Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Қостанай облысында әкімнің қолынан пәтер кілтін алғандар ол үйлерде тұру мүмкін еместігін айтып шағымдануда
Өткен жылдың желтоқсан айында Қостанай облысының тұрғындары әкім Архимед Мұхамбетовтың қолынан пәтердің кілтін алған еді. Салтанатты шара кезінде адамдардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жылдар бойы ақша жинап, осылайша баспаналы болғаны туралы айтылған жоқ. Ал бүгінде тұрғындар жаңа пәтерлердің сын көтермейтінін айтып, мәз емес.
Сурет: alau.kz
Бұл туралы «Көкшетау Азия» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Әкімнен «сыйлық» алған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Олар су жаңа пәтерлеріне кірген бойда кемшіліктері көп екенін байқаған. Қабырғалары қисайып, төбесі тесіліп, терезелері жылыланбаған пәтерлердің басқа да кемшіліктері жетерлік көрінеді.
«Көргенде шок болдым. Бастапқыда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» ақша жинадым. Артынша «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер алдым. Ендігі ол үшін 19 жыл бойы ай сайын 60 мың теңге төлеймін. Ал мұндай пәтерде қалай тұруға болады? терезеден жел ұрып тұрады, жылу жүйесі де әлсіз. Гүлдерімнің бәрі үсіп қалды. Тіпті, Жаңа жылды да үйде қарсы алмадық. Рождестволық мерекеден кейін ғана мердігер ұйымның қызметкерлері үйді тексеріп, жөндей бастады. Алайда мұндай үйде тұрғым келмейді. Баспанадан бас тартсам ба деп отырмын», – дейді тұрғындардың бірі Бибігүл.
Бүгінде тұрғындар қоныс тойын тойлаудың орнына пәтердегі кемшіліктерді түзету үшін актілермен жүріп, ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Жаңа пәтер иелерінің сөзінше, тұрғын үй инспекциясының қызметкерлері оларға пәтерге кірер алдында оны тексеріп шығу керектігін ескерткен.
«4-санаттағы пәтерлер – тұсқағазсыз құр қабырға. Бетонға линолеум төсей салған. Олардың коммерциялық пәтерлерден арзан болуы да бекер емес қой. Осылайша, біз өзімізге шығын келтіріп, жұмыс істеп жатырмыз. Яғни тұсқағаз жапсырып, төбесін әрлеудеміз. Бір шаршы метрі 240-250 мың теңге болатын коммерциялық үйлермен салыстырғанда , мұнда баға екі есе арза. Алайда тұрғындардың шағымдары акті бойынша күнде жұмыс істеп жатырмыз және барлық кемшілікті 3 күн ішінде түзейміз», – дейді «Ирина и К» мердігер ұйымының прорабы Алкан Мамедов.
Десе де мұндағы пәтерлерде кемшіліктер жетерлік. Тұрғындардың дені кезегін күтпестен, жөндеу жұмыстарына өздері кірісіп кеткен.
«Санитарлық техниканың бәрі әрең тұр. Қалай болса солай жасалған. Өзім жөндей бастадым. Жөндеу жұмыстарына жарты миллион теңге жұмсадым. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы пәтерді 4 млн 800 мың теңгеге сатып алдым. Әлі 6 жыл төлеуім керек», – дейді тұрғындардың бірі.
Бұл орайда осы үйлер қарайтын пәтер иелерінің тұтыну кооперативіндегілерге де оңай емес. Күн сайын кеңсеген шағым айтып келетін тұрғындары қатары толастар емес.
«Салушылар кемшіліктерді кезекпен жөндеп жатыр. соңғы уақытта тұрғындармен бірге пәтерге кіріп, бірге тексеріп жүрмін. Жаңа пәтерге кірмес бұрын тексеру керектігін мен де білмеген едім. Кепілдік 1 жылға беріледі. Бүгінде шағымданушылар қарасы біраз азайды», – дейді пәтер иелерінің тұтыну кооперативінің өкілі Антон Печенкин.
Тұрғындардың пәтердегі кемшіліктерден бөлек, жұмыс істемейтін лифт, домофон және әлі де қосылмаған газға қатысты сұрақтары көп.