Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сараптама жасаған дәрігерлердің өздері қауіпті ауруларды жұқтырып алып жатыр

Қазақстанда мәйітті тіліп, сот-медициналық сараптама жасаймын деп жүріп дәрігерлердің өздері қауіпті ауруларды жұқтырып алып жатыр.

Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 100 адамға жуықтаған. Өйткені, елдегі мәйітхана  ғимараттары талаптарға сай емес. Әрі, маман жетіспейді. Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко бұл мәселелерді әскери жолмен шешу керек деп отыр, деп хабарлайды 31 арна.

Сот-медициналық сараптама десе бірден мәйітхана елестейтіні анық. Шынымен де, осы сала мамандарының ең күрделі әрі психологиялық тұрғыдан ауыр жұмысы сол – мүрдені зерттеу. Моральдық жүктемесі өз алдына, аты жаман ауруларды жұқтыру қаупі де жоғары екен. 

“Соңғы 5 жылда сараптамалық мекемелерде 56 дәрігер, мейірбике мен санитар туберкулез жұқтырған. Тағы 26 қызметкер әртүрлі вирустық гепатитті жұқтырды. Мұндай жағдай Ақмола, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында ғана тіркелмеген. Яғни, жұқпалы дерт кімге де болса жұғуы мүмкін”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұлан Әбдіров.

Неліктен бұлай? Депутаттар мұның себебін жұмыс орнындағы ахуалмен байланыстырды.

“Республика бойынша толықтай стандартқа сәйкес келетін ешқандай сот-сараптама орталығында ғимараттар жоқ. Оның барлығы әділет министрлігінің тарапынан болсын шешу үшін үлкен қаражатты қажет етеді. Бұл бойынша үкіметке, облыс әкімдеріне тиісті ұсыныстар берілетін болады”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева.

Осыдан келіп жаңа мәселе туындайды. Жағдай жасалмаса, әрі жалақысы аз болса кім жұмыс істегісі келсін?

Қазір бұл салада маман тапшы екен. Кейбір аймақтарда нақты бағыттарда зерттеу жүргізетін қызметкерлер атымен жоқ. Олардың жұмысын өзге сарапшылар істегісі келмейтін көрінеді. Мұны естіген вице-спикер Владимир Божко генерал кезіндегі тәжірибесімен бөлісті.

Ал, 92 ауданда сот-медициналық сараптама орталығы мүлдем жоқ екен. Тергеушілер мүрдені 200-300 шақырым жерге апаруға мәжбүр. Әскери тәртіппен реттеу керек деген Божко бұл саланы жолға қою мәселесі 5 жыл бұрын үкіметте көтерілгенін еске салып өтті.

Тағы да оқыңыз:

Ақтөбеде 63 жастағы зейнеткер жыныстық қатынастан жұқпалы ауру жұқтырған

Елімізде бір аптаның ішінде 5 адам тұмаудан көз жұмды

Қарағандыдағы қос бүлдіршіннің өліміне базардан сатып алынған шұжық себеп болуы мүмкін

Талқылау