Қайнаған сумен сәбиге клизма жасаған: дәрігерлер қалай жазаланды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметкерлердің әрекетінен зардап шеккен он айлық баланың ісіне байланысты жауапты адамдарға қандай шаралар қабылданғанын хабарлады, деп жазады Stan.kz.
Естеріңізде болса, Шымкент қаласындағы инфекциялық аурулар ауруханасының дәрігерлері 10 айлық сәбиге қайнаған сумен клизма жасап, баланың жамбасы мен ішкі ағзасын күйдіріп алған болатын.
Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің ақпаратына сәйкес, баланың күйіп қалуына байланысты медициналық мекемеде тексеру жүргізілген. Нəтижесінде тәуелсіз сарапшылар түрлі тәртіпсіздіктерді, соның ішінде клизманы жеткілікті тәжірибесі жоқ медбикенің жасағанын анықтады. Әйел клизма жасау тәртібін бұзған болып шықты.
Тексерудің нәтижесінде екі медбике жұмысынан қуылып, бас медбике қызметін босатты.
Сонымен қатар, бас дәрігердің орынбасары мен емдеуші дәрігер қатаң сөгіс алды.
Ал Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері шамамен 110 мың теңгеден асады.
Сондай-ақ, тексеру нәтижесінің материалдары құқық қорғау органдарына рәсімдік шешім қабылдау үшін жіберіледі.
Дәрігерлердің салғырттығынан зардап шеккен сәби 3 сәуірде Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясының ғылыми орталығына жеткізілді.
Бөлімде хабарлағандай, қазіргі сәтте баланың жағдайы тұрақтанды.
«Тексеру кезінде оң жамбастың және тік ішектің күйгені байқалды. Балаға рекоскопия жүргізілді, онда шырышты тоқ ішектің некроздың және қан кетудің белгілерінсіз күйгені анықталды. Ал ішектің қалған бөліктерінде өзгеріс жоқ. Қазір бала консервативті ем алуда»,- делінген хабарламада.