Қазақшаға аудармады: Ақтөбелік адвокат жиналысты орысша өткізген әріптестерін сотқа берді
Ақтөбелік адвокат Нұрбибі Есмағамбетова тіл мәселесі үшін әріптестерімен соттасып жатыр. Айтуына қарағанда, облыстық адвокаттар алқасының төрағасы мен жалпы жиналыс төрағасы оның құқығын аяққа таптаған. Соңғы жиын тек қана орыс тілінде өткен, жаңа жарғы да мемлекеттік тілге аударылмаған.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрбибі Есмағамбетованың айтуынша, оның азаматтық құқығына жалпы жиын кезінде нұқсан келген. Ақтөбелік қорғаушылар алқасының жиыны орыс тілінде өткен. Жаңа жарғыны талқылау мен қабылдауға қатысты барлық сұрақтар мемлекеттік тілге аударылмаған. Тіл кедергі болғандықтан, отырысқа толыққанды қатыса алмадым, деп ашынады заңгер.
“Адвокаттар алқасына жазбаша түрде ұсыныс білдірдім. Бірақ оған ешкім жауап бермеді. Тіпті, менің ұсыныстарым күн тәртібінде қарала ма, жоқ па, оны айтпады. Мені назардан тыс қалдырды. Жарғы екі тілде талқыланбағандықтан, оның қабылдануын заңсыз деп білемін”, – деп ағынан жарылды Нұрбибі Есмағамбетова.
Ал әріптестері заң бойынша жарғыны қазақ тілінде ұсынуға міндетті емеспіз деп отыр. Төралқа төрағасы Раиса Якубенко аударма жасауға уақыт тапшылығы кедергі болғанын мәлімдеді. Айтуынша, жарғы жиын уақытына толықтай дайын болып үлгермеген. Бұдан бөлек, төралқа Нұрбибі Есмағамбетованың ұстанымын түсінбей отыр. Себебі әріптесім мемлекеттік тілді қаншалықты жетік білсе, орыс тілін де соншалықты меңгерген дейді.
“Егер қатысушылардың бірі орыс тілін білмесе, аударма міндетті түрде жасалар еді. Оның үстіне, жиналыс кезінде ол жиын қазақ тілінде өтсін деген талап қойған жоқ”, – дейді Раиса Якубенко.
Енді 19 қаңтар күні екінші адвокаттар жиыны өтеді деп күтілуде. Бұл жиында президиум төрағасын қайта сайлау мәселесі де қаралады.
Раиса Якубенконың айтуынша, алқа ішінде осы уақытқа дейін тіл үшін талас болмаған. Ал алқаға кіретін 118 адамның небәрі 8-і Нұрбибі Есмағамбетованы қолдап отырған көрінеді. Алайда бас көтерген адвокат жеңілуге құлықты емес. Ол қабылданған жарғыны заңсыз деп тануды талап етіп отыр.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.