Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екеуі де ішімдік ішетінді шығарды": Бишімбаевтың анасы ұлы мен Салтанаттың қарым-қатынасы туралы айтты

Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова Наталья Грэйске берген сұхбатында ұлының Салтанатты кездестіргеннен кейін өзгеріп кеткенін айтты. Айтуынша, Салтанат баласының ішкілікке салынып, ашушаң болып кетуіне себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин/Жоғарғы сот

Наталья Грэйстің “Балаңыз әйелін қасақана өлтірді ме?” деген сұрағына Альмира Нұрлыбекова: “Мен бұл туралы көп ойландым. Ашығын айтайын, ол қасақана өлтірген жоқ. Ол әйелін жақсы көрді. Оған мен куәмін. Ол Салтанат үшін және жақсы отбасы құру үшін бәрін істеді. Оның әйелін өлтіруге еш себебі жоқ. Ол – мейірімді, қамқор адам. Ана ретінде айтатыным, оның мұндай іске баруы мүмкін емес. Адамды асқан қатігездікпен, қасақана өлтіруі мүмкін емес”, – деп жауап берді анасы. 

Сондай-ақ ол атаракс деген дәріні Қуандыққа Салтанат үшін арнайы алдыртқанын атап өтті.

“Сол кезде Салтанаттың мінезі құбылмалы, аумалы-төкпелі еді. Сондықтан оны тыныштандыру мақсатында атаракс препаратын бердік. Салтанат ашушаң еді. Қуандықтың әпкесі оған психотерапевт маманның нөмірін берген. Маман дәріханада дәрігердің нұсқауынсыз сатылатын атаракс деген тыныштандыратын препаратты ішуге кеңес берді. Қуандық дәріні Павлодарда жүріп сатып алды”, – дейді Қуандықтың анасы. 



Экс-министрдің әкесі Уәлихан Бишімбаев Наталья Грэйстің “Ұлыңыз бен Салтанаттың қарым-қатынасын құптадыңыз ба?” деген сұрағына:

“Әрине, бастапқыда қатты қуандық. Өйткені ұлымыздың жүзінен қуаныш пен бақытты көрдік. Оның Салтанатты жақсы көргені байқалып тұрды. Бірақ уақыт Қуандықтың қате жасағанын көрсетті. Менің ойымша, ол жар таңдауда көп нәрсеге мән беруі керек. Қазақта “Жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді, жаман әйел күйеуін көрге сүйрейді” деген даналық сөз бар. Меніңше, олар бір-бірін жақсы көрді. Бірақ олар бір-бірін білместен шаңырақ көтерді. Үйленгеннен кейін ғана бір-бірінің қандай екенін біле бастады”, – дейді Уәлихан Бишімбаев.

Алмира Нұрлыбекованың айтуынша, өмірде өз адамыңды табу өте маңызды. 

“Адам үшін бір-бірін толықтыратын, жүрегінің жартысын таба білу маңызды. Ол тұйық болатын. Салтанатты кездестіргенде көңілденіп, күлімдей бастады. Көздерінде от пайда болды. Сол себепті ол жақын адамын тапқанда әкесі екеуіміздің қуанышымызда шек болмады. Бірақ Салтанат тек бір ай жақсы, аяулы жар бола алды. Одан кейін бәрі күрт нашарлап кетті. Салтанатты кездестіргенге дейін менің ұлым мүлдем ондай емес еді. Кейін өзгеріп, тұйық, ашушаң бола бастады. Ең сорақысы, екеуі де ішімдік ішетінді шығарды. Бұған дейін мүлдем ішпеген деп айта алмаймын. Бірақ мұншалықты жиі ішпейтін еді. Екеуі демалу үшін бір бокал шарап ішетін. Қуандық Салтанатты кездестіргенге дейін спортқа, өз балаларына көп көңіл бөлетін. Балаларының жанында болып, олардың дамуына ат салысатын. Оның ұлы Мансұр өз күшімен Назарбаев мектебіне грантқа түсті. Оның мұндай жетістікке жетуіне әкесі Қуандық себепкер болды. Кәрімнің хоккеймен айналысуына көмектесті. Қызы Рания да – әкесінің еркесі”, – дейді Қуандықтың анасы.

Бұған дейін Бишімбаевтың әке-шешесі ұлының махаббатқа қанып өскенін, адамға қол көтеретін адам емес екенін айтып сұхбат берген еді.

Талқылау