Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Газ мәселесін шешуге уәде берген: Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев туралы не білеміз

Мәжіліс Мағзұм Мырзағалиевтің экология және табиғи ресурстар министрі кандидатурасын мақұлдады. Су жаңа экология министрі жайлы ақпараттарды Stan.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады.

Мағзұм Мырзағалиев

Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев 1978 жылы 7 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. 1999 жылы экономист мамандығы бойынша "Тұран" университетін тәмамдаған. Халықаралық қатынастар бағыты бойынша Еуразия Ұлттық университетінің димломатиялық академиясында білім алған. Сонымен қатар, Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінің "Мұнай газ өндіру орындарын өңдеу" мамандығы бойынша оқуын жалғастырған.

Тенгиз және Батыс Сібірде алғашқы еңбек жолын бастап, АҚШ пен Малайзияда іс-тәжірибеден өткен. 2004-2007 жылдары MI Drilling Fluids International компаниясының Ақтау қалалық филиалының басшысының өндірісі бойынша менеджері қызметін атқарады. Бірнеше жыл бойы "Тениз Сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы болып жұмыс істеген.

2010-2012 жылдар ішінде "НК "Қаз Мұнай Газ" басқарушы директоры, даму және сервисті бағдарламалау бойынша басшының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.

2013 жылдан мұнай және газ вице-министрі, 2014 жылдан экология вице-министрі орнында отырған.

2014 жылы ақтөбелік жас миллионер Марат Әбиев ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевті шешім қабылдай алмайтындығы үшін айыптаған. Қазақстан заңнамасын жиі бұзатын жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл салу туралы кәсіпкердің ұсынысына вице-министр жауап қатпаған болатын.

Сонымен қатар, қазіргі экология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев АЭС салу жайлы пікір білдіріп, бұл мәселе кеше ғана көтерілген мәселе емес екенін айтқан. Қоғамда ұзақ уақыттан бері талқыланып, зерттеліп келген мәселеге қатысты қазақстандықтардың пікірі міндетті түрде ескерілетінін жеткізген.

Энергетика вице-министрі болған кезінде Мырзағалиев Қазақстанның мұнайды еш кедергісіз экспорттай алатынын айтып мақтанған. Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірін газбен қамту мәселесін көтеріп, Түркістан облысындағы газ мәселесін шешіп беруге уәде берген. Уәде беруін беріп алып,  еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуді жалпы құны – 370 млрд теңге болатынын алға тартқан болатын.

Мағзұм Мырзағалиев АЭС құрылысы туралы айтып, міндетті түрде қазақстандықтардың пікірі ескерілетінін жеткізген-ді. 

ҚР Энергетика вице-министрі мұнай, кен өндіру ісіндегі жоспарларын да бөліскен болатын. Ол Қашағаннан 12 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отырғанын айтты. 

"Әрине, бұл нәрсемен ғана шектеліп қалмаймыз. Біз кен орнын өңдеудің бастапқы кезеңдерінде жүрміз. Кен орнының мүмкіндіктерін кеңейткен соң, Қашағаннан мұнай өндіру көлемін арттыруға көшеміз. Аталған кен орнының болашағы зор", - деді Мағзұм Мырзағалиев. 

Сондай-ақ, ол мемлекетіміздің мұнайды еш кедергісіз шетелге шығара алатынын жеткізді. 

"Бізде экспортты жөнелтетін жерлер бар. Қашаған мұнайы Каспий құбыр желісі консорциумы бойынша, Қара теңізге бен әлемдік нарыққа жеткізіледі. Сондай-ақ, Каспий бағытын дамытуға қатысты арнайы жоспар құрып отырмыз. Бұдан өзге Ақтау теңіз, Құрық порттары арқылы Баку, Махачкалаға тасымалдауға мүмкіндігіміз бар. Еліміздің энергия ресурстарын экспорттауда ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпыз", - деді энергетика вице-министрі. 

Ал АЭС құрылысына қатысты бұл мәселенің көптен бері зерттеліп келе жатқанына тоқталды. 

"Бұл мәселе кеше ғана көтерілген жоқ. Қоғамымызда ұзақ уақыттан бері талқыланып, зерттеліп келеді. Осы нәрсеге қатысты қазақстандықтардың пікірі міндетті түрде ескерілетін болады. Сондай-ақ, аудандар әртүрлі себеппен зерделенетін болады. Бұл Алматы облысы Үлкен ауылындағы Курчатов алаңында қарастырылады", - деді ол. 

Бұдан өзге ол елде 2020 жылы жаңартылған энергия көзінің жалпы үлесін 3 пайызға, 2030 жылға қарай 10 пайызға арттыру көзделгені туралы айтып өткен болатын. 

"Бұл жүйе жаңартылатын энергия көздерінің ең тиімді жобаларын дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Осыған сәйкес, аукциондық сессия кезінде барлығын білетін боласыздар. Жалпы 2018 жылы аукционға қуаттылығы 1 гигаватт жаңартылатын энергия көздері қойылады. Аукционда жел энергиясына бастапқы баға 22 теңге 68 тиыннан 17 теңге, 49 теңгеге төмендегенін айта кету керек", - деді ол. 

Естеріңізге сала кетсек, мәжілістің бірауыздан Мағзұм Мырзағалиевтің кандидатурасын қолдағаны туралы хабарлаған болатынбыз. 

Талқылау