Жұбайым екеуіміздің арамызда да түсініспеушілік болатын. Бірақ мен ешқашан жарыма да, басқаларға да қол көтерген емеспін. Біздің отбасымызға бұл жат дүние”, – дейді Уәлихан Бишімбаев.

Отағасының бұл сөзін Альмира Нұрлыбекова растады. Қуандық бала кезінен махаббатқа қанып өскен көрінеді.

“Мен мұны растаймын. Біз дәстүрлі отбасымыз. Мен ата-енеммен бірге тұрдым. Біз үлкен әулетпіз. Дастархан басында 12 адам отырып тамақтанатынбыз. Сондықтан біз ешқашан ұрысып, төбелесіп көрмеппіз. Рас айтамын, Қуандық ондай дүниелерді көрген емес, ол махаббатта өсіп, ер жетті. Мен ұзақ уақыт бойы бала көтере алмадым. Ол менің тұла бойы тұңғышым. Бәріміз Қуандықтың дүниеге келуін асыға күттік. Оның өмірге келуі біз үшін үлкен қуаныш болды. Сол себепті оған “Қуандық” деген есім бердік. Одан кейін, Құдайға шүкір, төрт жылдан кейін қызымыз дүниеге келді. Қуандық қамқорлық пен махаббатқа қанып өсті”, – дейді Альмира Нұрлыбекова.

Бұған дейін Наталья Грэйс Салтанаттың ағасы Айтбекті қарындасының өлімінен пайда тапқысы келеді деп айыптады. 

Наталья Евгеньевна Грейс – психолог, жазушы, танымал лектор, позитивті ойлауға, көшбасшылық заңдылықтарға және өзін-өзі бағалауды арттыруға арналған телебағдарламалардың жүргізушісі. "Риторика институты" тренингтік компаниясының негізін қалаушы және бас директоры. 

Талқылау