Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халықтың қауіпсіздігі үшін басын қатерге тігіп өрт сөндірушілердің жалақысы 65 мыңнан басталады

Әрбір төртінші өрт сөндірушінің баспанасы жоқ. Халықтың қауіпсіздігі үшін басын қатерге тігіп, отпен арпалысып жүргендердің айлығы 65 мыңнан басталады. Мәжіліс депутаттары осындай мәселені көтерді.

Осы еңбекақыны көп көрген Владимир Божко кезінде төтенше жағдай саласын басқарып тұрғанда қосымша жұмыс істегені үшін өрт сөндірушілерді қызметтен қуған еді. Алайда, арада қанша жыл өтті, саладағы түйткіл сол күйі. Өзгерген ештеңе жоқ. Қасымов та төтенше жағдай қызметінің көсегесін көгерте алар емес. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Бізге айтты, екінші жұмыстан шығыңдар деп. Біз одан шықтық, енді міне екі ортада қалдық».

2013 жылы 70-тен аса өрт сөндіруші жұмыссыз қалды. Ол кезде Төтенше жағдай саласын Владимир Божко басқаратын. Министр мемлекеттік қызметкерлерді заңсыз әрекеті үшін жұмыстан қуды. Олар айлығы аз болған соң амал жоқ, бос уақытында қосымша нәпақа табамыз деп кінәлі болып шықты. Арада бес жыл өтті, министр Божко депутат болып кетті. Енді бүгін Мәжілістің мінберінен өрт сөндірушілердің мәселесін көтерген болады.
«Республикалық бюджеттен 2017 жылы өрт сөндіру техникаларын алуға бір тиында бөлінбеген. Сонда халықтың қауіпсіздігіне мемлекеттің жауапкершілігі қайда қалады?» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко.

Владимир Божконың көп көріп жүрген айлығы 5 жылдың ішінде 65 мың теңгеге жетіпті. Қазіргі өрт сөндірушілердің жалақысы осындай. Ең жоғарғы деген, 20 жылдан аса тәжірибесі бар маманның өзі 118 мыңды әзер алады. Аттестациядан өткен әрбір төртінші білікті маманның баспанасы жоқ. Тіпті, мемлекттік бағдарламаға да қатыса алмайды.

«Мұндай төмен жалақымен олар 7-20-25 бағдарламасына да қатыса алмайды. Бұл саладағы кадр тұрақсыздығына әкеліп соғатыны сөзсіз. Өрт сөндіруші болып жұмыс істеуге екінің бірі дауаламайды. Соңғы бес жылда 6 қызметкер қызмет бабында қаза тауып, 78-і жарақат алған» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева.
Депутаттың сұрағына қаржы министрлігі жауап бергендей болды. Әдеттегі жауап. 2018-2020 жылдары төтенше жағдай қызметкерлерінің жалақасын көтеру үшін 4 млрд теңгеден аса қаржы қарастырылыпты. Сондағысы 10 пайыз өседі. 65 мың теңгеге 6500 теңге қосылады-мыс.

– Төтеншеліктердің жалақысын көтеру жоспары бар ма?
– Бар, ондай жоспар бар. Қазір мына ішкі істердің реформасы бар ғой, сонда бар төтеншеліктердің жалақысы туралы, – дейді ҚР Ішкі істер министрі Қалмүханбет Қасымов.

Министр Қасымовтың дерегінше, жыл сайын 15 мыңнан аса өрт тіркеледі. 2015 жылдан бері 1410 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Негізінен төтенше жағдай жеке тұрғын секторында болады. 70 пайыз. Ал Ресейдің Кемерова облысындағы жағдайдан кейін еліміздегі тиісті органдар да оянып, үш айдың ішінде 1240 сауда нысанын тексерген. Соның ішінде 1 220 адамды жауапкершілікке тартыпты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау