Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл махаббат мен үшін жұмбақ": Америкалық дирижер Қазақстанға деген шексіз махаббатын бөлісті

Танымал америкалық дирижер қазақ елін жақсы көретінін мойындап, қазақ музыкасын өзіне жіберілген үлкен сый деп қабылдайтынын айтты. Бұл туралы ол Абай атындағы опера және балет театрының 85 жылдығына арналған шарада бөлісті деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Суретте: шетелдік дирижер Дориан Уилсон

Абай атындағы опера және балет театрымен жұмыс істеп жүрген Дориан Уилсон театр әртістерімен жұмыс істеуден алған әсеріне тоқтала отырып, елімізге деген махаббатымен бөлісті. Ол қазақ елін тек музыкасы үшін емес, мәдениеті, табиғаты бар нәрсесі үшін жақсы көреді екен. 

"Қазақстанға қанша рет келгенімді санап жүріп, шатасып кеттім. Бәлкім, он бесінші немесе жиырмасыншы рет келіп тұрған шығармын. Қазақстан — менің әлемдегі ең сүйікті мекенімнің бірі. Бұл елге келген сайын құрметке бөленгенімді түсінемін, оның табиғатын, мәдениетін және осында айналамды қоршаған дүниенің барлығын жақсы көремін. Бұл махаббат мен үшін жұмбақ. Cіздің еліңізде, қалаңызда өткізген уақыттан, театр әртістерімен бірге жасаған жұмыстан ләззат аламын", — дейді атақты дирижер.

"Қазақ музыкасы маған берілген керемет сыйлардың бірі болды. Аспаптарда ойналған ән, қазақ тілінде шырқалған ән жүрегімді елжіретеді. Қазақ тілін түсінбесем де, қазақша әнді естігенде ерекше күйге бөленетінім рас. Ал қазақтың дәстүрлі музыкасы басқа елдердің дәстүрлі музыкасымен салыстыруға келмейді, керемет ", — дейді Дориан Уилсон. 

Қазақ музыкасы әлі де талай елді, талай тұлғаны тамсандырады деген сенімде өнерпаз. Айта кетсек, қазір Дориан Уилсон "Ромео мен Джульетта" балетіне дирижерлік етеді. 

Алматыда 29 мамырдан 2 маусымға дейін Абай атындағы опера және балет театрының 85 жылдығына орай опера және балет фестивалі өтеді. Өнер ордасы репертуарындағы үздік туындыларды өнер сүйер қауымның назарына ұсынады. Фестиваль күндері театр сахнасында Л. Хамидидің "Абай" операсы, С. Прокофьевтің "Ромео мен Джульеттасы",  Ж. Бизенің "Кармен" операсы, П. Чайковскийдің "Аққу көлі" балеті, барлығы жаңартылған қойылыммен көрсетіледі.

Талқылау