Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Нұртас танымал әнінің авторына 100 мың теңге ұстатқан

Бақдәулет Арыстан есімді жас ақын бүгінде еліміздегі танымал хитмендермен етене жұмыс істеуде. Қаламгер 300-ден аса әнге мәтін жазғанын айтады. Олардың ішінде ел аузында жатталып қалған “хит” әндер де баршылық. Мәселен, Қайрат Нұртастың “Жүрегім сен келгелі бақытты” әнінің мәтіні осы Бақдәулет Арыстандікі.

Қайрат Нұртас танымал әнінің авторына 100 мың теңге ұстатқан

Qamshy.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Бақдәулет әнге жазған мәтіндері үшін қанша қаламақы алатынын айтып берді.

– Қанша әншіге өлеңіңізді беріп, «хит» еттіңіз?

– 300-ден астам әнге сөз жазыппын. Осыншасы «хит» болды деп есеп жүргізбеппін. Бүгінде «хит» болып жүрген Қайраттың «Жүрегім сен келгелі бақытты» деген әннің сөзін жазған мен болатынмын. Несін жасырайын, елді шулатқан «Шудың бойында» да менікі.

– Шын айтайын, сол әнді ұнатпаймын. «Сенің мойныңда менің іздерім» деп жазуға қалай дәтіңіз барды?

– Той-домалақтың көркіне айналған «Шудың бойында» әнінің сөзін жазған менмін деп айтуға ұялатын болдым ғой. Шынымды айтсам, әнші боламын деген жігіттің көңілін қалдырмай жаза салған едім. «Сенің мойныңда менің іздерім» деген тұсты «сенің жолыңда менің іздерім» деп өзгертейік деп ән орындаушысы Ахан Отыншиевке айтқан едім. Ол осы нұсқасын мақұл көрді. Ол ән тез таралып, халықтың ықыласына бөленеді деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

– Адамның көңілін қалдырмау үшін жеңіл-желпі ән жаза салу қисынды ма?

– Қисынды. Талай рет көңілге қарап сөз жазып бергенмін. Ал әннің артар салмағына келсек, әуеннің өзі сондай болса, қандай керемет сөз жазасың?! Тек ойнап-күлуге, алаңсыз билеуге шақыратын әуенге пәлсапалық ойды сыйғызу мүмкін емес. Ақынды ғана кінәламаңыздаршы. Композиторларға да құлаққағыс болсын.

– Мағынасыз әндер қаптап кетті деп налимыз. Демек мәселе ақында ғана емес, композиторда ғой. Дұрыс түсіндім бе сізді?

– Дәл өзі. Бұрын Шахановтың сөзіне Қалдаяқов әуен шығаратын еді. Ал қазір композитор шығарған әуенге ақын әуеннің тереңдігі мен көркемдігіне сай сөз жазады. Мәселе осыдан туындап жатыр. Өз басым бүгінгі таңда Жолдасбек Әбдіхан деген әнші-композитормен етене жұмыс істеудемін.

– Ең қымбат өлеңіңіздің қаламақысы қандай?

– «Ақшам жоқ, бірақ ән айтқым келеді» деп ағынан жарылып шындықты айтқан жас таланттарға сан мәрте рет сөзді тегін жазып бердім. Жалпы, «осынша ақша беріңіз» деп талап ету дегенді білмеймін. Қандай әнші қандай көлемде қаламақы береді, оны өзінің патша көңілі шешеді. «Жүрегім сен келгелі бақытты» әнінің сөзі үшін Қайрат Нұртас 100 000 теңге берді. Әзірге ең қымбат қаламақым осы.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау