Қазақ вальсінің королі: Шәмші Қалдаяқовтың әндері жазылған диск шықты
16 тамыз күні Алматы қаласында орналасқан “Мирас” салтанатты үйінде қазақ вальсінің королі, ән жанрының майталманы Шәмші Қалдаяқовтың әндері жазылған CD дискінің тұсаукесері өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сазгердің дүниеге келген күнінің құрметіне ұйымдастырылған бұл жиынға оның ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқовадан бөлек, қаламыздағы мәдениет және архивтер басқармасы жетекшісінің орынбасары Данияр Алиев, Cinema Art қорының арт-директоры Айка Алеми және шетелдік қонақтар қатысты. Абай атындағы ГАТОБ-тың үздік деген әртістері композитордың және әлемдік классиканың әндерін шырқады.
Салтанатты жиынды сазгердің ұлы, дирижер Мұхтар Қалдаяқов ашты. Ол Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне көктемде өткен концертке тоқталып, CD дисктің сол кештің арқасында жарық көргенін айтты:
“Мен бүгін, Мирас салтанатты сарайында осындай шараның өтіп жатқанына қуаныштымын. 7 сәуір күні Республика сарайында Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне орай “Көктем әні” атты концерт өткен болатын. Сол концерттегі әндер жинаққа еніп отыр. Ең алдымен концертті өткізуге рұқсат беріп, бізді қолдаған, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке алғысымды білдіремін. Себебі, кешті оңтүстік астанада өткізу туралы ойдың өзі маған қуаныш сыйлайды. Менің адамдарым, әріптестерім, барлығы осында. Мен әрқайсысына алғысымды айтамын. Олар жақсы жұмыс істеді. Концерт өте керемет өтті, мен сол кештің продюсері де, дирижері де болдым”, — дейді ол.
Сазгердің ұлы концерттің қалай ұйымдастырылғанын да тоқталып өтті:
“Балапан Жұбаева ұстазы, Кеңес Одағының халық әртісі Роза Бағланова дүниеден озған соң, оның құжаттарын ретке келтірген. Сөйтіп бұлбұл әншінің архивінен алты, жеті қазақ сазгерлерінің бұрын-сонды жарық көрмеген туындыларын тауып алған. Олардың қатарында менің әкемнің әні де болған. Балапан маған қоңырау шалып, әкеңнің 1961 жылдары жазған, бірақ өзі де, біз де ұмытып кеткен, “Көктем әні” деген туындысы бар екен деді. Сосын осы әнді халыққа естірту мақсатында концертіміздің атын да осылай атадық.
Мен Абай атындағы ГАТОБ-та 1995 жылдан бастап істеймін. 23 жылдай болып қалды. Концертке дайындыққа театрдан 15 вокалистті алып келдім. Әрине, олардың барлығы Шәмші Қалдаяқовтың әндерін біледі. Кейбіреулері әндердің сөзін қайталап, қайта жаттады. 10 репетиция жасап, концертті жоғары деңгейде алып шықтық. Әкемді, оның шығармашылығын есімізге алдық. Кеш соңында барлығы ҚР әнұранын айтты. Маған концертті қою туралы ойымды жүзеге асыруға көмектескен әріптесіме, Қазақстанда және шетелде танымалдығы бар музыкант Ерлан Мансұровқа алғысым шексіз. Әрине, осындай кеш пен шаралар мен үшін өте бағалы. Бұл менің әкемнің кеші ғой. Осы дискінің жарық көруіне көмектескен жандарға рахметімді айтамын. Бүгінгі жиында концерттегі әндер шырқалады, — деді ол.
Қазақстандықтар үшін халық сүйіктісінің тұяғы бүгінгі күні қалай өмір сүретіні қызықты тақырыптардың бірі. Мұхтар Қалдаяқов өзінің жұмыс күні қалай өтетінін айтып берді:
“Біз, музыканттар, таңғы асқа дейін аспаптарымызда ойнап үлгереміз. Жұмыс күні сағат бірден екіге дейін тағы да дайындаламыз. Театрда жиі кешкі дайындықтар болып тұрады. Бос уақытымда футболмен, жүзумен айналысқанымды ұнатамын. Театр қызметекерлерінде демалыс дүйсенбіде болған соң, сол күні жаяу жүріп серуендегенді жақсы көремін. Туризмге қызығамын”, — дейді дирижер.
Сонымен қатар, асылдың тұяғы болашақта әкесі жайлы мюзикл қоюды жоспарлайды. Ол тілшілерге әлі де болсын өз әкесін жақынырақ танып білгісі келетінін айтты.
Салтанатты жиында Алматы қаласының мәдениет және архивтер басқармасы жетекшісінің орынбасары Данияр Алиевке сөз берілді:
“Шәмші Қалдаяқовтың жарнамалаудың өзі қажет емес. Себебі ол қазақтың тұла бойына біткен, дара қасиетімен дараланған тұлға. Қала әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен сәуір айында Алматының төрінде үлкен концерт өткен еді. Бүгінгі кешке жиналғандардың барлығы сол концертке куә. Сол концерт жалғасын табу мақсатында диск жарық көріп отыр. Осы диск шыққаны үшін ардақты бауырларымызға, демеушілерге үлкен алғыс айтамыз. Шәмші Қалдаяқов — қазақ вальсінің королі. Оның әндері мәңгілікке біздің жүрегімізде сақталып қалады. Оның өнері сіз және біз бар кезде өрге жүзеді. Өшпей, дами түседі, — деді ол.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері жазылған CD дискті шығаруға көмектескен, Cinema Art қорының арт-директоры Айка Алеми де кеште отандық мәдениет пен сазгердің әндеріне қатысты ойымен бөлісті:
“Мәдениет ғасырға ұласады. Шәмші Қалдаяқов қазір ортамызда жоқ. Бірақ оның ойлары, жаны, туындылары өмір сүріп келеді. Сондай-ақ олар бізден кейін де өмір сүретін болады. Сондықтан Cinema Art қоры мәдениетті қолдайды. Біз қорды әріптестерімізбен бірге музыка, архитектура, дизайн, театр, балет сынды барлық креативті индустриядағы шығармашылық тұлғаларға өз-өздерін көрсетуге мүмкіндік беру үшін аштық. 21 ғасырда сен жүрегің мен ойыңда жүрген өнімді жүзеге асыра аласың. Қазақстан өзінің үлкен мәдени мұрасымен бай. Сондықтан біз қорды осы мұрамыздың қаншалықты дара екенін, жеріміздің әдемілігін көрсетіп, жетістікке жету үшін де аштық. Алға қойған мақсатымызға жету үшін біз барлығына әртүрлі механизмдер арқылы қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Механизмдердің сайыс, тағылымдама, жас дарындарды қашықтықта оқыту, бірігіп өнім шығару сынды түрлері көп. Мен креативті Қазақстанға сенемін”, — дейді ол.
Айка Алемидің сөзіне сенсек, ақпан айында ашылған қор, дарынды қазақ жастарын шетелде оқытуды жоспарлап отыр.
Кендолық Джамбо-Джамбо да Шәмші Қалдаяқовтың “Мойынқұмда” деген әнін салып, мерекелік жиынға жиналған қауымды тамсандырды. Олар қазақ әндерін француз тілінде де шырқайды. Топ мүшесі Обидидің айтуы бойынша, қазақстандық таныстары, оларға мемлекеттік тілде ән салып үйренуге көмектеседі:
“Қазір қазақ тілінде 4 әніміз бар. Біз өзімізге рұқсат берілген әндерді ғана айтамыз. Олар көбінесе халық шығармашылығының туындылары. Осы жерде таныстарымыз көп. Олар қазақ тіліндегі әнді орысшаға аударып береді. Сосын мен сол аударманың француз тіліндегі транскрипциясын жасаймын. Құдайға шүкір, топ мүшелерінің барлығы өте дарынды. Бір әннің сөзін жаттауға екі, үш апта кетеді. Сонымен қатар, бізге вокалдан сабақ беретін мұғаліміміздің ұлты қазақ. Ол бізге сөздерді дұрыс айтуға көмекстеседі. Жалпы, қазақ тілі мен француз тілі бір-біріне онша ұқсай бермейді. Бірақ Қазақстанның мемлекеттік тіліндегі кейбір дыбыстар біздің тіліміздегі дыбыстарға ұқсайтыны рас. Кендода 250 ден астам тіл бар. Қазақ тілі мен біздің еліміздегі кейбір тілдер дыбысталу жағынан үйлеседі”, — дейді ол.
Жиынға жиналған адамдар Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тыңдап, қазақтың өнеріне тамсанып қайтты.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!