Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Инкассаторлардың өлімі: Марқұмдардың туыстары күдіктінің жалғыз емес екеніне сенімді

Түркістан облысында әріптесінің қолынан қаза тапқан қос инкассатордың өліміне қатысты тың деректер шыға бастады. Марқұмдарың туыстары мен басты күдіктінің жақындары 38 жастағы жігіттің мұндай қылмысқа жалғыз өзі баруы мүмкін емес дейді. Оның үстіне, қомақты қаражаттың бір бөлігі мен қаруды ел шулап жатқан тұста басқа бір адам тәртіп сақшыларына өз еркімен тапсырған көрінеді. Сондықтан оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып жіберіпті. 

Түркістан облысындағы инкассаторлардың өлімі: Марқұмдардың туыстары күдіктінің жалғыз емес екеніне сенімдіТүркістан облысындағы инкассаторлардың өлімі: Марқұмдардың туыстары күдіктінің жалғыз емес екеніне сенімді

Марқұм Бақберген Баекеевтің артында жары мен бес баласы қалды. Олар болған жайтқа сене алар емес. Анасы қылмыстық іске күдіктінің жалғыз өзі баруы мүмкін емес, дейді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы»

«Оны жұмсап отырған адамдар бар. Сол адамдарды табу керек. Мен қоймаймын», - дейді марқұмның анасы Бибайша Баекеева. 

Ал көлік жүргізушісі әрі екінші инкассатор болып жұмыс істеген Жасұлан Әділ жастайынан жетім өсіпті. Туыстарының қолында тұрып, Алматыда жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған. Жақындарының айтуымен жаңа жылда елге оралыпты. Сөйтіп үйленіп, пошта байланыс бөлімшесіне алты ай бұрын ғана жұмысқа орналасқан. Жұбайы тұңғышына жүкті көрінеді. Босауына екі айдай уақыт қалған.  

«Кішкентай ауданның осындай қылмысқа барған балаларын полиция, құзырлы органдар жасырып отырса, олар да оңбас. Өйткені мұны жасаған адам тағы да жасайды», - дейді марқұм Жасұлан әділдің жұбайы Нәзира Мәуленова.

Еске сала кетсек, қанды оқиға 7 маусым күні күндіз болған. Арыс ауданына қарасты Монтайтас, Задария және Қожатоғай елді мекендеріне жәрдемақы мен зейнетақы жеткізбек болған инкассаторлар Жасұлан Әділ мен Бақберген Баекеев ойда жоқта жоғалып кетіпті. Олардың алғашқы екі ауылға ақша апарғанымен, соңғы нүктеге жете алмағандары белгілі болған. Кейіннен қызметтік көлікке тағы үшінші адам, яғни сол бөлімшеде жүргізуші әрі инкассатор болып жұмыс істейтін, еңбек демалысында жүрген 38 жастағы ер адамның отырғаны анықталыпты. Қос жігіттің өліміне сол кінәлі көрінеді. 

Екі адамның мәйіті Арыс қаласынан 30-35шақырым қашықтықта жатқан жерінен табылған. Қандықол қылмыскер өзінің әріптестерін еш ойланбастан жауыздықпен, көлікте отырған жерінде бастарынан атып өлтіріп, денелерін осында тастап кеткен. 

«Мәйітті қарау барысында бастарынан оқ атылғаны анықталды. Жедел іздестіру жұмыстарын бастап, сол күні қылмысқа күдікті ретінде сол «Қазпошта» мекемесінде жұмыс істейтін өздерінің әріптесі, 1981жылы туған қылмыскер анықталып, ұсталып, қазіргі таңда қылмысын толығымен мойындады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

Алайда тәртіп сақшыларының әрекетінен жәбірленуші жақ та, күдіктінің туыстары да күдіктеніп отыр. Өйткені ақшаның бір бөлігі ұсталған адамның үйінен табылса, қалған қаржы және қаруды екінші бір адам өз үйінен әкеп бергенге ұқсайды. Бірақ ол белгісіз себептен тергеуден босатылыпты. 

«Әділ болса, күндіз тауып кетуі керек еді. Олар не үшін түнде келіп табады? Оның үстіне, қараңғы, ештеңе көрінбейтін кезде күйеуімді итермелеп алып келіп, тауып әкетті. Неге күндіз, жарық кезде? таппайды. Соған мен сенбей отырмын. Бұл тірлік әділ емес», - дейді күдіктінің жұбайы Саламат Сажекова. 

Марқұмның туыстары кінәлі адам жазасын алсын дейді. Тек істің әділ тергелгенін қалайды.

Талқылау