Қайрат Нұртас: Отбасымды, балаларымды өнерге бергім келмейді
Жаңашылдыққа жаны құмар Қайрат Нұртас жуырда ғана еліміздің бас қаласында қос концертін өткізсе, Ұлыстың ұлы күні Алматы шаһарында да екі кешін қатар қойды. Ине шаншар жер болмаған бұл шоудың басты ерекшелігі, әнші жанұясының әр мүшесін дүйім жұртқа таныстырған болатын. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген хитмен, мұндай ой анасы Гүлзира Айдарбекованың идеясынан туындағанын айтады.
«Құдайға шүкір. Осы уақытқа дейін анамның айтқанымен жүрмін. Себебі ол кісі, біріншіден, менен көпті көрген. Екіншіден, ол менің анам әрі маған жанашыр. Ешқашан баласына жаманшылық ойламайды. Сондықтан бірден келісімімді бердім. Себебі осы уақытқа дейін болып жатқан біздің еңбегіміздің бәрі сол анамның айтуымен келе жатқан соң, барлығы іске асып жатыр. Сондықтан мен еш қорықққан жоқпын. Анам не айтады, сол болады», – дейді Қайрат.
Бұл кеште әншінің ата-анасы, жұбайы, інісімен қатар, төрт перзенті де өнер көрсетті. Әншінің тұңғышы Сезім фортепианода ойнаса, екінші қызы Алау бишілік өнерімен танылды. Ал үшінші баласы Нарұл мен кенжесі Хан әкесімен қосыла ән шырқаған. Бірақ Қайрат ұл-қыздарының өнерге келуін қолдап отырған жоқ.
«Негізі мен балаларымды оқу жағына бергенмін. Бәрі жақсы мектепте оқиды. Ал ән, фортепиано, домбыра, оның барлығы жай хоббилері болып қалады. Мен шынымды айтсам, өзімнің отбасымды, кішкентайларымды өнерге бергім жоқ. Өйткені өнер деген өте қиын жол. Себебі осы бір айдың ішінде рекорд жасаған шығармын. 27 рет ұшақпен ұшыппын. Оның өзі қаншама денсаулық. Бірақ енді Құдай менің басыма осы бақты бұйыртқан екен. Бұл менің кішкентай кезімдегі арманым тұғын. Арманым орындалды. Енді менде артқа шегінер ешқандай жол жоқ. Енді осы шыңды ұстап тұру. Сондықтан өзім ешқашан өкінбеймін. Ал отбасыма келетін болсақ, өнерге бергім келмейді», – дейді әнші.
Жұлдызды жанұяның сөзіне сенсек, Қайраттың кіші атұстары Ханның музыкаға деген қабілеті ерекше. Болашақта Гүлзира Айдарбекова немересіне продюсерлік етсе, жұлдызды әке кенжесін қолдауда қол қусырып қалмайтынын айтады.
«Ата-анамнан асып ешқайда бара алмаймын. Егер сол кісілер Ханның сахнада тұрғанын көргісі келсе, мен келіспей қайда барамын. Бірақ менің өз басым бергім жоқ. Себебі мен көрдім. Өте қиын. Денсаулыққа қаншама зияны бар. Қанша адамның сөзіне қаласың. Кішіпейіл болу керек, шыдамды болу керек дегендей… Егер басына сондай бақ беріп жатса, Алланың қалауы солай болып жатса, онда мен ешқандай да бөгет жасай алмаймын, қолдаймын», – дейді жұлдызды әке.
Қайрат бұл жолы фонограмаға сүйенбеген. Бір күнде екі кешті жанды дауыста өткізу хитмен үшін қаншалықты қиын? Сұрап көрдік…
«Тамағым жақсы. Концерт басталған кезде тамағым ауырады. Ал концерт қалай бітеді, барлығын ұмытасың. Рахаттанып, тамағың ашылып, күшті болып қаласың. Қазір банкет болады. Сол жаққа барып ән айтып, құтырып кетесің. Ал сахнаға шығардың алдында, қандай да әнші, өнерпаз болсын сәл қобалжиды. Бірақ менің тамағым қазір ауырып тұрған жоқ. Караокеде де 20-30 өлең қатарынан айтып жүрміз ғой. Сондықтан жанды дауыстың еш қиындығы жоқ», – дейді Қайрат Нұртас.
Айта кетейік, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген әнші бүгін тыңдармандарына тағы бір тосын сый жасамақ. Қайраттың командасы наурыз мерекесінің құрметіне орай, Алматыдағы «Астана» алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына тегін концерт қойып бермек.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.