Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қолынан келсе істесін”: Серіков кино түсірген Төреғали мен Еркені қолдады

Тоқтар Серіков өнерде жүрген әріптестерінің кино түсіргеніне қарсы емес. Әнші “қолынан келсе, қонышынан бассын” деген пікірді ұстанады. Ол жақында ғана фильмдерін ел назарына ұсынған Төреғалиді де, Еркені де қолдайды. Бұл туралы Серіков Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

тоқтар ерке төреғали

Өнердегі іні-қарындастарына қолдау білдірген Тоқтар Серіков қос кинофильмнің де тұсаукесеріне қатысты. Ондағы мақсаты – ізінен өкшелеп келе жатқан Төреғали мен Еркеге қолдау көрсету. Ал үнемі ел аузынан түспейтін Төрештің фильміне Тоқтар Серіковтің беретін бағасы жоғары.

“Төреғалидің фильмінен кемшін дүниелер көрген жоқпын. Ақылға қонымды. Киносының негізгі мүдде-мақсатына келетін болсақ, ерке баланың ел алдында, ата-анасының алдында сұраған кешірімі. Соншама Төреғали бүйтіп қойды, сүйтіп қойды деген сөздің әдемі жиынтығы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, “кешіріңдерші, сендерден артық ешкім жоқ екен”, деп ата-анасынан кешірім сұрағаны.

Өнер деген нәрсенің екінің бірінің басына қона бермейтіні көрсетілген. Комада жатқан өмірінде ол өлең айта алмайтын жағдайда, әнші емес”, – дейді Серіков.

Әншінің айтуынша, аталған фильмді тамашалаған ел-жұрт өнер адамының өмірі қаншалықты қиын екенін түсінеді.

“Шапқылап, күні кешке дейін дала кезіп жүретіні, үйде әке-шешеліріміздің бәрі ала көңілмен күтіп отыратыны, жарларымыздың өзі бізбен жақсылап шай іше алмайтындығы, бала-шағамыздың өзі толықтай еркелей алмайтындығы осында айқын көрініп тұр. Өнерде жүрген барша қыз-жігіттердің өмірі осындай. Соны әдемі көрсеткен. Тағы бір керемет жері – өзінің әке-шешесіне, еліне деген құрметін кино арқылы көрсетті. Сондықтан мен оны мойындаймын, жақсы. Мен кинорежиссер не болмаса сыншы емеспін. Олар өздері айта жатар. Ал маған ұнағаны, жүрегіме қатты тиген әдемі тұстары болды”, – деп пікірін білдірді Тоқтар.

Ал Ерке Есмахан дегенде Тоқтар Серіковтің шығар жаны бөлек. Айтуынша, Ерке – қазақ эстрадасындағы танымалдылығы артып тұрған ең талантты әншілердің бірі. Серіков Еркені білікті әнші ретінде мойындайтынын айтып, тіпті оған “қазақтың ең талантты қызы” деп баға берді.

“Ерке қарындасымды қатты құрметтеймін. Қазақ өнеріндегі мен үшін ерекше орны бар әнші қыз – Ерке. Оның таланты, әншілігі өте зор. Мен, әсіресе әнші қыздарға көп баға бере бермеймін. Мен үшін қыздардың ішінде керемет әйгілі әнші деп Еркені айта аламын. Қай жағына салсаң да, Ерке қамшы салдырмайтын әнші. Енді мына өнерін тамашауға келдім. Жалпы әншілік пен актерліктің ауылы алыс емес. Біріне бірі жақын. Кезінде әнші ата-әжелеріміздің көбі театрда Қыз Жібекті, Бекежанды сомдаған. Сол сияқты Еркенің де қолынан келеді деген сөз. Көрген соң бағасын береміз. Жалпы өнерде жүрген әріптестерімнің кино түсіріп жатқанына ризамын, біреуіне де қарсы емеспін. Қолынан келгенін істесін, оған ешкім қарсылық қылмау керек”, – дейді Серіков.

Тоқтар өнерде кино түсіріп жүрген әнші әріптестерін қолдайды. Алайда бұл істің өз қолынан келмейтініне сенімді. Есесіне болашақта Бейбіт фильм түсіріп жатса, таңғалмаңыз деп ескертті.

“Өз басым түсіремін деп айта алмаймын, мен істей алмаймын. Кім біледі, менің әйелім Бейбіт күндердің күнінде түсіруі мүмкін. Бірақ өз басым рөлдерде ойнамаймын, көруді ұнатамын”, – дейді ол.

Дайындаған Назгүл Әбушәріпқызы

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау