Қазақтың бесбармағы әлемдегі ең зиянды тағам деп танылды: ғалымдар не дейді?
Қазақтың ұлттық тағамдарының пайдасы мен зияны туралы қоғамның пікірі екіге бөлінген. Дәрігерлер бешбармақтың майлылығын негізге алып, осы тамақты көп жегеннен қандағы холестериннің көбейіп кететінін алға тартады. Денсаулықты сақтап қалу үшін оларды көп жемеуге кеңес береді. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі ұлттық тағамдарды жаңғыртып жүрген мамандармен, зерттеушілермен байланысып, осы ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтап көрді.
Мамандар қазақстандықтарға шұғыл түрде аспаздық құмарлыққа деген көзқарастарын қайта қарауға және «етті етпен жейміз, етті сорпамен ішеміз» қағидасына сәйкес тамақтануды доғаруға кеңес береді. Әйтпесе, қазақтар алдағы 25-50 жылда Азия аймағындағы ең семіз ұлттың біріне айналуы мүмкін.
“Бұның барлығы қате пікір. Қазақ асханасы зияндылығы бойынша әлемде бесінші орынды алады деп айтып жатады. Бұл дұрыс емес тұжырымдама. Біз Ұлттық тамақтану академиясымен бірге тағамдарды зертейміз. Қазақ асханасында тепе-теңдіктің сақталғанын дәлелдейміз. Әлемнің бірде бір асханасында мұндай теңдік жоқ. Оның үстіне, біздің ұлттық тағамдарымыздың мән-мағынасы тереңде жатыр. Қазақ асханасы әлемдегі ең пайдалы асханалардың бірі деп үлкен сенімділікпен айта аламын, — дейді «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Айгерім Мұсағажинова
Ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғыртып жүрген ұстаз Несібелі Қойшыбайқызы өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығына көбірек алаңдайды. Ұстаздың пікірінше, бесбармақ бала ағзасына зиян деп айтқанша, білім ордасындағы асханаларда денсаулыққа зиянды өнімдерді сатқанша, оқушыларға пайдасы мол ұлттық тағамдарды берген абзал.
“Қазір балалар қытырлық картоп деген сынды ағзаға зиян тамақтарды жейді, газдалған сусындарды ішеді. Сосын асқазандары ауырады. Осы тағамдардың орнына сүттен жасалған тағамдарды, құрттарды, ірімшіктерді жегендері дұрыс. Кола ішкенше, бір кесе айран ішсін. Құрт жесін. Жылқының етін жеп, сорпасын ішкен мың да бір ем дейді. Етті жесе, баланың тісі бекиді. Бесбармақ жеген дұрыс деп ойлаймын”, — дейді ол.
Заман талабына сай ұлттық тағамдарымыздың өзгеше жасалып, жаңаша шығып жатқанына қатысты қазақ асханасын жаңартып жүрген Дилара Оразымбетова есімді ұстаз пікір білдірді.
“Кез келген ұлттық тағамнан біздің тағамдарымыз артық болмаса, кем емес. Олар адам ағзасына пайдалы, дәрумендерге бай. Біз егемендігімізді алғалы бері ұлттық құндылықтарымызды жарыққа шығарып жатырмыз. Ұлттық тағамның түр-түрін пісіретін, насихатттайтын асханалар ашылса, жақсы болар еді. Қазір заманның талабына сай ұлттық тағамдар көкөністер, дәрумендер қосылып өзгешелікпен жасалады. Түрлі-түрлі дәмдеуіштермен олар дәмдене түседі, көкөністер дәрумендерді көбейтеді. Бұрын олардың барлығы бұрын бізде болмаған ғой”, — дейді ол.
Талай жылдар бойы қазақтың ұлттық тағамдарын зерттеп жүрген этнограф Айгерім Мұсағажинованың сөзінше, әлемдегі бірде-бір ұлттың асханасында қазақ тағамдарында бар тепе-теңдік жоқ.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.