Кімнің отставкаға кететінін президент шешеді: Бектенов қоластындағылар парамен ұсталған басшылар туралы
Заң бұзушыны қызметке кім тағайындағанына қарамастан, қоластындағы қызметкері парамен ұсталса, басшы отставкаға кетуге өтініш жазуға міндетті. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
"Жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу тақырыбында өткен жиында президент мемлекеттік органдар басшыларының қоластындағылар парамен ұсталған жағдайда отставкаға кетуге өтініш жазуы міндетті екенін айтты. Дәл қазір осы норманы заңға енгізу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Тиісті заң жобасы парламентте қаралуда", - дейді Бектенов.
Оның айтуынша, аталған заң жобасы жыл соңына дейін қабылданады.
"Парақорды кімнің жұмысқа алғанына қарамастан, ол отставкаға өтініш беруі керек. Ол тағайындаса да, тағайындамаса да. Президент барлығының отставкаға өтініш беруін талап етті. Ал отставканы қабылдау немесе қабылдамау - мемлекет басшысының еншісіндегі дүние. Ол бұл саяси басшының осы жемқорлықты тоқтатуға қаншалықты қауқары болғанын, бұл адамды өзі ұсынған-ұсынбағанын негізге алады. Президент мемлекет жетекшісі ретінде шешім қабылдайтын болады", - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қоластындағылар парамен ұсталған жағдайда бірінші басшылардың қызметінен кетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Сондай-ақ, ол осы отставканы қабылдау президент еншісінде екеніне тоқталды.