Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ ұлттық медицина университетінде оқитын шетелдік студенттер жаппай бас көтерді

Алматыдағы медициналық университеттің студенттері емтиханды қайта тапсыра алады. Оқу процесіндегі ереже бойынша нашар баға алған студенттерге осындай мүмкіндік беріледі. Ал оны арнайы құрылған апелляциялық комиссия шешеді. Бұл туралы халықаралық медицина факультетінің деканы мәлімдеді.

1374119

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Иордания мен Үндістаннан келіп, білім алып жүрген студенттер емтиханнан құлап, жазғы оқуға қалғаны үшін шу көтерген болатын.

Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінде мыңдаған шетелдік студенттер білім алып жатыр. Олар да ақылы және мемлекеттік грантпен оқитындар болып бөлінеді. Кеше халықаралық медицина факультетінің  70-ке жуық студенті университеттің басшылығын айыптап, наразылық танытты. Олар оқу корпусының кіре берісіндегі еденге отырып алып, өзгелердің назарын аударуға тырысқан.

“Олар бізді тыңдағылары келмеді. Наразылық танытып едік, полиция келді, мұғалімдер талабымызға құлақ аса бастады. Мен биыл үшінші жыл оқып жатырмын. Жылда жазғы семестрге 700 адам қалады. Олар қаншама ақша төлеп жатыр. Былтыр жазғы оқу үшін бір сағатқа 640 теңге төлегенбіз, биыл оны 840 теңгеге көтеріпті”, – дейді студент Ликит Элла.

“Ереже де жыл сайын өзгеріп тұрады. Былтыр біз 80 балл жинағанбыз, биыл неге екені 50 баллдан асырмады. Бағамыз да төмендетіп қойылады. Оқу былтырғыдан қиындай түсті. Біз шамамыз келгенше оқимыз, бірақ емтиханнан құлатып тастайды”, – дейді студент Барго Чаппа.

1374119

Бұлар Иордания мен Үндістаннан келген студенттер. “гистология”, “анатомия”, “биохимия” және “молекулярлық биология” пәндерінен емтихан тапсырған кезде сүрінген. Сынақ компьютер арқылы алынған және олар келесі сатыға қажетті ұпайды жинай алмапты. Ұстаздар шетелдік студенттердің жазғы семестрде қайта оқу қажеттігін айтады. Бірақ бұған өзге елден келген жастар көнбеген.

“Қанағаттанарлық емес деген бағаны өзгерту тек апелляциялық шағыммен шешіледі. Оқу ережесі мен Білім және ғылым министрлігінің бұйрығында осылай көрсетілген. Арнайы комиссия құрып, бұл процедураны жүргізіп жатырмыз. Оның жұмысына емтиханнан құламай өткен өзге шетелдік студенттер де қатыстырылып отыр. Бізге сенбесе, өз әріптестерінің білімін бағамдап көрсін”, – дейді С. Асфендияров атындағы ҚҰМУ факультет деканы Гауһар Құрманова.

Оқу орнының басшылығы тәртіп барлық студенттерге ортақ деп отыр. Ешкімге жеңілдік болмайды. Талапқа сай емтиханға кіру үшін тиісті бал жинамаған немесе пәндік емтиханды тапсыра алмағандар қайта оқиды. Ал бағаға келіспегендер апелляциялық шағым жазады.

 Халықаралық медицина факультетінің бірінші курсында оқитын 146 студенттің  40-тан астамы биология және химия пәндерінен емтихан тапсыра алмапты. Сабақ өзге елден келген студенттердің ыңғайына қарай ағылшын тілінде жүргізіледі. Олардың білім алуына еш кедергі жоқ. Ал жоғарыдағы пәндерді меңгермеген болашақ дәрігерлердің  ары қарай оқуын жалғастыруы мүмкін емес дейді, оқытушылар.

Талқылау