Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғаламшардағы ең ерекше 7 табиғи құбылыс (фото)

Аустралиядағы алқызыл көл, Антарктикадағы күрең қызыл сарқырама, Мексикадағы жұмбаққа толы жағажай мен тастары қозғалатын америкалық алқапты әлемдегі ең ғажап орындар деуге болады.

_90900750_bizarre5

Аспанмен тілдескен таулар мен күн сәулесімен құбылатын теңіз сулары қашан да саяхатшылардың назарын тартады. Алайда табиғаттың мұнан өзге де тосын сыйлары бар.

Төменде баяндалатын 7 мекеннің қай-қайсы да табиғат-ана құшағындағы тамаша көріністер.

Қатқан метан көпіршіктері (Канада)

_90900666_bizarre2

Олар тылсым құбылыс тәрізді көрінеді. Құдды суға құлап, қатып қалған ұшатын табақшалар сияқты. Немесе мұзға оранған көне медузалар дерсің.

Шындығында бұл мұз дөңгелектері қатып қалған метан көпіршіктерінен тұрады. Олар су астында қатып, ерекше көрініс тудырады.

Мұндай көпіршіктерді қыс түскенде солтүстік ендіктерде орналасқан көлдерден көруге болады. Мысалы, канадалық Альберта провинциясындағы Абрахам көлі.

Олар суға түскен құрғақ жапырақтар, шөптер мен жануарлар батып, метан бөлетін бактерияларға қорек болғанда пайда болады.

Газ қатқан сумен әсерге түскенде ондаған мың аппақ мұз дискіне айналатын көпіршіктер түрінде бөлінеді.

Бұл ғаламат әрі қауіпті көрініс. Себебі жылы газ ғаламшардағы жылымыққа ғана сеп болып қоймай, оңай тұтанғыш болып табылады.

Көктемде мұз ери бастап, мұз құрсауынан босаған метан көпіршіктері жарылып, быжылдайды. Алайда осы төңіректе әлдекім сіріңке шырпысын тұтатуды ойға салса, метан массасының барлығы жанып, алапат жарылыс орын алады.

Әуесқой саяхатшылар аталған газ ғаламатына канадалық Банф ұлттық саябағындағы көлдерден не Солтүстік Мұзды мұхит жағалауының Сібір жағынан куә бола алады. Бұл төңіректен ғалымдар диаметрі 900 метрді құрайтын үлкен газ көпіршіктерін байқаған.

Қанды сарқырама (Антарктика)

_90900668_bizarre3

Бұл табиғаттағы ғажайып құбылыстың атауы-ақ бәрін айтып тұрғандай. Антарктиканың шығысындағы Мак-Мердо Құрғақ алқаптарында орналасқан қанды сарқырама баяу аққан күрең қан бұлағы сынды көрінеді. Әрі ол аппақ Тейлор мұздығы мен сарқырама құлайтын Бонни көлін қанға бояғандай.

Тосын әрі қорқынышты көрініс! Алайда жүрегіңді тітіркентетін тамышлар қан емес. Және Антарктиканы алғаш зерттеушілер бастапқыда топшылағандай, қызыл балдырлармен боялған су да емес.

Шын мәнісінде жұмбақтың шешімі өте тұзды мұзасты көліндегі жосада жатыр.

Шамамен екі миллион жыл бұрын өте тұзды су Тейлор мұздығымен жабылып, жарықсыз, оттегісіз, жылусыз қалған. Мұздағы жарықты өткен су ауадағы оттегімен әрекетке түсіп, бұл ғажайып сарқырама тат түсін алады.

Бұл саяхатшылар үшін де, ғалымдар үшін де нағыз ғажайып құбылыс. Америкалық антарктикалық Мак-Мердо станциясынан, Скотт жаңа зеландиялық зерттеу станциясынан тек тікұшақпен не Росса теңізінен круизді кеме арқылы жетуге болатын Тейлор мұздығы – мұндай таңданарлық құбылысты бақылауға болатын әлемдегі жалғыз табиғат туындысы.

Қозғалатын тастар (АҚШ)

_90900670_bizarre4

Саяхатшылар «Өлім алқабы» калифорниялық ұлттық саябағындағы құрғап қалған Рейстрэк-Плайя көлінің түбінде артында із қалдыра қозғалған оншақты тасты байқағанда, ғалымдар тығырыққа тірелген-ді.

Кейбірінің салмағы 300 килограммды құрайтын үлкен тастар саябақтың бұл оқшау бөлігінен тұтастай 250 метрге қалай жылжығанының өзі таңданыс тудырады.

Бұл құбылыс кей із жолдарының қисық, кейбірінің түзу екенін есепке алғанда, одан әрі тылсым сиапт ала түседі.

Бұл жұмбақтың артында тұрған не нәрсе? Оның себебін түсіндіру үшін көптеген тұжырым алға тартылды: олардың басымагнит өрісі мен құмды құйыннан басталып, әзілқойлардың, тіпті бөтен ғаламшарлықтардың араласуына дейін жалғасады.

Жұмбақтың шешімін табу тек ауада қалқу және ғарыш кеңістігін зерттеу бойынша АҚШ Ұлттық басқармасының ғылыми қызметкері Ральф Лоренцтің еншісіне бұйырған еді.

Ол 2006 жылы қозғалатын тастардың әрекетін түсіндіру үшін, пластик контейнерге 2,5 сантиметр болатындай су құйып, оған кішігірім тасты қатыру арқылы тылсым құбылыстың моделін жасады. Осы арқылы тастардың құпия қозғалысы түсіндірілген-ді.

Қыста Рейстрэк-Плайя суға толып, түбінде шашылып жатқан тастар мұз болып қалады. Мұз қалқымалылығының жоғары екенін есепке алғанда, қатып қалған тастар батпақты көл түбінде із қалдыра қозғалу үшін самал желдің өзі жеткілікті.

Күн жыли бастағанда мұз еріп, су буланады. Ал жерде тек тастар мен олардың жұмбақ ізі ғана қалады.

Мұндай қозғалатын тастарды бірнеше жерден көруге болады. Олардың қатарында америкалық Невада штатындағы Литтл-Бонни-Клер-Плайя бар. Десе де ең танымалдары Өлім алқабында жатыр.

Кавах Иджен көлі (Индонезия)

_90900672_bizarre5

Саяхатшылар индонезиялық Ява аралына ғажайып Кавах Иджен жанартауын көру үшін жердің түкпір-түкпірінен ағылады. Алайда олар кенеттен тағы бір ғажап құбылысқа куә болады: жанартау төбесінен көгілдір немесе жасыл ақық түсті өзен ағып жатыр.

Диаметрі километрді құрайтын өзенді қоршап жатқан лимон түстес тастар мен ақ газ ағысы таңданысыңызды үдете түседі.

Бұл ерекше көріністі тудыратын жалғыз элемент – күкірт. Жанартау астында орналасқан көлге жанартау ошағынан күкіртті газдар түседі. Металлдардың концентрациялы ерітіндісімен әрекетке түскен газдар суға жасыл-көгілдір түс береді.

Сонымен қатар газдардың арқасында Иджен кратерлі көлі әлемдегі ең үлкен қышқылды көл болып саналады.

Осынау жанартау ошағынан ыстық бастаулар арқылы күкіртті газ сыртқа шығып, көл үстінде тұрады. Газ конденсацияға ұшырап, жерге түскенде көлді қоршаған тастарды сары түске бояйды.

Бұл құбылыс түнде ерекше сипат алады. Күкіртті газдар атындысы ауамен әсерлескенде ашық көгілдір түспен тұтанады.

Жүрегі түкті саяхатшылар ғаламат әрі қауіпті көлмен жақыннан танысу үшін кратерге қарай үш сағаттық жаяу серуенге шыға алады.

Жасырын жағажай (Мексика)

_90900674_bizarre6

Кез-келген саяхатшының арманы – күн де, көлеңке де түсетін, мөлдір сулы, жұрт көзінен тасаланған жағажай. Бұл арман Жасырын жағажай атауымен танымал Плайя-дель-Амор жағажайында орындалады. Ол мексикалық жағалауларға жақын Марьета аралдарының бірінде орналасқан.

Бір қызығы, бұл кішкентай сиқырлы мекен бомба жарылысының салдарынан пайда болған деген пікір бар.

1900 жылдардың басында Мексика Марьетаның елсіз аралдарында бомба сынағын жасаған. Нәтижесінде аралдардың бірінің бетінде үңірейген шұңқыр пайда болды.

Уақыт өте келе көтерілген су мұнда құм мен су ағызып әкеліп, жасырын жұмақ бұрышын жасады. Жалғыздқты ұнататын саяхатшылар мұнда жұрт көзінен таса суға түсіп, күнге қздырынып, қайықпен жүзеді.

Плайя-дель-Амор, яғни аудармасында «Махаббат жағажайы» сырт көзге байқалмайды. Мұнда жету үшін жағажайды мұхитпен байланыстыратын, ұзындығы 24 метрді құрайтын тоннельмен жүріп өту қажет.

Хиллер алқызыл өзені (Аустралия)

_90900746_bizarre7

Сирек кездесетін бұл құбылысты көру үшін Батыс Аустралияға ең болмаса бір рет жол тартуға болады. Жайқалған ормандар арасында, оңтүстік мұхиттың қара-көк түсті сулары қоршауында алқызыл өзендер тізбегі жасырылған.

Олардың ең әйгілілерінің бірі – Батыс Аустралияның оңтүстік жағалауы маңындағы Решерш архипелагының Орта аралының шетінде 600 метрге созылып жатқан Хиллер өзені.

Өзеннің ерекше түсінің нендей себепке байланыстылығын әлі күнге дейін ешкім түсіндіре алмаған.

Болжалданған себептерінің арасында бета-каротин қызғылт бояуының көп мөлшерін жинай алатын жасыл балдырлар, көптеп жинақталғанда қызыл болып көрінетін галобактериялардың болуы не алқызыл артемийдің жоғары концентрациясы бар.

Көптеген саяхатшы хиллер өзенінің ғаламат түсіне ұшақ немесе тікұшақтан тәнті болады. Ал жерде саяхаттауды жөн көретіндер үшін қосымша ойын-сауық түрі ойластырылған. Өзен суы өте тұзды болғанымен, улы емес. Сондықтан су киімін ала барып, суға түсу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз. Су бетінде тығын тәрізді қалқитыныңыз анық.

«Мыстан шеңберлері» (Намибия)

_90900748_bizarre8

Намиб шөлінің қуаң топырағында өскен шөптен айрықша құбылысты байқай аласыз: диаметрі 2-ден 15 метрге дейін баратын дөңгелек тақырлар 2 500 километр аумақта жиі орналасқан.

«Мыстан шеңберлері» деп аталатын бұл тақыр жер телімі алып күйе көбелек жеген шөп кілемі сынды бүкіл шөлді алып жатыр.

Бұл шеңберлердің пайда болу себебін бүгінгі күнге дейін ешкім түсіндіре алмағандықтан, олар жұмбақ құбылыс болып көрінеді. Десе де аумақта ешқандай кемшілік жоқ.

Ғалымдар бұл аумақ топырағы радиацияға ұшыраған не қандайда бір өсімдік бөлетін улар маңайдағы өсімдіктерге зиян тигізуде деп топшылайды.

Тағы бір себебін аумақтағы ресурстардың бәсекелестігімен түсіндіреді. Шөлді аймақтың қатқыл климаты өсімдіктерді су мен қоректік заттар үшін күресуге мәжбүрлейді. Нәтижесінде әлсіз өсімдіктер жойылып, күштіректері өсе береді. Ал жасыл жабын түрлі пішінде өздігінен қалыптасады.

Не де болса, бұл құбылыстардың айрықша әсемдігіне қарап тұрып, жергілікті халықтың «мыстан шеңберлерін» құдайлар ізі деп сенетін тұжырымына еріксіз келісесіз.

Талқылау