Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда көпқабатты үй тұрғындары нәжіс иісінен бетперде киіп жүруге мәжбүр

Нәжіс иісінен тұншыққан тұрғындар! Көкшетауда мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты 4 үйдің тұрғындары кәріз құбырларын қазып, қайта тарту керек деп дабыл қағуда. Өйткені ондағы шайынды су орталық коллекторға кетпей жатыр. Құбыр құдықтары нәжіске лық толып, жертөлеге ағылуда. Қолқаны жарған иістен өлетін болдық деген тұрғындар медициналық бетперде киіп жүруге мәжбүр, деп хабарлады КТК арнасы.

Мынау – «Тұрғын үй құрылысы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үйдің жертөлесі. Қазір 5 қабатты 4 үй дәл осындай күй кешіп отыр. Бұл жертөле емес, дәретхана сияқты. Жоғарыдан ағызылған шайынды су тура осы жерге құйылып жатыр.

Аяқ алып жүре алмайтын жертөледе құбырмен келген нәжіс те шашылып жатыр. Қолқаны жаратын иіс ауаға жайылған. Жертөлеге шайынды судың құйылуына мына сырттағы құбыр құдықтарының толып қалуы себеп. Ауладағы барлық құдық осындай күйде. Жағымсыз иіс пәтерлерге дейін жетіп тұр. Содан басымыз айналып, ауру болдық дейді бетперде киген тұрғындар.

“Бетпердемен үйде отырып тұншығамын. Жөтелеміз келіп. Ертең күн жылығанда не боламыз?Мына жерде балалар ойнай алмайды. Үйден ұзап кеткенше мұрнымызды басамыз, болмаса бетперде киеміз. Жап-жаңа үйде осындай қиындық көреміз деп ойлаппыз ба? Қанша айтуға болады?! Шаршадық тіпті”, – дейді тұрғындардың бірі Татьяна Колыволина.

Үйлердің пайдалануға берілгеніне 5 –ақ жыл болған. Жаңа құбыр осынша уақытта жарамсыз болып қалды дегенге сенбейміз дейді тұрғындар. Олар бұл түйткілді пәтер иелері кооперативімен бірігіп шешпек болған. Бірақ құрылыста кеткен қателікті жөндей алмапты.

“Мына құдыққа дейін 250-300 миллиметрлік құбырдың орнына 100 милиметрліңін тартқан. Тар трубадан лас су коллекторға өтпей жатыр. Бұл құрылыста кеткен қателік. Шағым айтып бармаған жеріміз жоқ. Қала, облыс әкіміне де, құрылыс бөлімі мен Су арнасына да  жаздық. Тіпті прокуратура да біледі”, – дейді «Монолит» ПИК төрағасы Иван Роговский.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі балансқа қабылдап алған «Көкшетау су арнасы»жауапты дейді. Мердігердің кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен, оларға ешкім құбырды ауыстыр дей алмайды екен. Ал су арнасындағылар мердігер кетпей- ақ мәселе көтерілгенін айтады.

“Иә, мемлекеттік комиссияда біздің шаруашылық та болды. Бірақ жер астындағы құбырды көрмейсің ғой. Алғаш түйткіл туындағанда, құрылыс бөліміне айттық. Бірақ мердігердің кепілдік мерзімі өткенше, қайта жасатпады. Ақырында, біз ғана жауапты болып қалдық. «Су арнасы» үшін бұл – үлкен шығын. Енді жөндеуге қаржы қарастырамыз”, – дейді «Көкшетау су арнасы» МҚК бөлім басшысы Александра Подзигунова.

«Су арнасында» қаржы табылып, құбыр жөнделгенше, бұл мәселе де шешілмейтін болды. Сондықтан әзірге тұрғындардың жағымсыз иістен бетперде киіп сақтана тұруына тура келеді.

Жіберіп алмаңыз:

Әкім орынбасары: балалар тоңса көрпе алып келіп, жамылып отырсын

Алматы әуежайында болған оқыс оқиға ұшқыштың қателігінен болды

Астанада 15 жастағы жетім қыз құрдасынан бала тауып, аналар үйін паналап отыр

Көріпкел Бақыт Жұматова 2018 жылдың Қазақстан үшін қандай болатынын болжады

Талқылау