Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мектептердегі «5 балдық» бағалау жүйесі ескірді ме?

Қазір білім саласындағы көптеген өзгерістер мен жаңа жүйе ата-аналар мен оқышуларды ілестіртпей жатыр. Заманға сай енген жаңашылдықтарға тіптен ұстаздардың өздері үйренбеген сынды. Алайда бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына кіру жолында адами капиталды дамыту басты мақсат болғандықтан уақыт талабына сәйкес мектептегі білімді бағалау жүйесі де бірте-бірте өзгеріске ұшырауда.

Мектептегі «5-балдық» бағалау жүйесі ескірді ме?

Осы бағалау жүйесі тақырыбы төңірегінде туындаған сұрақтарға байланысты Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

Басты сұрақтар қатарына кірген жалпы қазіргі таңдағы бағалау жүйесі туралы айтар болсақ, әр мектепте, тіпті бір мектеп ішінде әр сыныптарда бағалау жүйесі сан түрлі болып тұр. Бұл жаңа әдіске қадамдық өту жолы болып табылады. Дегенмен бүгін бастауыш сыныптары бірінші сыныптан бастап жаңа жүйені қалыптастыруды ілгерілету мақсатында жаңа бағалау жүйесіне бірден көшіп жатыр.

Алматы қаласы 176 мектеп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Байгожина Ардақтың айтуынша, бастауыш сыныптарда бұрынғыдай бес балдық баға жүйесі жоқ. Тіпті бірінші сыныптың алғашқы жартыжылдығында бағалау жүйесі мүлдем қолданыста болмайды. Оқушылармен тек ғана оқу, сауаттылық және басқа да пәндерге байланысты бақылау, диктант жұмыстары жүргізіліп, тек үйрету барысы пайдаланылады.

«Бұл мүлде баға қолданылмайды деген сөз емес. Басқа бағалау тәсілдерін қолдану арқылы балаларды ынталандырамыз. Мысалы, смайликпен, екі жұлдыз, бір тілек сынды бағалауды қолдана отырып, оқушылардың өзара пікірлесіп, бір-бірін бағалап, оларды зерделеуге және сабаққа деген зейінін шоғырландыруға ынтамызды саламыз.

Ал екінші жартыжылдықтан бастап бағалау бақылау жұмысы ретінде жүреді. Оған ұпайлық жүйе қойылады. Берілген әр тапсырманың өзінің бағалау жүйесі бар. Аталған әдіс баланың ойлау қабілетенінің, логикасының дамуына, білімге деген кұштарлығына, жаңалық ашуына, әр нәрсені зерделей білуіне әкеледі», – дейді Ардақ Байғожина.

Білім саласында қырық жылдық тәжірибесі бар Ардақ Байғожина ескі жүйе мен жаңа әдісті салыстырғанда, заман талабына сай болып тұрған ұпайлық жүйені қолдауда. Оның айтуынша, бұрынғы әдіс баланы психологиялық тұрғыдан жаныштап тастайды. Ал қазіргі тәсіл керісінше, балаларға ашық сұрақтар қою арқылы және сол баланың өз ойын жетелеп, оны басқаларға жеткізе алатындай жан-жақты ашылған оқушыны тәрбиелейді.

«Бұл сұрақ бойынша баланы білімге жетелеудің көптеген тәсілдерін біліктілікті арттыру курстарында өтіп, жаңашылдықтарға жол ашып жатырмыз. Алайда, баланың тәрбиесі шетте қалмайды. «Білім мен тәрбие» егіз демекші, жаңағы бағалаудың өзінде үлкен тәрбиелік мән бар екенін түсінгеніміз жөн. Қазақшалап айтқанда, «батпитып» «5, 4, 3» деп тонмен қойған бағадан гөрі баланы жетектеп келіп, «міне, сенің бағаң» деп өзіне бағалату ұнамды сияқты», – деп жаңа жүйені қолдап отыр Ардақ Байғожина.

Дегенмен ұстаздар арасында да жаңа жүйені түсінбей жатқандар баршылық, бірақ оқушыларды ынталандырып, «бәрекелді», «өте жақсы», «керемет», «қане, қол шапалақтайық» деген марапаттаулар арқылы бағаланғаны дұрыс екенін атап өтті.

Бұл тәсіл бастауыш сыныптарында ыңғайлы болғанымен, жоғарғы сыныптарға келгенде өзіндік қиыншылықтар туғызады екен.

Жаңа бағалау жүйесіне біртіндеп өтіп жатқан мектептерде ұстаздар мен оқушылар бірге қиналып, оқу талаптарына көндіге алмай бастапқы бағаларын ақтай алмауда.

Осы тақырыпқа орай пікір білдірген Мақаншы ауылының Найманмай атындағы мектептің математика пәні мұғалімі Тойғанбаева Балғынның айтуынша, бұрынғыдай дәстүрлі, яғни «2-5» аралығындағы бағалау жүйесі жойылып барады. Биыл бұл жуйе бірінші рет қолданысқа енгеннен кейін, алғашқы тоқсандарда оқушылар дұрыс оқымай, жыл соңында жинаған балдары бұрынғы дәстүрлі жүйемен алған бағаларына сәйкес келмеді. ақтай алмай қалғандары болды.

«2017-2018 оқу жылындағы 4,6,8,11 сыныптар аралығында сақталып тұрса, 2018-2019 оқу жылынан бастап ол сыныптардың қатары азаяды. Яғни, дәстүрлі бағалау жүйесі бойынша 4,9,11 сыныптар ғана қалады. Ал қалған сыныптар балдық жүйеге ауысады», – дейді Балғын.

Бұл жүйенің жаңашылдығы – бағалардың барлығы Күнделік.кз порталына еніп, оқушы жинаған ұпай мен білім деңгейі компьютерде автоматты түрде есептелінетіні.

Тойғанбаева Балғын жаңа бағалау жүйесін екі тараптан қарастыруға болатынын айтады.

«Аталған балдық жүйенің жағымды жағы – оқушы өзінің білімін жетіктіру үшін талпынады. Оқушының барлық бақылауларды ескергендегі балының қорытындысы төмен болса, автоматты түрде оқушы келесі сыныпқа көшпейді. Сондықтан оқушы өзі үшін талпынып оқиды.

Жағымсыз жағын алатын болсақ, оқушыларда бұрынғыдай күнделікті дайындық жоқ. Бұл жүйе бойынша балаға «неге оқымадың» немесе «сенікі дұрыс емес», «сенің жауабың қате» деген сөздер қолданылмайды. Күнделікті бағалау кезінде смайлик немесе мадақтау сөздерін қолданғанымен, оларда бұрынғыдай «2» алып қаламын-ау деген үрей болмайды. Мұндай кездерде тек ата-анасына ескерту жазылады, оның өзі комментарий ретінде қалыптасқан. Тоқсан бойы оқуға салбырт қарағандығы бақылауға келгенде кері әсерін береді», – дейді Балғын.

Балғын өз сөзін қорытындылай келе, баланы өзіндік өмір сүруге бейімділігін арттыру үшін рейтинг бойынша бағалау жүйесін жетілдіруді керек екенін айтады. «Сонымен қатар, жаңартылған оқу бағдарламасы мұғалімге көп жағынан тиімді. Ең бастысы бұрынғыдай қойған бағасы үшін ата-аналар мен оқушылар алдында ақталмайды. Өйткені ұстаз баға қоймайды, ол тек балды компьютерге енгізеді, ал бағаны есептеп шығаратын – база», – дейді ол.

Ал мектеп психолыгының ойынша, жаңа білім жүйесі баланы ынталандырмай, керісінше шаршатады.

«Бала баға алмаса оқымайды, ал оқыған жағдайда бағаланбайды. Психология жағынан қарасақ оқушыға күш-салмақ көп түседі. Бұл жерде баламен бірге ұстазға да қатты ауыр тиеді. Сондықтан мен ескі «5-балдық» жүйенің қалғанын қолдаймын. Ол кезде бала өзінің білім деңгейін нақты біледі», – дейді мектеп психологы Ләззат Көбелдесова.

Ал ата-аналарға келер болсақ, мектеп ұстаздары оқушының бəсекеге қабілеттілігін арттырып, пəнге қызығушылығын оятса кез келген бағалау жүйесіне қарсы еместіктерін атайды.

«Балаға оқу процесінде өзін-өзі тексеру мен бақылау, өз қатесін табу, оларды жоюдың жолдарын табуға жаңа жүйе бойынша ұстаз тарапынан көмек қажет. 12-жылдық мектеп жүйесіндегі 10 балдық жүйеге өтетін де кез келген сияқты», – дейді Закариянова Шолпан, 6-шы және 10-шы сынып оқушыларының ата-анасы.
Бағаны смайликпен алып үйренген бірінші сынып оқушысы Батыржан Амантай, әрдайым күліп тұрған смайлик алатынын айтып мақтанды.

««Бес» деген жақсы баға қойған кезде бізге мұғалім күліп тұрған смайлик жабыстырып береді», – дейді Батыржан.

Бүгінгі таңның оқу жүйесіндегі бағалау әдісі әлі де жаңашылдықтармен толығатыны анық. Алайда сол жаңашылдықтардың оқушыларға да, ата-ана мен ұстаздарға тиімділігі мол болса деген үміттеміз. Ал сіз қай бағалау жүйесі дұрыс деп ойлайсыз?

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау