Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Есік қысып қалған: Талдықорғанда автобусқа кіріп бара жатқан қыз аяғынан айырыла жаздады
Талдықорғанда 11 жасар Ксения автобус жүргізушісі үшін аяғынан айырылып қала жаздады. Жүргізушіге шағымданған анасы осылай дейді. Оның сөзінше, қызы автобусқа кіріп бара жатқан кезде есік жабылып, қысылып қалған. Сол кезде қоғамдық көлік жүріп кетіп, Ксения жерге құлаған.
Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Абырой болғанда, Ксения автобустың қысып қалған есігінен өзі босап шығып үлгерген. Әйтпесе оқиғаның соңы қайғылы жағдайға ұласар ме еді.
Ксенияның айтуынша, оқиға №5 бағытта жүретін автобуста орын алған.
«Мен автобусқа кіріп бара жатып, есіктердің жабыла бастағанын сездім. Бірден шығып кетуге тырысып, жолдың шетіне құлап, сырғанап кеттім. Сол кезде аяғым автобустың дөңгелегіне соғылды. Ал автобус кетіп қалды», – дейді ол.
Қыздың анасы Юлияның сөзінше, ол полицияға шағымданыпты. Алайда оған ешкім жауап бере қоймаған. Мұнан кейін әйел автобустың жүргізушісін іздеп тауып, сөйлескен екен. Өз кезегінде жүргізуші қыздың автобустан құлап қалғанын көрмегенін айтыпты. Алайда Юлия жүргізушінің бейқамдығына және асыққанына сенімді.
Ал автопарктегілердің айтқан нұсқасы басқа. Атқарушы директор Виктория Касенконың сөзінше, оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізілген.
Жүргізуші түсініктеме жазып, мұндай оқиғаның болмағанын айтқан. Жұмыс орнындағылардың оған берген мінездемесінде де жағымсыз ештеңе жоқ. Жолаушылардың тарапынан да шағым түспепті.
Десе де 11 жасар қыздың анасы жергілікті биліктен бұл мәселеге назар аударуын сұрап отыр.