Кешірім сұраған жоқ: Алматыда аялдамадағы апаттан көз жұмған әйелдердің туыстары жүргізушіні қатаң жазалауды талап етуде
Алматыда аялдамада болған апаттан бері екі апта өтті. Оқиға салдарынан зардап шеккен ер адам емделіп жатыр. Ал апаттан көз жұмған әйелдердің отбасылары тергеуге наразы. Олар полициядағылардың тергеу барысын хабарламай отырғанын айтады. Ал апатқа кінәлі ер адам мен оның туыстары тіпті хабарласып, кешірім де сұрамапты.
Бұл туралы «Алматы» арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Жантүршігерлік апаттан көз жұмған Гузаль сол күні Наурызға дайындалу үшін. базарға бармақ болып аялдамада автобус күтіп тұрған. Марқұмның күйеуінің айтуынша, балалары анасы есіне түсіп кетсе жылап қоя береді екен.
«Есіне түссе болды, түнімен жылайды. Телефондағы суретін көреді. Бізге енді кім қарайды, балабақшаға кім апарады деп жылайды. Жағдайымыз өте ауыр. Енді жазықты адам қатаң жазаланса деп талап етеміз, үш бала жетім қалды, оларға анасының орнын ешкім баса алмайды», - дейді марқұмның күйеуі Қалдыбай Есімханов.
Ал марқұмның енесі үш немересінің жылағанын естігенде жанын қоярға жер таппайтынын айтады.
«Есі дұрыс адам арақ ішіп, көліктің тізгініне отыра ма? Тоқтайтын жерге тоқтай алмайтындай соншалықты не көрінді оған? Ауыр жаза сұраймыз», - дейді Шәрипа Есімханова.
Апаттың салдарынан 40 жастағы Мереке Әбенованың да 4 баласы анасынан айырылды. Марқұмның балаларының алды 13 жаста.
Көз жұмған екі әйел құрбы болған екен. Олар көршілес тұрған және бір балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істепті.
Апаттан бері екі апта өтсе де, мас күйінде көлікті тізгіндеген жүргізушінің өзі де, туыстары да кешірім сұрап, көңіл айтып келмеген.
«Осы уақытқа дейін бір туысқаны хабарласпады. Әке-шешесі бар адам ғой. Жетім болса да жора-жолдастары болады. Әйтеуір бір танысы болады ғой. Осы уақытқа дейін бірде-бір адам хабарласып, кешірім де сұраған жоқ, жағдайымызды да білген жоқ», - дейді марқұм Мереке Әбенованың күйеуі Асқар Имантаев.
Ал апаттан зардап шеккен Манатбек Тоғжанов өзіне тергеушінің келмегенін айтады.
«Екі аптадан асты, біреуі келіп хал-жағдайымды сұраған жоқ. Тіпті, заң өкілдері де бас сұққан жоқ. Өлімін бе, тірімін бе, ешкімнің жұмысы жоқ. бұл не сұмдық? Полициядан келіп менен неге сұрамайды қалай болғанын? Мен де өлуім керек пе еді сонда?» - дейді зардап шегуші.
Ал полиция департаментіндегілер тергеу барысында ешқандай бұзушылықтар болмағанын айтып отыр. Тергеуші зардап шеккен азаматпен ол сауыққаннан кейін кездеседі екен.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген процедуралар бойынша, арнайы хаттамамен біз барлық медициналық құжаттарды ауруханадан алып, ол бойынша сот-медициналық сараптамалар тағайындаймыз. Сондықтан, жәбірленушінің тергеуге қатыспадым деп уайымдауы бекер. Барлық процессуалдық іс-әрекеттер мен тергеу амалдары бұл азаматтың қатысуымен оның толығымен сауығып кетуінен кейін болады», - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алайда қорғаушылар істің мұншалықты баяу тергеліп жатқанымен келіспейді.
«Жәбірленуші жарақат алғандықтан уайымдайтыны заңдылық. Қарапайым азаматтардың көбі заңды біле бермейді, сондықтан тергеуші келіп оған түсіндіруі керек еді. Тым болмаса телефон арқылы хабарласуы немесе үйіне туыстарына барып айтуы тиіс», - дейді қалалық Адвокаттар коллегиясының мүшесі Айдынғали Табылдиев.
Апатқа кінәлі ер адам қазіргі уақытта қамауда отыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Анықталғандай, көлікті мас күйінде тізгіндеген ер адамның жүргізуші куәлігі де болмаған. Ол бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Ендігі ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетсек, 16 наурызда Алматыда мас күйінде көлікті тізгіндеген ер адам аялдамада тұрған адамдарды қағып кеткен еді. Салдарынан бір әйел оқиға орнында тіл тартпай кетіп, екіншісі ертесі күні жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы бір адам зардап шегіп, миы шайқалып, аяғы сынып, түрлі жарақаттар алған.