Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында биіктен секіріп кеткен қыздың оқиғасы: Көршілері сұмдық жайтты айтып берді

Мектеп бітірген бойда жоғалып кеткен бойжеткен жеті жылдан кейін өз пәтерінен табылды. Қыздарын осынша жыл жұрттан жасырып, үйінде қамап ұстаған отбасының өтірігі ашылды. Сұмдық оқиға Қарағанды облысының Теміртау қаласында болды. Бұл іске қазір полицияда араласуда.   

Қарағанды облысында 26 жастағы қыз биіктен секіріп кетті: Көршілері сұмдық жайттарды айтып берді

Оқыс оқиға 20 мамырда болған. 9-қабаттан секірген қыз тұрғын үйдің астындағы дәмхананың төбесіне түскен. Аң-таң болған куәгерлер бірден жедел-жәрдемді, полицияны шақырыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап. 

«Анасы оны қамап ұстаған. Сол бөлмеде дәретке отырған. Сұмдық», - дейді көршілерінің бірі.

Сұлап жатқан қыздың айналасына үймелеген тұрғындар оны бірден таныған. Көршілері жеті жылдай көрінбей кеткен Иринаны анда-санда анасынан сұрап қояды екен. Сыр алдырмаған шешесі қызының тұрмысқа шығып, астанада тұратынын айтып, жасырып келіпті. Алайда мына жағдайдан соң отбасының барлық өтірігі әшкере болды. Ирина мектеп бітіргелі үйінде қамалып отырған екен. Бөлменің іші де адам төзгісіз күйде болған. Жалаң еден, айналасы күл-қоқыс.  

«Үйінде не болғанын білмейміз. Әпкесі полициямен бірге ішке анықтауға кірген кезде жағасын ұстап шықты. Қыздың бөлмесі адам төзгісіз күйде болған. Кереует те жоқ, ескі орындық қана тұр. Айналасындағы ыдыс-аяқтары пласмассадан болған. Сонда осылай тамақ берген бе деген ой келді. Не жағдай болғанын білмейміз. Тіркеуде тұрғанын білдік», - дейді көршісі.

Алайда, көрші-көлемнің бұл әңгімесін Иринаның анасы жоққа шығарып отыр. Тараған ақпараттың бәрі жалған, дейді. 

«Мұның бәрі жалған ақпарат. Ешкім тар қапаста қамап ұстаған жоқ. Біз туралы неше түрлі сөз желдей есуде. Тіпті, діни сектаға да кіргізіп қойыпты. Сыртымыздан айтылып жатқан әңгімелерді естіп жатырмыз. Мен өзім ешкімге ешқандай сұхбат берген емеспін. Қауесеттің бәрі еш дәлелсіз дүние», - дейді Иринаның анасы.  

Оқиға болған күні терезеден секірген бойжеткеннің өзінен 4 жас үлкен ағасы да үйде жүрген екен. Жалпы, тұрғындар  отбасы мүшелерінің биязы, бірақ тұйықтау екенін айтуда.  Бұл іске полиция да араласып, анасы мен ағасының Иринаны неліктен  үйге қамап ұстағанын анықтауда.  

«Бүгінгі таңда полицияда қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - дейді облыстық  полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жанатай Сембеков.

Үй қамауында болған 24 жастағы Ирина қазір ауруханадан үйіне шығарылған. Дәрігерлердің анықтауы бойынша, оның бас сүйегі мен аяғы бірнеше жерден жарақат алған. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Қарағанды облысында 26 жастағы қыздың биіктен секіріп кеткенін хабарлаған едік.

Талқылау