Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Қазақстандық альфонс жігіттер елдегі бақуатты әйелдерді қойып, америкалық келіншектерге көз салуда
Бүгінде қыздар ғана емес, тепсе темір үзетін, сайдың тасындай жігіттер де тәнін саудалайтын болған. Тіпті, соңғы жылдары олардың саны көбейіп барады. Ең сорақысы, альфонс жігіттер Қазақстандағы бақуатты әйелдерді қойып, мұхиттың арғы жағындағы қалталы келіншектерге де көз салуда. Ал сарапшылар жағдайы жақсы, карьерасы өрге домалаған әйелдермен танысуды қалайтын ер азаматтардың қатары көбейіп кеткенін растайды. Дәл осындай серісымақтардың арбауына түсіп, дүние-мүлкінен айырылып, тіпті өзіне қол салған қыз-келіншектер бар екен.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
АҚШ-та жүрген қазақтың альфонс жігіттерінің бірінің желідегі видеосы жұртты ашуландырды. Оның сөзіне қарағанда, 50-ден асқан америкалық бақуатты әйелдің қол астына кіріп алып, шалқып өмір сүруде екен. Ол желіде ашық түрде өзін жарнамалағаны былай тұрсын, өзгелерді өзіннен үлгі алуға үгіттеген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ақша үшін тәнін саудалайтын альфонс жігіттерді әлеуметтік желіден табу оп-оңай. Мәселен, интернетте ондайлар тек бақуатты келіншектерді іздейтінін көрсеткен. Ал оның жанына жасын, ұлтын, ұсынатын қызметінің түрін, бір сағаттық бағасын да жазып қойғандар бар. Бәрінің де қалауы бір: клиенті өзінен әлдеқайда үлкен әрі қалталы болуы тиіс. Ал, қазіргі қоғамда осындай ер адамдардың көбейіп кеткенін психолог маман былай деп түсіндірді.
«Біреуі жатыпішер альфонс дейміз. Ол тек қана әйел адам барлық жағдайын жасап, тек қана бүгінгі қарны тоқ болса болды. Содан кейін әдемі киініп, әдемі жерде болса болды. Одан кейін әйел құмар альфонстар бар. Біресе мына әйелмен жақсы өмір сүргісі келеді. Біресе мына мейрамханада жүргісі келеді. Альфонстардың енді ең керемет түрі кәсіби альфонстар», – дейді психолог Ғибрат Сағындықова.
Ал Жамбыл облысында альфонс жігіттің кесірінен 29 жастағы Айгерім Молдатаева көз жұмған еді. Марқұмның туысқандарының сөзінше, келіншектің асылып өлгеніне сол сүйген жігіті кінәлі көрінеді. Төрт жыл бойы кездескен азаматы оны әбден қарызға батырыпты. Салдарынан берешегін өтей алмаған бойжеткен өз-өзіне қол салған, дейді бауырлары.
«Кіргеннен: «Кешіріңіз, кінәлімін», – деп жылай берді. Несиенің қағаздарын көрсеттім. «Мынау не? Не істедің мына ақшаны?» – дедім. Сонда әкесі баласының өзін күйдіріп бітіргенін айтты. «Төлеймін, не істеймін», – деп кетті», – дейді марқұмның анасы Жеңіскүл Молдатаева.
Бірақ жігіт те, әкесі де сол күйі ізім-ғайым жоғалыпты. Қазір қара жамылған отбасы алаяқ жігіттің үстінен арыз түсіріп, прокуратурға шағымдануда.
«Екі күннен кейін біздің ағайындар барды үйіне сөйлесуге, мен ештеме төлемеймін деп қайтарған», – дейді марқұмның анасы Жеңіскүл Молдатаева.
Қоғам белсендісі Полатбек Жолановтың пікірінше, нәзік жандардың мойнына отырып, масыл болғандарды “жігіт” деп айтудың өзі ұят. Ал, олардың мұндай жолға түсуіне өз әкелері кінәлі көрінеді.
«Біздің қазағымызға, тектілігімізге өте бір жат қылыққа кетіп бара жатырмыз. 500 мыңдап альфонстар көбейіп кетті. Әкесі, шешесі кәнілі деп есептеймін. Басы істемейтіндер альфонс болады. Ал басы істейтіндер тіршілік жасайды. Басы істемегеннен кейін біреуге құлдыққа барады», – дейді қоғам белсендісі Полатбек Жоланов.
Осылайша, оңай олжа табуға құмар, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін “жігітсымақтарды” анықтау қиын емес. Ең алғашқы қадамын олар тиын-тебен сұраудан бастайды. Артынша қомақты қаржы, алтын, көлік, тіпті баспанасын тартып алуға дейін барады екен. Сондықтан құшақ-құшақ гүлге, жылы сөздерге алданбай, жігітті толық танып-білген дұрыс дейді психологтар.