Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ірі халықаралық форум өткізуден бас тарттым": Мемлекет басшысы бюджет қаржысын үнемдеу туралы тапсырма берді

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Ақорда таратқан ақпаратта президенттің бірқатар іс-шараға бөлінген қаржыны қысқарту туралы тапсырма бергені айтылды. 

“Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады”, – деді президент.



Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік орган су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты. 

“Бізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейді. Қажет мамандар да тапшы. Қазір гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды”, – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Президент су қоймаларын тікұшақпен көрді.

Ақорданың мәліметінше, президент жұмыс сапары Сергеевка су қоймасын, Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін тікұшақпен аралап өтті.

Талқылау