Қырғызстан Бас прокуратурасы Омурбек Бабановқа қатысты іс қозғады
Қырғызстан Республикасы президентіне үміткер болған Омурбек Бабанов ұлтаралық алауыздық тұтатты деп күдіктелуде. Бұл туралы Қырғызстан Бас прокуратурасының сайтында хабарланды.
«Қырғызстан Республикасының Бас прокуратурасы қылмыс нышандары бойынша Қырғыз Республикасының Жоғары Кеңесінің депутаты Омурбек Бабанов пен басқа да тұлғаларға қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлімі (Конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге үндеу) және 299-бабы 1-бөліміне (Ұлтаралық, нәсіларалық және дінаралық алауыздық тудыру) сәйкес қылмыстық іс қозғады», – делінеді Қырғызстан Бас прокуратурасының хабарламасында.
Аталғандай, тергеуге дейінгі тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша 2017 жылдың 28 қыркүйек күні сайлау алды үгіт-насихат барысында ҚР Президенті лауазымына үміткер Омурбек Бабанов Ош қаласындағы «Әмір Темір» (Он-Адыр) шағынауданының тұрғындарымен кездесу өткізгені анықталған. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі – өзбек ұлтынан.
«Халықтың өзбек ұлтынан болып табылатын бөлігінен дауыс жинау мақсатында, көпшілік алдында сөз сөйлеген Бабанов өзбек ұлтының құқығына шек қойылуы, мемлекеттегі ұлттық теңсіздік және мемлекеттік органдардың өзбек ұлтына қысым көрсетуі жөнінде пікір білдірген. Мұнан кейін тұрғындарды белсенді түрде наразылық танытуға шақырған.
Өткізілген кешенді филологиялық-политологиялық сараптама нәтижесі бойынша анықталғандай, Бабановтың көпшілік алдында сөйлеген сөзінде ұлтаралық араздық тудыруға, адамдарды бағынбауға және қазіргі билікті құлатуға бағытталатын үндеу бар», – дейді Бас прокуратурадағылар.
Сонымен қатар, мемлекеттік сот-сараптамалық қызметінің қорытындысына сәйкес, электронды БАҚ-да жарияланған ақпараттарда монтаж белгісі жоқ екені анықталғаны аталып өткен. Тергеу жұмыстары жүргізілуі үшін қылмыстық іс ҚР Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырылды.
Оқи отырыңыз:
Қазақстанның Бішкектегі елшілігінің жанында тағы да митинг өтті
АҚШ-та педофилдердің төлқұжатына арнайы белгі қойыла бастады
iPhone Х телефоны үшін үш күн кезекте тұрған адамды жедел жәрдем алып кетті