Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Футболдан ӘЧ кезінде Германия құрамасы үшін бәс тіккен алматылық 13 миллион теңгесінен айырылған

Ресейде өткен футболдан әлем біріншілігінде бәс тіккен қазақстандықтар миллиондаған ақшасынан айырылған. Есесіне букмекерлік кеңселер доп додасында миллиардттаған табысқа кенеліпті. Олардың ішінде заңсыз жұмыс істегендері де табылып, оларды мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары анықтаған. Десек те, мұндай кеңселерді байытып жүрген отандастарымыз екені анық.

Футболдан ӘЧ кезінде Германия құрамасы үшін бәс тіккен алматылық 13 миллион теңгесінен айырылған

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Доп додасы кезінде букмекерлік кеңселерге бар жалақысын, одан қалды жиған тергенін бір-ақ салып жібергендер көп. Мәселен, Алматыда бір футбол фанаты немістерді кем дегенде жартылай финалға шығады деп, бәс тігіп 13 миллион 500 мың теңгесінен қағылды.

Букмекерлік кеңсенің теледидарын сындырғанмен ұтылған ақшаң қайтпайды. Жеңіліп қалған қаржымды қайтарам деп қайта бәс қоясың. Дегенмен одан жолың болуы екіталай. Былтыр белгілі қазақстандық Ютубер жігіттер 10 миллион теңгесін Ювентус чемпиондар лигасын жеңеді деп ұтылған еді. Осыдан соң олар биыл , Генадий Головкин Алвареспен тең ойнағанда GGG жеңеді деп көлігін бәске тікті.

Алайда бәс тігіп, қалтасын қалыңдатып жүргендер де бар. Кеше ғана аяқталған әлем чемпионатындағы финалдық матчтың есебін дәл тапқан Алматы тұрғыны мың теңге қойып, 135 мың теңге ұтып алған. Бірақ, мұндай сәттілік серік болатындардың саны тым аз.

Жақында ғана Талдықорғандағы букмекерлік кеңселердің бірінде жұмыс жасаған 19 жастағы бойжеткен жұмбақ жағдайда мерт болды. Тергеу мәліметінше, Айдана Құрманғалиева  кассадағы 98 мың теңгені бәске қойып, ұтылып қалған. Тығырықтан шығудың жолын таппаған соң биіктен секіріп, өз өзіне қол салған көрінеді.

«Қолда бар мәліметтерге сай, марқұм өзіне қол салуы мүмкін деген болжам бар. Қозғалған істе дәл осы нұсқаға итермелейтін айғақтар жетерлік. Бұл оқиғаға байланысты қажетті сараптамалар тағайындалды. Барлық нұсқалар ескеріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын айтқым келеді» – дейді Алматы облыстық ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Назаров.

Жалпы, 2016 жылы қазақстандықтар құмар ойындары мен бәс тігуге 21,9 миллиард теңге жұмсапты. Осыдан-ақ букмекерлік кеңселердің табысын бағамдай беріңіз. Ал баспанасы мен көлігінен айырылып, артынша отбасы мүшелерін бәске тігетіндер туралы ақпарат құралдарында тым көп айтылады. Бұл құмар ойынға құмартқандарды психологтар «ауру» дейді екен. Бір қорқыныштысы оның емі әлі табылған.

«Бізде МКБОН деген бар. «Аурулардың халықаралық классификациясы». Соның ішінде: алкоголь, есірткі, осы құмарлық бар. Мұның барлығы ауруға жатқызылады. Сол себептен оның емдеу түрі, оның ену фактіріне байланысты болып келеді. Мәселен маған келген адамдардың арасында 10-20 жыл құмар ойнап жүрген кісілер бар. Оларды бір кеңестен көмектесу деген мүмкін емес» – дейді психолог Ақгүл Молдабекова.

Ал Асыл дініміз Ислам да бәс тігуді құптаған емес. Тіпті құмар ойынды харам деп санайтынын мүйізі қарағайдай дін мамандары талмастан айтып келеді.

«Адам әдет қылып алғаннан кейін өзінің жанұясын ұятқа қалдырады, қоғамға, барлығына кесірі тиеді. Содан сақталу себепті, оған мүлдем жоламау керек. Яғни ол үлкен күнәлардың қатарынан болғаннан кейін ол шынайы тәубе етумен кешіріледі» – дейді Әзірет Сұлтан мешіті Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Мұхамедияр Ыбырайұлы.

Биылғы жарты жылдықта Алматыда 200-ден астам бәс тігетін орталық қала қазынасына 7 миллиард теңге салық төлеген. Қазір қалада заңсыз жұмыс істеген 15 букмекерлік кеңсе анықталып, оның екеуіне 1 миллион теңгеден айыппұл салыныпты. Бірақ кеңселер жазалағанмен,қоғамды құрдымға жіберетін құмар ойындарға құмартқандардың саны азаяр емес.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау