Ішінде хат болған: Жас қыздың ұрланған әмияны 10 жылдан кейін қайтарылды
Ұлыбританияның Кардифф қаласының тұрғыны Бекка Милсом өзінің ұрланған заттарын беріп жіберген бейтаныс адамды іздеп жүр. Ол алғыс білдіргісі келетінін айтады.
Бүгінде клиенттермен жұмыс бойынша менеджер болып жұмыс істейтін 28 жастағы Бекка 10 жыл бұрын қарапайым 1-курс студенті болған. 2009 жылы ол итімен серуендеуге шығып, көлігін қараусыз қалдырып кетіпті. Алайда арада 20 минут өткеннен кейін қайтып оралғанда, көлігінің есігі ашық екенін және сөмкесінің ұрланғанын көреді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Бекка оқиға орнынан хат тауып алған. Онда куәгерлер ұрыны қорқытқандарын жазыпты. Әйтпесе, басқа да заттарды ұрлап кетер еді, делінген хатта.
Студент қыз болған жайт үшін қатты қайғырған. Себебі сөмкесінде банк картасы, құжаттары болыпты.
Алайда арада 10 жыл өткеннен кейін Бекканың әкесінің атына сәлемдеме келген. Оның ішінде қыздың 10 жыл бұрын ұрланған заттары мен хат болыпты. Онда Джордж есімді жігіт әмиянды тауып алып, оны иесіне жіберуді ұйғарғанын жазған. Өз кезегінде Бекка бұл жағдайға қатты таңғалды. Оның сөзінше, сол жігіттің жантебірентерлік әрекеті адамдарға деген сенімін арттырған. Ендігі қыз Джорджды іздеп тауып, оған алғыс білдіргісі келеді.
«Бұл хатты алғанда аман боларсыз деп үміттенемін. Жолдағы өсімдіктерге қарап келе жатқанда сіздің әмияныңызды тауып алдым. Сіздің бонустық карталарыңыз жарамсыз болып қалды деп ойлаймын. Алайда жүргізуші куәлігі мен сақтандыруыңыз әлі де керек болады деп үміттенемін», - делінеді хатта.