Қазақстандық жастар қанішер мен әруақ кейпіне еніп “Хэллоуин” мерекесін тойлап жатыр
Қанішер, әруақ кейіпіне енген тұрғындар. Өткен түні қазақстандық кейбір жастар қоғамның дертіне айналған “Хэллоуин” мерекесін атап өтті. Бір сәттік көңіл көтеру үшін жұрт жабайылыққа баруда.
Жалпы соңғы кездері кең өріс алған бұл дәстүрді атап өту басқаны былай қойып, бала-бақша мен мектеп кештерінің бағдарламасына да енген. Мамандар болса “біреудің таңсығын” асыр салып тойлауды доғару керек деп дабыл қаққалы да біраз болды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Әр халық пен ұлыстың өзіне тән төл мейрамы бар. Мәселен, мұсылмандардың Құрбан айты, христиандардың Рождествосы секілді. Ал, көпшілікке “Хэллоуин” мерекесінің мағынасы беймәлім. Ал, оны біздің көрсеқызар жастарымыз тойлап әлек. Биыл да еліміздің түкпір-түкпірінде құбыжық кейпіне еніп, асыр салып секеңдеп жүрген адамдардың қарасы қалың.
“Хэллоуинді жыл сайын тойлаймыз. Ол біздің міндетіміз. Өте көңілді әрі қызық мереке ғой. Барлығы өзгеше киімдер ойластырып, фантазияларына ерік береді. Батыстан келген, біздің мейрам емес. Сондада адамдар жақсы көреді, тойлайды. Сейсенбі күні болсада, келушілер көп”. “Осы мереке өзімізді көрсетуге ерекше мүмкіндік. Құпия, қара пиғылды осылай бояну, киіну арқылы білдіреміз. Көңіл көтеріміз, бізге ұнайды”, – дейді олар.
Қазанның 31-і көп елдердің күнтізбесінде қызыл бояумен белгіленетін дәрежеге жеткен. Себебі, бұл түп-төркіні беймәлім “мейрамды” байыбына бармаса да, көпшілік арнайы дайындалып, тойлайтындар қатары артқан. Дін және қоғам қайраткерлері оны «коммерциялық жоба» мен «мәдени отарлау» құралы десе, педагогтар мен психологтар «зұлымдық бейнесі мен ойындар» әсіресе, жас балалардың жетілмеген психикасына қауіп төндіреді деп қорқып отыр.
“Бұл тек қана балалардың тәрбиесі емес, негізі мифтік тұрғыдан, мистикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақта айтады “албасты басқыр” деген сөз бар, солай қорқытудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені, өзіміздің танымдарымыз бар, өзіміздің салт-дәстүріміз бар. Бұны біз дереу қолға алмасақ жақын 5 жылдықта көп дүниені жоғалтамыз” – дейді фольклортанушы Айнұр Төлеу.
Қазіргі таңда жын-сайтандарды ұлықтайтын мерекені атап өту Ресейде және Малайзияда заңмен тыйым салынған. Себебі, олар, көпшілік ғалымдар “сайтандарды ұлықтау” деп, түсінік берген күнді атап өтудің өскелең ұрпаққа берер бірде-бір пайдасы болмағандықтан осындай шешім қабылдаған.
“Егер, жағымсыз жағынан келетін болсақ, бұл мереке негізі балаларға арналған мереке да. Ал, бізде оны үлкен кісілерді тойлайды да. Ол барда немесе кафеде жиналуға немесе түнгі клубтарда жиналуының негізгі себебі. Тойлап жатқан жарнамалап жатқан кісілердің барлығы, сол түнгі клубқа себеп таппай жүрген кісілердіің бірі шығар деп ойлаймын” – дейді блогер Мейірхан Амангелдиев.
Біздің елде керісінше “Хэллоуинді” асыға күтетіндердің қатары артып барады. Бұл мерекеде жастар түнгі клуб жағалап, түрлі қорқынышты, аянышты кейіпке енеді. Тіпті, соңғы уақытта бала-бақшалар мен мектептерде де ерсі дәстүрді атап өту, кең етек жайып барады.
«Бұл хэлоуин мен мәдениеттанушы ретінде айтарым, азғындықтың мерекесі болып табылады. Неліктен? Себебі, жай күндері кие алмайтын қара көз қарындастарымыз неше түрлі мерекелік сценарийімен киінеді. Яғни, оның ішінде атап айтар болсақ, мысықтың киімін, медсестраның киімін, көзге бір қарағанда, жезекшенің киімі дерсің» – дейді мәдениеттанушы Руслан Тұрақұл.
Жалпы, түрлі құбыжық, әруақтардың кейпіне еніп, үй-үйді аралап тәтті сұрайтын бұл мағынасыз мерекені атап өтуді, асыл дініміз де құптамайды. Себебі, “Хэллоуин” пұтқа табынуға шақырады. Иісі мұсылмандар өлгендерге құрмет көрсетеді, артынан жаман сөз айтпайды. Құран бағыштайды. Ал, бұл дәстүр өлілерді қорлап, мазаққа айналдырады екен.
“Пайғамбарымыздың сүннетін алатын болсақ, Пайғамбарымыз өзі мұсылман мұсылманды қорқытуына тыйым салған. Ал, қазіргі күні мына “Хэллоуинді” қарайтын болсақ бір құбыжық болып, бет көзін бояп, қан ағызып жаман бір көріністе көрінеді. Осының өзі мұсылмандыққа жат екенін көрсетіп тұр” – дейді “Нұр Астана” медресесінің ұстазы Абдусамад Махат.
Аталмыш мерекенің діни мамандар негізгі түсінігін берді. Шеттен келген мейрамды тойлау қазақтығымызға жат дүние. Дәстүрімізде үлгі өнеге аларлық дүниелер көп. Ар жағын жылтыраған дүниеге құмар жастар түсінсе игі.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.