Қазақстандық жігіт есірткіге тәуелділіктен құтылу үшін полицияға барып, өзін қамауды сұрады
Елімізде өткен жылдан бері нашаны емін-еркін саудалаған 4 жарым мыңнан астам сайт бұғатталған. Бірақ, соған қарамастан жастарды еліктіретін есірткі заттары әлеуметтік желілер арқылы кеңірек жарнамалануда.
Тіпті, сайттарын үй қабырғаларына жазып, насихаттарын күшейткен. Өкініштісі, жаңа сипаттағы есірткілердің саудасына тосқауыл қоюға құқық қорғау органдары қауқарсыз. Оған не себеп? Жалпы синтетикалық нашаға тәуелді болып, қара түнектен шыға алмай жүрген қанша жасөсіпірім бар? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Владимир Ершов – жетімдер үйінің түлегі. Алғаш рет есірткінің дәмін жоғары сыныптағы оқушылармен бірге татып көріпті. Әуеліде таблеткалар, сосын марихуана, соңында есірткінің ең ауыр түрі героинге қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады.
«Есірткіден басқа нәрсені ойлай алмадым. Өйткені, жетімдер үйінде өткізген өмірімді ұмыту үшін осы маған көмектеседі деп түсініппін. Жұмыс істегім келмеді. Бірақ, есірткі алу үшін ақша керек. Кейіннен менің өмірімді тек наша ғана басқара бастағанын білгендей болдым», – дейді емделуші Владимир Ершов.
Есірткіден басқаны ойлаудан қалған жігіт полицияға барып, өзін абақтыға жабуды өтінген. Онысы нашадан біраз күнге болса да құтылсам деген ой екен. Тіпті, наркологиялық орталық өзін қабылдау үшін электр лапасын сындырып, сонымен тамырын да кескен. Ең соңында есірткіге тәуелді жандарды айықтыруға арналған жерге тап болып, қазір ем қабылдауда.
“Соңғы екі жылда бізге 300-ден астам отбасы бізге келіп көмек сұрады. Қазір бізде ем қабылдап жатқан, 100 адам қалыпты өмірге бейімделіп, жазылып келеді. Жалпы, көп отбасыларда туыстарының бірі есірткіге әуестенсе, оны ұрып-соғып, кейде қамап ұстап жатады. Бірақ, мұның дұрыс емес екенін айтқым келеді. Оны қайта қалпына келтіру үшін осындай орталыққа келу керек”, – дейді есірткіге тәкелді жандарды емдеуге арналған орталықтың қызметкері Бекет Елтайұлы.
Полицейлер өткен жылы нашаны емін-еркін саудалаған 4 жарым мыңнан астам сайт бұғаттағанын айттық. Алайда, сақшылары қауіпті сайттардың көзін түбегейлі жоюға қауқарсыз. Мәселен, мына синтетикалық есірткіні жарнамалаған сайт Астана қаласындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарама-қарсы үйдің қабырғасында бадырайып жазулы тұр. Ол бұғатталған шығар деп интернетке теріп көрдік. Бірақ, еш тосқауылсыз нашаның заманауи түрлерін саудалаған сайтқа өтіп кеттік.
Синтетикалық есірткіні сатып алу оп-оңай. Оны тіпті қолында интернетке қосылған смартфоны бар баланың өзі ала-алатыны мамандарды шошытып отыр. Ақшаны сайт арқылы карта немесе, qiwiмен жіберген соң, олар сізге нашаның қайда жасырылғанын жазып, смс жібереді екен. Ол үйдің маңайы, тіпті балалар ойнайтын алаңқайға да жасырылуы мүмкін.
Ең сорақысы, олар саудаға жас қыз-жігіттерді де тартып, қомақты ақша төлейтін көрінеді. Бірақ, оның соңы қандай жағдайларға әкеліп соқтыратынын көріп жүрміз. Өткен жылы осы әрекет бойынша 101 адам ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Полцейлер қазір “спайс”, “легалка”, “скорость” сынды есірткі түрлерін пайдаланушылардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында екенін айтып отыр. Негізгі қолданушылары жастар.
“Былтыр 4500 сайт өзіміз тәркіледік. Тауып тәулік бойы жұмыс істеп, сол сайттарды біз коммуникация және ақпарат министрлігіне жібереміз. Солар жауып тастайды. Әкімшілік кодексінің 426 бабы бойынша былтыр іс-шара бойынша 101 дерек анықталған”, – дейді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Берікхан Нұрғалиев.
Ресми емес мағлұматтарға сүйенсек, Қазақстанға синтетикалық есірткілерді алып келетін елдердің бірі Қытай. Ал онымен күрес мәселесі әлем елдерін толғандырып отыр. Себебі синтетиканың әсері есірткілер тізіміне енгізілген марихуанадан әлдеқайда күшті. Сондықтан мамандар оны емін-еркін саудалап жүргендерді заңмен жауапқа тартып, жаза қолданбаса, жағдайдың нашарлай түсер түрі барын айтады.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.