Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жұлдыздар ұлдарын қалай тәрбиелейтінін айтып берді

Бала тәрбиесінің қайнар көзі – махаббат мен мейірімділікте. Әсіресе, бүлдіршіндер үшін бұл екі сезімнің орны ерекше. Өйткені олардың әрқайсысы үнемі ата-анасының өздеріне деген шексіз махаббатын аңсап тұрады. Қамқорлық танытқан адамдарға бүйрегі бұрып, қиындыққа тап болса, сол жанға жолығады.

3E0A0789

Фото: Stan.kz

Ал ата-ана мен баланың құрдастай сырласатын жағдайлар жиі кездесе ме? Өкінішке орай, жоқ. Десе де, психолог Гүлжан Амангелдіқызы барлық ата-анаға перзенттерімен сырласып, достық қарым-қатынас орнатуға кеңес береді. Stan.kz психолог Гүлжан Амангелдіқызының бала тәрбиесіне қатысты кеңестерін назарларыңызға ұсынады. Мұнымен қатар, қазақстандық жұлдыздардан ұлдарын қалай тәрбиелеп жатқаны туралы сұрауды жөн көрдік.

Күні кеше Қазақстандағы қазіргі жасөспірімдердің ерте жыныстық жетілуі туралы жазған болатынбыз.  Аталған тақырыпқа қатысты ұл тәрбиелеп отырған әншілердің бірі баланың өз бетімен жақсы тәрбие ала алатындығын айтса, енді бірі ата-аналарға баласының тәрбиесімен міндетті түрде айналысуға кеңес беріп жатыр.

“Жеке тәжірибемде мұндаймен бетпе-бет кездескен емеспін. Оның үстіне ұлым жаңадан үш жасқа толып отыр. Баламның мұндай жаман мазмұндағы фильмдерді қарауға уақыты да жоқ. Себебі, аптасына 3 рет ағылшын тілінен және 3 рет қазақ тілінен сабақ оқиды. Білесіз бе? Баланың тәрбиесімен айналысу үшін көп ақшаның қажеті жоқ. Мысалы, менің әкем қарапайым құрылысшы, ал анам ұстаз болды. Әкем жұмыстан шаршап келсе де, менімен шахмат ойнап, бірге отырып сөзжұмбақ шешетін. Ал анам әнді дұрыс айтуымды қадағалайтын. Осы секілді үйірмеге қатыстыруға ақшаңыз болмаса, саябаққа алып шығып серуендеңіз. Велосипед айдауды үйретіңіз. Қасында отырып кітап оқыңыз. Баланың тәрбиесімен айналысу керек. Оны өз бетімен жіберіп қоюға болмайды. Ата-аналарға интернетті сөндіріп қоюға кеңес берер едім”, – дейді әнші Диана Шарапова.

“Масқара! Шынымды айтсам, не айтарымды білмей тұрмын. Тынымсыз тіршілікпен жүріп бұл туралы әңгіме де естімеппін. Ақылға сыймайтын дүние ғой. Қазақстандық балаларды мұндай жаман ойға қимаймын. Көбінесе ата-аналарды кінәлап жатамыз. Алайда ата-анасынсыз-ақ өз бетінше жақсы тәрбие алып өскен балаларды мен білемін. Иә, ата-ана баласымен дос ретінде сырласуы керек. Мүмкіндігінше көңіл бөлуі керек. Қызымның кейде менен жасыратын құпиялары болады. Оны жасы кіші сіңілдерімнің арқасында біліп қоямын. (Күлді.)

Осындайда керісінше “Сен ұнатқан бала қайсы? Суретін маған көрсетші. Иә, расымен де, сүйкімді екен. Ал мінезі қандай?” деп бәрін сұраймын. “Анашым сізге айтсам, күлесіз ғой…” деп бастап, барлық сырын айтып береді. Ең бастысы, осы сәтте сөзін бөлмеуге, келемеждемеуге тырысамын. Сондықтан ата-аналарға балаларымен досындай сырласуға кеңес беретін едім”, – дейді әнші Маржан Арапбаева. Ал бала тәрбиесіне қатысты психолог Гүлжан Амангелдіқызының кеңестері төмендегідей. Оларды өз кәдеңізге жаратасыз деген үміттеміз!

1. Балаңызға тек шындықты айтыңыз

Шын мәнінде, балаға өтірік айтуды өзіміз үйретеміз. Артынша “мұны қайдан үйренген” деп таң қаламыз. Мұндай жағдай орын алмас үшін балаға әрдайым шындықты айту керек. Шындықты айтып қана қоймай, берген уәдемізді орындағанымыз жөн. Мысалы, белгілі бір себептермен балаға бір ай бойы интернетті пайдалануға тыйым салдық делік. Қандай жағдай болса да, бұл тыйымның өз күшін жоймағаны дұрыс. Егер бала сізді жібітіп, қалағанын алатын болса, ол жаман істің жазасы болмайды деп ойлауы мүмкін. Әрине, болмашы дүниелерге бола балаға тыйым сала берудің де қажеті жоқ.

2. Балаңызбен бірге уақыт өткізуді ұмытпаңыз

Заман талабына сай бір үйде еркек те, әйел де жұмыс істейді. Кешке жақын үйге шаршап келетіндіктен, олар баласына мүлдем көңіл бөлмейді. Бұл – үлкен қателік. Күнделікті жоқ дегенде 10-15 минутыңызды арнайы бөлгеніңіз жөн. Оның мектептегі өмірі, кімдермен достасып жүргенін үнемі бақылап отырыңыз. Себебі, адамды тәрбиелейтін оның қоршаған ортасы. Ол ешуақытта жоқтан бар жасамайды. Өзі араласып жүрген адамдардың мінез-құлқын қайталайды.

3. Балаңызды орынды мақтаңыз

Кейде байқаймын, халқымыз болмашы дүниеге бола баланы мақтауға құмар келеді. Егер осылай жасай беретін болсақ, ертең эгоист бала өсіп шығады. Ол өзінің мүмкіндіктерін объективті түрде бағалауға қиналады. Жұмысында бастығымен жанжалдасып, әріптестерін сыйлаудан қалады. Мақтап жатқан кезде баланы өзгемен салыстырудың да қажет жоқ. Мұндай жағдайда бала үнемі өзін өзгелерден жоғары санап, өзгелердің ішкі менін сыйламай қояды. Керісінше, бала үнемі өзін өзгелерден төмен санап тұратын жағдайлар да кездеседі.

4. Балаңызды еңбекке баулыңыз

Баланы еңбекке ерте жастан бастап баулыған жөн. Осы орайда бір мысал келтірейін. Анасы еден жуып жатқан кезде кішкене баласы сүрткішпен керегені былғады делік. Мұндайда біздің ата-аналарымыз ұрысуға, тіпті ұруға кіріседі. Жоқ, керісінше мұндайда баланы мақтап, оны дұрыс жолға бағыттап жіберуіміз керек. “Маған көмектескелі жатыр екенсің ғой. Жарайсың, құлыным! Мен саған басқа таза сүрткіш берейін. Сен мына еденнен баста” деп бағыттап жіберген артық болмайды. Яғни баланы еңбекке алғашында қулықпен баулыңыз. Соңғы жылдары маған келген аналар ұлдарының ас үй жұмысына араласатындығын айтады. Көбісі ұлдарының осы әрекетінен қорқады. Үй шаруасына араласқан бала міндетті түрде қызтеке болады деген сөз емес. Ол бар болғаны анасына осылай көмектескі келеді.

5. Балаңыздың қызуғышылығын арттыра түсіңіз

Өкінішке орай, ата-аналар көп жағдайда балаларының қызығушылығын өлтіріп алып жатады. Бір затқа қызығушылық танытса, “Ұстама, күйіп қаласың, қолыңды кесіп аласың” деп бетін қайтарады. Мұның орнына баламен бірге эксперимент жасауды ұсынар едім. “Жақсы, осы затты көргің келе ме? Оны бірге отырып бақылайық” деген секілді түсіндіру қажет.

6. Балаңызбен шыдамды болыңыз

Кейде бала бір сұрақты бірнеше рет қайталап қоюы мүмкін. Ең бастысы, сіз қайталаудан жалықпаңыз. 1 000 рет айтқанда түсінбесе, 2 000 рет айтыңыз.

7. Балаңыздың санасы “сен бізге қарызсың” деген ой салмаңыз

Біздің менталитемізге сай бала өскен соң өзін ата-анасына қарыз сезініп тұрады. Бұл – қате. Себебі, бала ата-анасынан өзін тууды өтініп сұраған жоқ. Баланы дүниеге әкелу – әке-шешесінің қалауы болды. Сол себепті әрбір ата-ана “Мен баланы өзімді асырау үшін тудым ба? Әлде оған жарық дүниені көруге мүмкіндік сыйлау үшін тудым ба?” деп өзіне сұрақ қойсын. Егер өзін асырау үшін туса, баланың санасына “сен бізге қарызсың” деген ойды әбден сіңдіріп тастайды. Бала есейген соң ата-анасын асырай алмаса, депрессияға шалдығады. Өзі депрессиядан емделу немесе психологқа бару туралы шешім қабылдамаса, арты суицидке ұласады. Баланы махаббатпен аялап өсірсеңіз, ол бәрібір осы сезімді өздеріңізге қайтаруға тырысады.

8. Балаңызды махаббатқа “шомылдырыңыз”

Баланы өзгеден асып артылғаны үшін емес, жәй ғана осы өмірде бары үшін жақсы көріңіз. “Сен міндеттісің” деген сөзді сөздік қорыңыздан шығарып тастаңыз. Мамандықты да баламен ақылдаса отырып таңдау керек.

9. Балаңызды елдің көзінше ұрып-ұрыспаңыз

Осы әрекетті қазақ ата-аналардан көп көремін. Көшеде байқап қалсам, әлгі балаға жаным ашып кетеді. Мұндайда баланың өзіне деген сенімділігі жоғалады. Кейін өзге бір адам жөнсіз ұрысса, жауап қайтармастан тұра береді. Яғни бала жалтақтап өседі.

10. Тәрбиені өзіңізден бастаңыз

Психологиялық мәдениеті қалыптасқан, осы салада білімі бар ата-ана баласымен жақсы қарым-қатынаста болады. Бала да өз кезегінде ата-анасының кез келген мәселеде көмектесетінін біліп, сырын бөліседі. Мұнымен қатар, бала сізден естігенін емес, көрген істейді. Сол себепті, бірінші кезекте өзіңізді тәрбиелеуге асығыңыз.


Жіберіп алмаңыз:

Эстонияның жаңа президентінің күйеуі жұмысын тастап, бала тәрбиесімен айналысатын болды

Ұлыбритания ханзадасының бала тәрбиесінде қолданатын әдісінің сыры (фото)

Бала асырап алу үшін нені білген дұрыс?

Баланы қамқор әрі дені сау етіп тәрбиелеуге арналған 6 кеңес

Талқылау