Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қалталысы керек: Елімізде оң жақта отырып қалған қыздардың дені жігіттің бақуаттылығына қарайтын боп шықты

Қымбат көлік. Зәулім үй. Мол табыс көзі. Бұл бүгінгі қыздардың  сүйіктісіне қоятын талаптары. Заманауи қаракөздеріміз жігітінің  білдірген сезімін ысырып, қалтасының қалыңдығына қарайтын күйге жеткен.  Бабаларымыздың сүйген жанға деген адал сезімі осылайша есеп пен айлаға құрылған махаббатқа айналуда.  Салдарынан, талғамына сай жар таңдаймын деп қазірде 400 мыңға жуық қыздарымыз оң босағада отырып қалған.

Қалталысы керек: Елімізде оң жақта отырып қалған қызадардың дені жігіттің бақуаттылығына қарайтын боп шықты

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Арманайдың жасы отызда. Бойжеткен тұрмысқа шығуға асықпайды. Себебі, сөз салған  серілердің біреуі талабына сай келмейді. Біреуінің үйі жоқ, екіншісінің айлық табысы аз. Оның пікірінше, бүгінде махаббаттан гөрі есеппен үйленген тиімді. Тіпті, құрбыларының басым бөлігі дәл осылай  отау құрған.

«Мейрамханалар, гаухар тастар, мысалы қымбат-қымбат кәдесыйлар, оның өзін мен талап етем жігіттен. Осы уақытқа дейін менің тұрмыс құрмай жүруімнің себебі – мен жігітке талғап қараймын. Ең бастысы, оның жағдайы болу керек.Қазір заман талабына сай, жағдайы болмаған жігітке күйеуге шықсам, махаббатпен шыққан күннің өзінде ертең біздің дұрыс отбасы болып кетуіміз екіталай. Сондықтан мен жағдайы бар жігітке есеппен тұрмысқа шыққым келеді», – дейді Арманай.

Қазір тұрмысқа асықпайтын арулардың болашаққа деген өз сценарийлері бар көрінеді. Олар үшін сезім маңызды емес. Ең бастысы жігіттің қалталы болуы абзал. Бірақ, мұндай мақсатпен шаңырақ көтергендердің ғұмыры ұзаққа бармайды дейді Полатбек Жоланов.

«Даярға құмар бәрі. Махаббатымыз қай жақта?Тиетін қыз бен жігітіміздің махаббаты қайда? Сүйіспеншілік қайда? Қазір әке-шелері: «Көлігі, үйі жоқ болса тиме», – дейді. Ол бала түк болмаса да ертең министр болып кетуі мүмкін. Тепкі қылмай, күйеуге шығып алыңдар!» – дейді қоғам белсендісі Полатбек Жоланов.

Елу жылдан бері отасқан Күлсия әжей мен Серікқазы ата өмірдің бар қиындықтарын бастан кешірген. Күлсия әжейдің  пікірініше, бүгінгі қызбен бұрынғы аруларды салыстыруға келмейді. Екі заманның тәлім-тәрбиесі де  бөлек. Бұрынғы бойжеткендер болашақ жарына таудай талап ешқашан қойған емес.

«Ештемеге қарамай, бір-бірімізді ұнаттық. Кейін қалай өмір сүреміз деп ойламадық. Соның бәріне қол жеткіздік. Бала-шағаны оқыттық, ұлды үйлендіріп, қызды тұрмысқа беріп, қазір бәріне жеткізіп, жетілдірдік. Қанша қиындықтан өтсек те, ешқандай жасымадық, ел қатарлы қарапайым өмір сүріп жатырмыз», – дейді қала тұрғыны Күлсия Данабаева.

Жігітке нақты қандай талап қоясыз деген сұраққа арулардың басым бөлігі ұялды ма, әйтеуір жауап беруден бас тартты. Бірақ, бәрінің де ойы бір жерден шықты. Дәулетті отбасынан шығуы тиіс.  Ал әлеуметтанушылар қаракөздердің мұндай талғамшыл болуына түрлі факторлар әсер ететінін айтады.

«Біздің Қазақстанның контекстінде айтатын болсақ, ол қызмет культі. Яғни, қызмет культі орнаған қоғам үшін есеппен тұрмысқа шығу ол өте қалыпты жағдай. Бізде қоғамда таралған стереотип бар, ол тек қана қыздарға тән, қыздардың арасында, әйелдердің арасында болатын нәрсе деп. Олай айтуға да келмейді. Себебі, бір бартер іздейді ғой, немесе бір тиімді жолдарын пайда көру мақсатында, ол ер адамдардың да арасында бар фактор», – дейді әлеуметтанушы Исатай Минуаров.

Талғамына сай жігіт таңдаймын деп, оң босағанда отырып қалғандардың қатары биыл 400 мыңнан асып жығылыпты. Осылайша, мамандар қазір 25-тен асқан қаракөздер отбасы құруға асықпайды дейді. Себебі, олар  сезімді есепке айырбастаған. Сондықтан да мұндай бойжеткендердің алдағы уақытта да тұрмысқа шығуы екіталай.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау