Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Интернеттегі форумдар арқылы да теріс ағымға еліктіреді": Маман желіде теріс ағымның арбауынан қалай қорғану керегін түсіндірді

Әлеуметтік желі мен ғаламтор өміріміздің бір бөлігіне айналғаны жасырын емес. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар, мұндағы бір ақпарат пайдалы болса, енді бірі жат ағым идеологиясын насихаттауы мүмкін. Әрі олардың алдында жастар да, ересектер де қауқарсыз екенін түсіну қажет. Stan.kz тілшісі маманнан әлеуметтік желіде теріс ағымның арбауынан қалай сақтану керегін айтып берді.  

дін әлеуметтік желі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы PhD доктор Динара Утебаева бүгінгі таңда әр азаматтың ғаламторды пайдалануы қалыпты жағдайға айналғанын айтады. Ғаламтор көп мүмкіндіктерге жол ашқанымен, ішкі сүзгісі жоқ адамдар үшін кері әсері бар.

"Интернеттің оның ішінде әлеуметтік желінің алгоритміне сай қолданушының қай парақшаны оқығаны, қай постқа лайк басқаны, пікір қалдырғаны ұдайы талданып, әр адамға өзіне ғана тән жаңалықтар лентасы ұсынылады. Аталмыш алгоритмдер тек ойын-сауық, жаңалықтар, жарнаманы ұсыну мақсатында ғана емес, өз идеясын, ұстанымын, сенімін, идеологиясын таратпақ болған түрлі топтар мен ұйымдардың да мүдделеріне қарай икемделеді. Қандай да бір жат ағым ұйым немесе топ өз идеологиясын тарату үшін осы интернет алгоритмдеріне сүйеніп, қолданушылардың ізденістерін талдап, көздеген мақсаттарын жүзеге асыра алу мүмкіндігіне ие. Жат пиғылды ағымдардың мақсаты – интернет арқылы өз ілімдерін таратып, халық санасына ендіру арқылы көздеген мүдделерін жүзере асыру", – деді ол. 

Дінтанушының сөзінше, ғаламторда жат ағым өкілдері өз құрбандарын арбау үшін түрлі тәсілдерді пайдаланады. Мәселен, олардың идеологтары мен діни көшбасшылары фактілерді бұрмалап, таңдалған жаңалықтарды біржақты сараптайды екен. 

"Ақпараттық-насихаттық ықпал ету мақсатына байланысты діни ұйым немесе бірлестіктер биыл болған немесе өткен оқиғаларды бұрмалайды, ақпаратты адамдарға өздеріне қажет формада жеткізу үшін түрлі әдісті қолданады. Сонымен қатар сайттарға орналастырылған ақпаратты сенімді ету үшін оның танымал діни идеологтар пайдаланған қайнар көздерден алынғанын айқын көрсетеді", – деп қосты маман. 

Маман жат ағым өкілдерінің ғаламторда тұтынушы психологиясын толық зерттейтінін қосып өтті. Сондықтан арнайы мамандарды тарту арқылы өз ақпараттарын барынша қызықты етіп ұсынады. 

"Діни идеологияны астарлап, тұспалдап, әсем, тартымды етіп ұсынуы адамдардың санасына ықпалын тигізбей қоймайды. Жарнама, таргет, СММ сияқты ақпараттық заманауи технологияларды өз қатарларына сенушілерді тартуда пайдаланатыны анық. Тек дінге қатысты сұрақтармен ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы көкейкесті мәселелерді талқыға салып, ой бөлісуге мүмкіндік ала алатын онлайн конференциялар, интернет-форумдар, қашықтан хат алмасу азаматтармен қарым-қатынас орнатудағы және дискуссияға тартудағы ыңғайлы құралдары болып отыр", - деп түсіндірді Динара Утебаева. 

Маманың пайымдауынша, жат ағым өкілдері құрбандарын жарнама және қызықты контент, хат жазысу, пікірталасқа тарту арқылы арбайды екен. 

"Бұдан бөлек адамдарды қызықтыратын діни сауалдарға жауаптар береді. Оның ішінде, ақырзаман, күнә, айып секілді сұрақтармен қатар, неке, отбасы, білім алу, салт және дәстүрді сақтау, ырым және т.б. қатысты сұрақтарға жауап іздейді. Тіпті телеконференция мен интернет-форумдар арқылы белгілі діни қозғалысқа деген қызығушылықты қалыптастырады. Айта кетері, деструктивті дін өкілдері бүгінгі таңда Facebook, ВКонтакте, Twitter және YouTube сияқты танымал әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады", – деп пайымдады маман. 

Динара Утебаеваның айтуынша, теріс ағым өкілдерін ажырату үшін дінге қатысты ақпаратты тексерген жөн. 

"Егер ғаламтордан дін жайлы ақпарат оқысаңыз, мұны ресми діни сайттағы деректермен салыстырыңыз. Күмәнді сайтты немесе парақшада қандай тақырыптар қозғалғанын тексеру қажет. Бұл ұйым жайлы интернеттен қосымша мәлімет іздеңіз", – деп кеңес берді ол. 

Дінтанушы ғаламторда теріс діни ағым өкілдерінің арбауына түсіп қалмау үшін кез-келген ақпаратты саралап, қандай парақшадан және дереккөзден алынғанын тексеру керегін айтады. 

"Өзі түсіне алмаса, ресми діни мекемеден немесе дінтанушы мамандардан кеңес алғаны жөн. Діни білімін жетілдіру керек. Ешбір діннің басқа адамға зиян келтіретіндей әрекет жасауға шақырмайтынын есте сақтау керек. Күмәнді мәтін, уағыз кездессе міндетті түрде тексеру керектігін білуі тиіс. Әрине, бастапқыда мұндай жағдайларды анықтау қиын болуы мүмкін. Сол себепті әрбір адам кез-келген ақпаратты ой елегінен өткізіп, сыни тұрғыда саралап отыру қажет. Біреуге зәбір көрсетуге, құқығын шектеуге, соғысқа шақырған парақшалардан аулақ болу керек", – дейді дінтанушы. 

Маман сөз соңында азаматтарды қорғау үшін ұлттық қауіпсіздік мүдделерін жоғары қою керегін айтты. Сонымен қатар діни бірлестіктер мен миссиялар жұмысының әдісін қайта қарау керек, деді ол.

"Мемлекеттік тұрғыда өскелең ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліну керек. Әр адамға өзінің кім екенін, қайдан келгенін білдіретін негіз қажет. Бұл негіз – ата-бабамыздан бері жалғасын тауып келе жатқан құндылықтар, салт-дәстүр мен тарих. Өзінің кім екенін анықтап алған адам ғана болашаққа, жаңа нәрсеге ашық болады. Басқаның мәдениетінде жұтылмайды, манипуляциясына көнбейді. Өз жолын өзі жасайды", – деп аяқтады сөзін Динара Утебаева. 

Талқылау