Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда федерация басшысы спортшыларға берілген жерді келіншегінің атына жазып жіберген

Көкшетауда каратэ-до федерациясы екіге жарылып, өзара дауласып жатыр. Спорттың осы түріне балаларын беріп отырған ата-аналар арасына да жік түскен, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Бұған федерация президенті Сәкен Рахымжановтың каратэшілерге берілген 45 сотық жерді әйелінің атына жаздырып алуы себеп болыпты. Ол жерді каратэмен айналысатын спорт кешенін тұрғызу үшін жергілікті әкімдік  бөлген екен. Содан 10 жылдан аса уақыт өтіп, ғимарат пайдалануға берілер кезде Федерация басшысының әрекетін біліп қалған жұрт жерді қайтаруын талап етіп отыр. Айта кетейік, бұл кешенге бүгінде 250 бала барады.

-2007 жылы берілген 45 сотық жерге спорт кешенін салу үшін  федерация алдымен демеуші іздеген. Демеуші табылған. Бірақ оның өзінің ішкі есебі болыпты. Алты қабатты ғимарат тұрғызып, оның жертөлесі мен бірінші қабаты балаларға спорт зал ретінде, ал жоғарғы жағын пәтер етіп сатуға келісілген. Сөйтіп, өткен жылы құрылыс аяқталған кезде жер иесі пайда болыпты.

Яғни көпқабатты ғимараттың тұрған жері федерация президенті Сәкен Рахымжановтың жұбайы – Салтанат Рахымжановаға тиесілі екен. Балалар спортына арнайы бөлінген жер қалайша бөтен біреудің иелігіне өтіп кеткенін түсінбеген құрылтайшылар федерация мүшелерін шақырып, мәселені жалпы жиналыста қараған. Ашуға мінген топ қызды-қыздымен президенттің орнынан кеткені жөн деп тауыпты.

“Ғимаратты баласы каратэмен айналысатын кәсіпкердің  демеуші ретінде салғанын бәріміз білеміз. Мемлекеттің балаларға деп берген жері қалайша федерация президенті әйелінің атына жазылып кеткен?! Біз оны орнынан алу туралы шешім қабылдап, жаңа басшы сайладық. Енді жерді қайтарсын!”, – дейді  жас каратэшінің анасы Әлия Рамазанова.

Рахымжановтың әрекетіне қарсы шыққан топ балалар жаттықтырушысы Кенесары Мұхитановты федерацияға президент етіп сайлап алыпты. Бірақ қоғамдық бірлестіктің жиынына толық құрам қатыспағандықтан әділет басқармасы бұны ресми түрде тіркемеген. Ал ата-аналар мен жаттықтырушыларды екіге жарып, шу шығарып отырған демеуші кәсіпкер дейді екінші топ. Сәкен Рахымжановтың өзі болса, сапасыз ғимаратты қабылдамағаным үшін осындай келеңсіздікке тап болдым деп отыр.

“Жерді әйелімнің атына жаздырған себебім былай: демеуші тапқанға дейін біз құрылысты өзіміз бастап кеттік. Әйелімнен 8 жарым миллион теңге алдым. Үйімді сатып, 5 миллион салдым. Федерация қаржыны қайтарғанша, жерді әйеліме тіркедім. Бәрі біткен соң, оны қайтарамыз. Ал кәсіпкер үйді өте сапасыз салды. Тіреулері кірпіш емес, монолит болуы керек. Құласа, кім жауап береді?”, – дейді Ақмола облыстық каратэ-до федерациясының президенті Сәкен Рахымжанов.

Рахымжанов бұған дәлел ретінде құрылыс-сәулет бақылау басқармасының сараптама қорытындысын алған. Ал ғимаратты салдырған кәсіпкер бұның құрылысына 400 миллион теңге жұмсадым, сапасында мін жоқ дейді. Қазір осы мердігер мен федерация соттасып жатыр. Облыстық спорт басқармасындағылар болса прокуратура жақын арада балалар өміріне қауіпті спорт кешенін жабу туралы шешім қабылдауы тиіс дегенді алға тартып отыр.

Тағы оқыңыз: 

Тамаққа түкіріп қайыршыға берген жігіт елдің ызасын келтірді (видео)

Талқылау