Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді ҰБТ-ны үйде отырып та тапсыра беруге болады

ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев талапкерлер тапсыратын ҰБТ-ны қараламауға шақырды. Министрдің айтуынша, бұл әр оқушы жыл сайын тапсыратын қалыпты емтихан ғана.

1612709

Фото: Алексей Мальгавко

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.

Жаңадан енгізілген нормаға сәйкес биыл мектептерде мемлекеттік емтихандар форматында қорытынды аттестация жүргізіліп, ЖОО-на түсу емтиханы ретінде Бірыңғай ұлттық тестілеу тапсырылатын болады. 2017 жылы түлектер үшін қорытынды аттестация барлық мектептерде 1-10 маусым аралығында, ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өткізілмек.

Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, “екі емтиханға байланысты оқушылардың мойнындағы жүгі артып, үлкен психологиялық күйзеліске ұшырауда”.

“Мектеп бітіру емтиханын қаралаудың қажеті жоқ. Мектеп оқушылары оны жыл сайын, тіпті кейбіреулері тоқсан сайын тапсырады. Бұл стандартты емтихан, жылма-жыл тапсырып жүрген оқушы оған әбден бейімделген”, — деді Сағадиев мәжілістегі үкімет сағатында.

Оның сөзіне сүйенсек, ҰБТ тапсырмалары бірқатар жеңілдетіліп, 1/5 бөлігіне ғана өзгертулер енгізілген.

“Негізінде ҰБТ-ны біраз өзгертіп, алдын ала дайындалуға болмайтын халықаралық емтихандар деңгейіне жеткізуге тиіспіз. Сіз айтып отырғандай, баланың 11 жыл бойы ҰБТ-ға дайындалуы дұрыс емес. Олар ҰБТ-ға дайындалмай, білім алуы керек. Болашақта емтихандарға енгізілетін жаңа стандарттар бойынша, түлектер сынаққа алдын ала дайындала алмайтын болады, оны тапсыру үшін 11 жыл бойы жақсылап оқуы керек болады”, — деді Сағадиев.

“ҰБТ байқау сынағын үйде отырып та тапсыруға болады. Біз POS-терминалдарын іске қостық, қазір банктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сонда бала үйде отырып ақысын төлеп, ҰБТ-ны онлайн тапсыра алады”, — деп қорытты ол.

Үкімет сағатында таратылған материалдарға сәйкес, байқау сынағын онлайн түрде сайтта тапсыруға болады.

Талқылау