Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасқырдың шикі жүрегін жеген аңшылар өмірлеріне қауіп төндірді

Қазақстандықтар қасқыр аулаған аңшылардың жаңадан өлтірілген қасқырдың шикі, әрі ыстық жүрегін жеп тұрғандары түсірілген видеоны көріп, жағаларын ұстады. Видео түрік халқы «батылдық үшін» балаларға жыртқыш аңның жүрегін берген түсінікпен түсіндіріледі. Бірақ, бұл аңыздың қаншалықты шындық екенін мамандар түсіндіріп өтті.

Қасқырдың шикі жүрегін жеген аңшылар өмірлеріне қауіп төндірді

Бұл туралы 31 арнаға сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Жұртты шошытқан видеода, аңшы өлі қасқырдың үстінде отырып, оның әлі суымаған жүрегін жейді. Содан кейін оның жанына тағы бір жолдасы келіп, ол да қасқырдың жүрегінен дәм татады. Ал бұл сәттің бәрі камераға түсіріліп, кейіннен желіге тарап кетеді.

Видеоны көрген қазақстандықтар, соның ішінде тарихшы Аманжол Қалыш әлгі аңшылардың әрекетіне қатты таңғалды. Ол түркі халқының еркектері немесе балалары батылдық үшін қасқырдың жүрегін жеген деген аңызды түсіндіріп өтті. Этнографтың пікірінше, ерекше жағдайларда тек жүкті әйелдер ғана ерекше тағам сұрай алған. Бірақ, олар шікі емес, тек жақсылап пісірілген қасқырдың жүрегін ғана жеген.

«Қасқырдың жүрегі мен бүйрегін кәстрөлде немесе табада бөлек қуырып, әйелдеріне дәм татқызған. Бірақ, видеодағыдай үлкен кесек қылып емес, кішкентай кесектерге бөліп жегізген. Себебі, қасқырдың жүрегі қатты сасық болады. Ал арнайы дайындалған қасқырдың жүрегін жеген әйелден күшті, батыл бала дүниеге келген. Тек осы мағынада ғана балаға күш береді»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қалыш.

Ал, ветеринарлардың айтуынша, қасқырлар қауіпті инфекцияларды тасымалдаушылар болып табылады. Себебі, жануарлар кейде өлекселерді жейтін көрінеді.

«Бірінші кезекте, трихинеллез ауруына шалдығуы мүмкін. Бұл трихинелла құрттары ағзаға әсер ететін аса қауіпті ауру. Трихинелла, өз кезегінде, адамды аянышты хәлге әкелетін қауіпті және улы заттарды шығарады»,- дейді ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасының меңгерушісі Роза Имашева.

 

 

Талқылау