Қазақстанда тұратын америкалық: Не үшін қазақша сөйлемейміз?! Шаңыраққа қарау керек
Осыдан тоғыз жыл бұрын қазақтың қызы, Меркенің тумасына ғашық болып, отау құрып, Қазақстанда қалған америкалық Крис Томас Беннет бүгінгі таңда әйелімен бірге төрт жасар қызын өсіріп, өз кәсібін дөңгелетіп жүргізуде. Ол Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне неліктен Америкаға көшіп кетпегенін, кәсіпті жүргізу кезінде қандай қиындықтарға тап болғанын, қазақ тілін қалай үйреніп, қазақтың салт-дәстүрлері мен мәдениетінен не түйгенін айтып берді.
Крис Беннет өзінің болашақ жары Раушанды Үндістанда ерікті болып жүргенде кездестірген. Тек Раушанмен танысқаннан кейін ғана Крис Беннет жер бетінде Қазақстан деген елдің бар екенін білген:
“Біз алғаш рет кездескенде ол менен: "Қазақстанды білесің бе?" — деп сұрады. "Иә" деп жауап беріп, өтірік айттым. Ұялы телефоннан, Google арқылы Қазақстан туралы ақпаратты тауып, "үлкен мемлекет екен" деп ойладым”, — дейді.
Крис ата-анасы мен достарына шетел азаматшасына үйленетінін айтқанда ата-анасы түсіністік танытса, кейбір жақындары таңданысын жасырмаған екен. Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, ол өзі де интернационалды жанұядан шыққан. Анасының бойында үндістердің қаны бар, ал әкесі ирландық. Сондықтан оның жанұясы таңдауына қарсы шықпаған.
Достары Кристің болашақ әйелі қазақ қызы екенін білгенде, Ауғанстан немесе Пәкістан сынды елді, үстіне хиджаб киген қызды елестеткен. Алайда, Қазақстанның әсемдігі мен сұлулығына тәнті болған соң, бұл елде жақсы өмір сүруге болады деген түйінге келген. Кейіпкеріміздің сөзінше, ерлі-зайыптылар кішкене уақыт Америкада тұрған, бірақ Қазақстанға келіп кәсіпті бастап кеткен соң, АҚШ-қа қайтып баруды ойламапты.
“Қазақстанда тұрған ыңғайлы. Біз осында келгеннен кейін кәсіпті бастап кеттік, артқа қараған жоқпыз. Қазақстанда кәсіпті, әсіресе кофе бизнесті бастау Америкамен салыстырғанда оңайырақ. Ақтөбе мен Жаңаөзенде ағылшын тілінен сабақ беріп жүргенде, көбінесе шетелдіктер бұл жерде кофе ішуге арналған орындардың, яғни кофеханалардың неліктен аз екенін сұрайтын.
Америкалықтар, Еуропалықтар шабадандарына кофе салып әкелетін. Осылайша біздің көкейімізде кофе дайындап, кофехана ашу туралы ой пайда болды. Басында метрода ашылдық, қазір Алматы қаласында екі кофеханамыз бар. Бұрын шынымен де кофеханалар аз болатын, қазір қаласаңыз, әр бұрыштан іздеп табасыз.
Бизнесті ашып, жүргізу қиынға соқты деп айта алмаймын. Әрине, қағаздарға, құжаттарға қатысты сәл күрделіліктер туындады. Бірақ бірінші кезекте кез-келген жерде бизнес ол - бизнес. Қағазбен жұмыстың күрделілігі сіз тұратын елге байланысты. Маған бизнестің осы түрі, яғни көптеген адамдарды қарсы алып, оларға қызмет көрсететін түрі ұнайды”, — дейді Крис Беннет.
JumpinGoat Coffee деп аталатын кофеханасын басқарып қана қоймай, онда бас аспазшы болып жұмыс істейтін азаматтың пікірінше, қызметкерлері жақсы жұмыс істеуі үшін ең алдымен өзі оларға үлгі болуы керек. Сондықтан Крис уақыты болғанда клиенттерін өзі күтіп, тапсырыс қабылдап, өзі шығарып салады.
Кристің сөзінше, Қазақстанға тоғыз жыл бұрын келгенде халықтың тұрмысын көріп, еліміз жайлы жақсы пікір қалыптастырыпты. Бұрын-сонды Қазақстан туралы көп нәрсе естімеген ол әйелінің және қайын жұртының арқасында қазақтың салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен танысып шығып, нағыз қазақтың бойында кездесуі тиіс қасиеттерді өне-бойына сіңіріп алған екен:
“Ел мәдениеті жайлы көп нәрсе оқыдым. Менің әйелімнің жеті ағасы бар, оның ата-анасы "нағыз" қазақтардың қатарына кіреді. Әрине, басында әсіресе ауылға барғанда қиын болды. Қазір шетелдіктер көшіп келіп жатыр, ағылшынша сөйлесетін адамдар бар, бірақ мен Қазақстанға келгенде ағылшын тілінде сөйлейтін адамдар жоқтың қасы еді.
Мен жергілікті халықтың тілінде сөйлемедім. Адамдардың орысша не қазақша сөйлеп жатқанын білмей, орыс тілін қазақ тілінен ажырата алмадым. Сондықтан бірінші кезекте қазақ тілін үйренуді қолға алдым.
“Ассалаумағалейкум”, “Саламатсыз ба?, “Рахмет” деген сөздерді үйреніп алып, айтып жүрдім. Бірақ "қазақша сөйлеп, қазақ болайық” деп айтсам, барлығы қатты қуанатын. Бұл менің қазақ тілінде құрап, жаттап алған алғашқы сөйлемім болатын.
Өзге елге барып олардың тілінде сөйлеу құрметтің белгісі деп санаймын. Кейде “не үшін қазақша сөйлемейміз, шаңыраққа қарау керек” десем, неге екенін білмеймін, бірақ адамдар ашуланып кетеді. Кейбір қазақтардың қазақша сөйлей алмайтыны кішкене ұят секілді”, — дейді.
Қазақстанда тұрып, қазақтың қымызы мен қазысын жақсы көріп кеткен кейіпкеріміздің жергілікті тағамдарға қоятын міні жоқ екен. Әйтсе де, ол сұхбат барысында қанша тырысса да, шұбат пен етті (бешбармақты) жей алмайтынын айтып қалды.
Осыдан тоғыз жыл бұрын Раушанның жанұясы дәстүр бойынша күйеу балаға құрмет ретінде алдына қойдың төсін қойғанда Крис таңғалған. Қазір уақыт өте келе барлығына үйреніп кеткен екен. Америкаға баруға сәт туғанда өзімен бірге кейбір ұлттық тағамдарды алып кетеді.
“Анама қойдың көзін берді. Оған қалжыңдап қойдың көзін жеп қою керектігін айттым. Жейді деп ойламадым, бірақ анам айтқанымды орындады. Таңғалдым. Өзім әлі күнге дейін қойдың құйқасын жей алмаймын. Менің ойымша, шетелдіктер үшін қойдың құйқасын, миын жеп көру қиынға соқпайды. Бірақ қымызды барлығы бірдей іше алмайды.
Мен Америкаға барғанда өзіммен бірге құртты алып барамын. “Қазақтың тәтті тағамын жегің келеді ме?” деп ойнап, балаларға құртты беремін. Дәмін көріп, қақалып қалады ”, — дейді шетелдік күйеу бала күліп.
Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Атырау сынды Қазақстанның бірнеше қалаларын көрген Крис басынан өткен қызықты әрі ұмытылмас сәттерімен бөлісті.
“Бір кездері Астанаға бардым, жақсы қала, бірақ ол жақтың ауа-райы мен үшін тым суық. Ақтауға үш күн жүретін пойызға отырып, Қазақстанды аралап шықтым десем де болады. Сол жерден “күйеу бала” деген сөзді үйрендім. Себебі басында адамдар пойыздың артында отырған шетелдікті көріп таңғалды.
Сосын жақынырақ араласа бастаған соң, барлығы бірге отырып тамақ ішуге шақырды. Ақырында “күйеу бала, сау бол” деп жақсы шығарып салды. Өте қызықты болды. Көлік жүргізгенімде бірнеше рет жол полициясы ұстап алған еді. “Аға, мен күйеу баламын” деп айтсам, қателегімді кешіруге дайын тұратын”, — дейді Крис Беннет.
Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, отандық фильмдерді көріп, қазақ әндерін зер салып тыңдайтын кәсіпкер “Тракторшының махаббаты” деген сериалда кішкентай эпизодта ойнаған екен:
“Бір сериалда басты кейіпкер Алматыға кетіп қалған басты рөлдегі қызды іздейді. Метроға келгенде мен қыз ана жаққа кетті дегендей басты кейіпкерге жолды көрсетемін. Менің сериалдағы рөлім екі-үш секундқа ғана созылса да, өзіме қатты ұнады. Қызықты болды. Сериал түсіріліп жатқан уақытта біздің кофеханамыз метрода орналасқан еді”, — дейді кәсіпкер.
Қазақстанда жуықтап алғанда он жыл тұратын Крис Қазақстанды не үшін жақсы көретінін де айтып берді: “Жанұя мүшелеренің бір-біріне қамқорлық танытатыны маған қатты ұнайды.
Елдің өзін түбегейлі ұнатамын. Қазақстанның бір жерінде таулар болса, екінші жағында түйелер жайылатын кең даласы бар. Каспий теңізі де өте әдемі. Және елдің адамдары да өте қонақжай. Сізді жылы қарсы алуға дайын”, — дейді Крис Беннет.
Кристің үш тілде сөйлей алатын Эли-Анна есімді төрт жасар қызы бар. Бос уақытында Эли-Аннаның әкесі жанұясымен, жақындарымен тауға шығып, серуендегенді, мүмкіндігі болса, демалыста теңізге барып қайтқанды ұнатады.
Ата-анасы Эли-Аннаға қазақ және ағылшын тілінде сөйлеуді үйреткен. Ал орыс тілін ол өзі қатарластарымен ойнап жүріп үйреніп алған екен. Крис пен Раушан үшін оның жақсы жерде білім алғаны өте маңызды. Сондықтан ерлі-зайыптылар Эли-Анна үшін үздік білім ордасын іздеп жүр. Сонымен қатар, ол өзінің кофеханасын жаңа деңгейге көтеріп, бизнесті дамытуды мақсатына айналдырған.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.