Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Геннадий Головкин: Ең танымал қазақстандық боксшының өмірбаяны
Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі бүкіл әлемге танымал қазақстандық былғары қолғап шебері, кәсіби боксшы Геннадий Головкиннің үлкен спортқа қашан және қалай келгенін, оның отбасы мен өмір жолы, мансабына тоқталып, чемпионымыздың өмірбаянын ұсынады.
Қазақстандық кәсіби боксшы Геннадий Геннадиевич Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында шахтердің отбасында дүниеге келген.
Геннадий Головкиннің мектеп кезіндегі суреті
Әкесі Геннадий Иванович өмір бойы шахтада істеп, бүкіл ғұмырын отбасы мен қызметіне арнады. Мансабын кен игеру шеберінен бастап, Қарағанды карьерінің бас инженері ретінде аяқтады. Головкиннің әкесі 2014 жылдың ақпанында дүниеден өзды.
Геннадий ата-анасымен
Анасы Елизавета Сергеевна химиялық зертханада лаборант болып жұмыс істеді. Сондай-ақ, Геннадийдің Максим есімді егіз бауыры бар. Головкиннің тағы екі бауыры болған, бірақ олар әскерде белгісіз жағдайда қайтыс болып кеткен. Вадим есімді ағасы 1990 жылы, ал Сергей 1994 жылы қайтыс болды.
Геннадий Головкин сыңары Максим Головкинмен
Геннадий мен сыңары Максим боксқа алғаш рет 8 жасында бірге барды. Олар №1 Қарағанды кәсіптік училищесінде жаттықты. Ал олардың алғашқы жаттықтырушысы Виктор Дмитриев болды.
«Гендос пен оның ағасы Максим бәрінен алға шығып, ерекшеленіп тұрды. Екеуі де рухшыл, алға қойған мақсаттарынан қайтпайтын еңбекқор. Алғашқы екі-үш жыл бойы мен оларды рингке мүлде жібермедім. Тек тактикалық жаттығу және дене тәрбиесімен айналысты. Олар футбол, баскетбол және басқа да түрлі ойындарды ойнады. Үш жылдан кейін, екеуі ержеткен кезде мен оларды жастар арасында өткен ұлттық чемпионатқа алып бардым. Сонда олар нағыз боксерлық шеберлік көрсетті. Барлығы таңғалып, менен: «Оларды қайдан алдың?» деп сұрай бастады. Ал, мен болсам «Қайдан болушы еді, Майқұдықтан» деп жауап бердім. Сосын біз арты-артынан шыңдарды бағындыра бастадық»,- дейді Головкиннің алғашқы жаттықтырушысы.
Геннадий Головкин сыңары Максим Головкинмен
Головкин бала кезінде үнемі бауырымен бірге жүретін. Олар бір сыныпта оқып, бірге бокспен айналысып, бірдей салмақ санатында өнер көрсетті. Бірақ, олар спорт жарыстарында ешқашан бір-біріне қарсы айқасқан емес.
«Ұлдарым өте тату, әрқашан бір-бірін қолдап отырады. Геннадий ешқашан бауырына қарсы рингке шыққан емес. Егер оларға бір-бірімен айқасқа түсуге тура келсе, онда олардың біреуі ұрыс алаңынан шығарылып отырды», – дейді Головкиннің анасы.
Максим Головкин де жақсы боксшы, ол Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. Бірақ 2004 жылғы олимпиадаға іріктеу кезінде ағасына қарсы рингке шығудан бас тартты. Кейіннен Максим Геннадийдің командасында жұмыс істей бастап, оған айқасқа дайындалуға көмектесіп жүрді.
Геннадий Головкин Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі кафедрасын бітірді.
Геннадий әуесқой бокстағы алғашқы ресми айқасын 11 жасында аймақтық турнирде өткізді. Онда оған өзінен 2-4 жас үлкен спортшыларға қарсы шығуға тура келді, бірақ соңында ол осы жарыстарда жеңімпаз атанды.
2000 жылы Геннадий Будапешттегі екінші салмақ дәрежесінде өткен әлем чемпионатын жеңіп алды. 2001 жылы ол Шығыс Азия ойындарының финалында Дэниел Гилді (15-3) жеңіп, жеңіске жетті. Сондай-ақ, 2002 жылы Астана қаласында өткен командалық әлем кубогының Қазақстан құрамасының күміс жүлдегері атанды. Головкин турнирдегі төрт жекпе-жектің бәрінде жеңіп, жеңімпаз атанған. 2002 жылы Геннадий Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
Ал 2003 жылы Бангкокта өткен әлем чемпионатында ресейлік Матвей Коробовты жеңіп, одан кейін болашақ әлем чемпионы, танымал ирландиялық боксшы Энди Лиді жеңіп, кейіннен тағы бір болашақ әлем чемпионы румыниялық Ричард Личиан Бутені нокауқа құлатып, жеңімпаз атанды. Содан кейін 1/2 финалында кубалық Йорданис Деспагононды жеңіп, ақтық сайыста Украинаның боксшысы Алексей Машкинді нокаутпен жеңді. Сонымен бірте 2004 жылы Филиппиннің Пуэрто-Принсесе қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медальді жеңіп алды.
Геннадий Головкин кәсіби бокста
Отандасымыз кәсіби бокста алғаш рет орташа салмақпен (72 келіге дейін) 2006 жылы айқасқа шықты. Ол алғашқы сегіз шайқаста да қарсыласын уақытынан бұрын тізе бүктіріп, жеңіске жетті. 2007 жылдың қыркүйегінде француз боксшысы Мехди Боудламен (11-1) кездесіп, оны ұпай саны бойынша жеңді. 2008 жылдың сәуірінде Иан Гарднерді (20-3) жеңіп, дәл сол жылдың қараша айында неміс спортшысы Малик Дзиарр (29-3) екінші раундта күресті жалғастырудан бас тартып, Головкин жеңімпаз атанды.
Геннадий 2007 жылдың 7 шілдесінде (07.07.07) шаңырақ көтерді. Ол сүйіктісімен жеті жыл кездескен. Головкиннің жүрегін жаулаған Алина Қарағанды қаласының тумасы. Оның екі жоғары білімі бар және екі шет тілін еркін меңгерген.
Бірақ, Алина мансабын емес, отбасын бірінші орынға қойған жан. Ол өмірін күйеуі мен отбасына арнады.
2009 жылы ерлі-зайыптылар ұлды болды. Головкин ұлының есімін әскерде қайтыс болған ағасының құрметіне Вадим деп атады.
Геннадий Головкин ұлы Вадиммен
Алайда, Вадим әкесінің жолын қуып боксшы емес, хоккейші болуды армандайтын көрінеді. Себебі, бала әзірден хоккейге қатысады. Ал 2017 жылы 9 қыркүйекте Головкин қызды болып, екінші рет әке атанды.
Геннадий Головкин отбасымен
Головкин 2009 жылдың 11 шілдесінде алғаш рет 12 раундтық айқасқа шықты. Ол WBO-дің интерконтиненталь чемпионы атағы үшін өткен күресте бразилиялық Джон Андерсон Карвальоны екінші раундта нокаутқа түсірді.
Головкин 2010 жылы желтоқсанда WBA-ның тұрақты әлем чемпионы атағын қорғау үшін панамалық боксшы Нельсон Хулио Тапиямен айқасқа шығып, оны үшінші раундта нокаутқа құлатты. 2011 жылы Головкин Лахуан Саймон мен Кассимма Оумды жеңіп, бір емес екі рет өз атағын қорғап шықты.
Сонымен қатар, Головкин Саймонмен болған шайқаста бос тұрған IBO әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
2012 жылдың қараша айының соңында WBA суперчемпионы Даниэл Гил қазақстандық боксшымен айқасудан бас тартқандықтан, Геннадий Головкин WBA чемпионы атанды.
2013 жылдың наурыз айында Головкин HBO каналының «Гатти тізімі» деп аталатын, ең танымал жауынгерлердің тізіміне кірді. Головкин кәсіптік мансаабында әлемнің ең танымал, мықты боксшыларымен жекпе-жекке шығып, әрдайым өзінің чемпион екенін дәлелдеп келді.
Ал 2013 жылдың қорытындысы бойынша Головкин салмақ дәрежесіне қарамастан, жылдың үздік боксшысы деп танылды. Сондай-ақ, 2014 жылдың маусым айында Головкин WBA нұсқасының супер-чемпионы атанды.
2016 жылдың 18 мамырында Сауль Альварес WBC әлем чемпионы атағынан бас тартып, Геннадий Головкин осы нұсқадағы жалғыз чемпион деп танылды.
2017 жылы 16 қыркүйекте Геннадий Головкин мексикалық боксшы Саул Альвареспьен 12 раундтық кездесу өткізді. Алайда, бұл жекпе-жекте төрешілер екі боксшы да тең түсті деген шешім жасап, маңызды бокс кешінің жеңімпазын анықтамады. Ал Головкин орта салмақтағы дүниежүзілік бокс ассоциациясының (WBA «супер»), халықаралық бокс федерациясының (IBF) және бүкіләлемдік бокс федерациясының (WBC) әлем чемпионы атағын қорғап қалды.
2018 жылы 5 мамырда Головкин АҚШ-тың Калифорния штатындағы Карсон қаласында армян-америкалық боксшы Ванес Мартиросянды нокаутқа құлатып, өз атағын сақтап қалды. Головкин осы кездесуде WBA атағын 19-ші рет , ал IBO дәрежесін 17-і және WBC нұсқасындағы әлем чемпионы атағын төртінші рет қорғап шықты.
2018 жылдың ақпан айында Головкин «Жыл бокшысы» номинациясында «Бокс аңызы» сыйлығының лауреаты атанды.
Головкин 2018 жылы 6 маусымда украиналық Сергей Деревянченкомен міндетті жекпе-жек өткізуден бас тартқандықтан, IBF-нің орташа салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы атағынан айырылды.
Ал 2018 жылдың 6 маусымында отандасымыз беделді «The Ring» журналының нұсқасы бойынша pound-for-pound чемпиондық белбеуін иемденді.
2018 жылы 19 маусымда Геннадий Головкин Лос-Анджелесте P4P рейтингісінің көшбасшысы атанып, салмақ санатына қарамастан «The Ring» журналының үздік боксшы белбеуін алды.
Ал, 2018 жылдың 15 қыркүйегінде Головкин Сауль Альвареспен екіші рет жек-жекке шығып, алғаш рет жеңіліс тауып, барлық атағынан айырылды. Бұл айқаста Сауль Альварес Геннадий Головкинді көптеген төрешілердің шешімі бойынша ғана жеңді. Осылайша, қазақстандық чемпион кәсіби мансабында алғаш рет жеңіліске ұшырады.
Айта кетейік, отандасымыз алғаш рет жеңіліс тапса да әлемдік чемпиондардың көпшілігі Головкинмен жекпе-жекке шығуды әлі де үлкен мәртебе санайды. Ал, отандастарымыз бен спортшының әлемдік жанкүйерлері де Головкинге үлкен қолдау көрсетіп, оның әлем чемпион екенін әрдайым есіне салуда.