Қазақстандықтар Косовода 15 мың евроға бүйректерін сатпақ болған
Сейсенбі күні Приштинаның Аппеляциалық соты “Медикус” ауруханасына қатысты істі қайта қарауға бұйрық берді. Сот 2018 жылдың басында адам сатып, қылмыс жасаумен айналысқан топқа қатысты шыққан үкімді жоққа шығарып отыр. Бұл туралы Balkan Transitional Justice басылымына сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Аурухананың негізін Лутфи Дервиши есімді азамат және анестезиолог Сокол Хаждини қалаған. Олар Косовода орналасқан “Медикус” ауруханасына азаматтарды шақырып, заңсыз жолмен олардың бүйректерін операция жасау арқылы алып алған. Сосын ағзаларды сау науқастарға сатқан.
Түркия, Ресей, Молдова, Қазақстаннан донор болып келген азаматтарға Дервиши 15 мың евро төлеймін деп уәде берген. Осы оқиға осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2008 жылы орын алған.
2008 жылы Приштина әуе-жайында Түркия азаматының денсаулығы қатты нашарлап кетеді. Ол “Медикус” ауруханасында бүйрегінен айырылып қалған. Осы жағдайдан соң полиция қызметкері қылмыскерлерді қолға түсірген.
Айыпталушылар алғаш рет 2013 жылы сотталған. Ал Косовоның аппеляциялық соты үкімді 2016 жылдың наурыз айында бекіткен. Лутфи Дервиши мен оның ұлын 5 жылға соттаған.
2018 жылдың мамыр айында шығарылған үкім бойынша, Дервиши жеті жылға бас бостандығынан айырылып, 8000 евро көлемінде айыппұл төлеуі керек еді.
Осы үкімге Дервишидің адвокаты Бесник Бериша 2018 жылдың дәл сол айында шағымданған. Оның айтуы бойынша, шешім шығару кезінде әділдіктің талаптары сақталмаған. Сот Беришаның аппеляциясын орынды деп тауып, істі қайта қарап жаңа шешім шығаруды жоспарлады.
“Бірінші үкімде қылмыстық-процессуалдық нормаға сәйкес шығарылған. Онда заң талаптары сақталмаған. Осыны дұрыстаудың бірден бір жолы — істі қайта қарау”, — дейді Бесник Бериша.
Лутфи Дервишидің ұлы Арбан Дервишиге де дәл осындай қылмыс жасағаны үшін айып тағылған. Алайда ол әлі күнге дейін қолға түскен жоқ.