Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Қазақстанда қайтыс болған адамның несиесін кім төлейді?
Қазақстандықтардың жыл санап екінші деңгейлі банктердің алдындағы қарызы ұлғайып келеді. Бір ғана мысал. Осыдан 2 ай бұрынғы көрсеткіш бойынша ел тұрғындарының тұтыну несиесінің берешегі 310 миллиард теңгені құраған. Қарызды алуын алып алып, уақытылы қайтара алмай жүрген азаматтардың саны болса 3,5 миллион адамға жуықтапты. Борышкерлердің тізімінде жер басып жүргендермен қатар, қайтыс болған азаматтардың да аты-жөні бар көрінеді.
Жоғарыда аталған көрсеткіштер көңіл көншілерлік деп айту қиын. 310 миллиард теңге деген де аз сома емес. Ұлттық банк қазақстандықтардың биылғы жоспарын біліп көрмек болып сауалнама жүргізген, деп хабарлайды “Еуразия бірінші арнасы“.
Оның қорытындысы бойынша, тұрғындардың 20 пайызы ағымдағы жылдың 12 айында несие алуды көздеп отырған көрінеді. 75 пайызы кредитке жоламаймыз десе, қалған 5 пайызы жағдайына қарай банкке барып қарыз сұрауымыз мүмкін деп жауап берген.
Ақшаны алуын алғанымен кестеде көрсетілген мерзімге сай қайтару міндет саналады. Ал егер борышкер көз жұмған жағдайда оның қарызы не болады? Төленбей ұмыт қала ма әлде?
«Оның ішінде егер мұра алған мұрагерлер, қабылдап алған мұрагерлер мұраның құрамына кіретін мүлікті немесе оған құқықтарды тіркеуден бас тартса, жалтарған жағдайда онда мұра қалдырушының кредиторлары мәжбүрлеп тіркеуді талап етуге құқылы. Осы жерде айқындалады», – дейді нотариус қызметкері Темірлан Қошқаров.
Тарқата айтсақ былай. Марқұмнан қалған мал-мүлік иә болмаса басқа да дүние заңды түрде мұрагерге қалады. Егер оның банкке қарызы болса, ол да аманаттап тапсырылатын болып тұр. Яғни, бірін алып, екіншіден бас тартуға болмайды. Бірінші кредиттік бюроның мамандары осылай дейді.
«Егер мұрагерлер мұра ретінде келген мүлікті тіркеуден бас тартса, онда банктер ол жағдайды сот шешімімен мәжбүрлеп талап етуі мүмкін. Бірақ, ескеретін бір жағдай – міндеттемелердің жалпы сомасы мұраның жалпы сомасынан аспауы керек», – дейді субъектілермен жұмыс істеу департаметінің директоры Индира Қарлыбаева.
Бұл келтірілген фактілер қатып қалған қағида емес екенін Темірлан Жұмағазыұлы растады. Егер марқұмның соңынан ешбір құнды дүние не мүлік қалмаса онда мұрагерліктен түбегейлі бас тартуға болады.
«Мұрагерлік заңдар бойынша мұрадан бас тартуға да құқығы бар. Бас тарту құқығы сол 6 айдың ішінде. Қайтыс болған мерзімнен бастап 6 айдың ішінде барып бас тартуға құқығы бар. Мұраны қабылдап алу осы жерде әмбебап құқықтық жағдаймен қаралады. Өйткені барлық мұра бір сәтте қабылданады», – дейді нотариус қызметкері Темірлан Қошқаров.
Қайтыс болған адамның несиесін төлемес үшін жақындары не туыстары мұрагерліктен бас тартқанда қайда барып кімнен ақыл сұрайды? Бұл мәселенің жарасы жеңіл. Банкке барып ауызша не жазбаша өтінім айтып нотариусқа барып жүгінсе жеткілікті екен. Мамандардың пікірі осы.