Ержан Максим: Бірінші орын алсам, мені мақтаған соң ұмытып кетер еді
Қазақстандық жас әнші Ержан Максим ресейлік "Голос. Дети" жобасының қорытындысы туралы өз ойын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
"Жоқ, бірінші орын алмағаныма ренжімеймін. Бір жағынан бұл жақсы. Бірінші орын алғанымда мені мақтап-мақтап, ұмытар еді. Ал енді мені бәрі мақтап жатыр, әлеуметтік желідегі жазылушыларымның саны артты", - деді жас әнші.
Ержанның анасы Гүлмира Әлібек байқау қорытындысы туралы "халық өзі осы сұраққа жауап берді" деді.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жас әншіге iPad сыйлады.
"Жақында ғана Данэлия Тулешованың The World's Best шоуында көрсеткен тамаша өнерінің куәсі болдық. Димаш Құдайберген финалға шықса да, Данэлияға жол берді. Мұндай жетістіктеріміз жетерлік. Жалғасы ретінде ресейлік "Голос. Дети" жобасында жүлделі орын алған Ержанды айтуға болады. Бұл үлкен жетістік. Осыған дейін жастарымыз осындай жобаларға қатысса да, финалға жете алмаған еді", - деді министр.
Естеріңізге сала кетсек, 27 сәуір күні "Голос. Дети" байқауының 6-маусымының жеңімпазы анықталды. 1-орын әнші Алсудың қызына бұйырғанымен, көптеген танымал жұлдыз қазақстандықтың осы орынға лайық болғанын жарыса жазды.