Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысының тұрғыны ақшадан тарыққандықтан діни ағымға кіруге бел байлаған

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алаш арыстарының ізі бойынша «Алаш жолы» атты шағын тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырған еді.

Қоянды ауылының әкімшілігі, ауруханасы орналасқан үйдің жағдайы мәз емес. Аңғал-саңғал, терезелері сынған сықпытсыз ескі үйде қор болған қайран ту мен герб дерсіз. Әкімшіліктің ішіндегі бөлмесі де алақандай. Ауыл тұрмысы өте төмен деседі. Азын-аулақ малмен күн көретін жұрт. Қиранды үйлер де көп. Мұнда 60-қа жуық отбасы тұрады. Бұл ауылда ұялы байланыс та ұстамайды. Облыс әкімшілігінің қарапайым халықпен арасы алшақ екені байқалып қалғандай. Иә, бұл жер бір кезде керемет өркендеген өлке болыпты…

Арқаны әнмен қырған Мәди Бәпиұлының зиратына барып тәу еттік. Ол қала шетіндегі зираттан орын тепкен екен. Тура сол зираттардың қасынан Қарқаралыда екінші мешіт салынып жатыр екен. Ал музейдің жұпыны хәлі көңілді күпті етеді. Жолдардың жағдайы да тіпті ауыр. Қоянды жәрмеңкесі тәрізді қазақтың тарихи орындарының жағдайы мынау. Сөйте тұра екінші мешіт салынбақшы. Бұл батпан құйрықтың артында кім тұр? Құнанбай мешітінде бүгінде Сәтбаев қаласынан келген бір молда имам екен. Сәтбаев қаласы бүгінде діни-экстремистік ағымдардың көптігімен аты шыққан қала. Ондағы әлеуметтік-материалдық жағдай, теріс ағым өкілдеріне арналған түрмелердің сонда орналасуы осыған апарған екен. Ал енді сол Сәтбаев қаласынан келген иманның сенімінің дұрыс-бұрыстығын кім тексеріп жатыр дейсіз.

Көлік жүргізуші ағамызды әңгімеге тарттық. Бар-жоғы 40 мың теңге алады екен. Оның 20 мың теңгесін несиеге береді. Сонда 20 мыңға қалай күн көрмек? Әбден қиналып кеткен ағамыз тіпті уаһабистердің қатарына қосылуға пейілді болыпты. «Діни ағымға кірсең, бізден бөлек кет» деп кемпірі қарсы болыпты. Себебі, діни ағымға кіргендер осы күні кәдімгідей жағдайын жасап алғанын тамсана әңгіме етті. Бірақ арасында Сирияға төтесінен жол тартқандары да бар екенін айтып қалды. Қысқасы, Қарағанды облысы әкімшілігің қарапайым халықтан ауылдарының іргесін аулақ салғанын аңғару қиын емес көрінді.

Арман Әубәкір

 

Талқылау